Соңғы жылдары ата-бабадан мирас болып келе жатқан ана тіліміздің тазалығына аса мән бермей, тұныған лайлай бастағанымыз жасырын емес. Кеңестік кезеңде ақпарат құралдары тіл тазалына баса мән беруші еді. Ол уақытта қазіргідей ғаламтор мен ұялы байланыс болмады. Алыстағы туған-туыспен хат арқылы хабар алмасатын. Сол кездері хат жазушылардың арасында кейбір сөздердің дұрыс жазылуына күмән келтіргендері мерзімдік басылымдарға жүгінетін. Ол кездегі мерзімдік басылымдар қазақ тілінің жазылу емлесін сақтап, барлық ережені бұзбай жазатын.
Бүгінде бір сөздің өзін әр басылым әртүрлі жазып жүргеніне куә болып жүрміз. Мәселен, «жем-шөп» дегенді бір газет қосып жазса, енді бірі дефис арқылы жазады. «Жетіп артылады», «Кең байтақ» «Бейжай», сөздері де солай. ЖШС-ның дегенді бір басылымда ЖШС-нің, тағы бір газетте ЖШС-гінің деп жазылуда. Журналистер қауымы сөзді өз орнымен қолданып, әдеби жазба тілде жазуды меңгергендері абзал. Бұдан оншақты жыл бұрын осы мәселе қозғалғанда, ғалымдар латын әліпбиі енгізілген соң бәрі өз орнына келетініне сендірген болатын. Алайда оның ауылы алыстап бара жатқан секілді. Сонымен бірге журналистер қауымының арасында әдеби сөздің орнына жергілікті диалектілерді қолданатындардың да көбейіп келе жатқанын да айтпай кетпеске болмас.
Кейінгі шыққан фильмдерде және шетелдік телесериалдарда туыстық атаулардың өзін қате атап жатады. Режиссерлер мен дубляж жасаушылардың мұндай өрескел қателіктері кейінгі буын өкілдерін адастыратындықтары анық.
Осы күнгі жастардың тілінің әдеби тілден алшақтап барады. Олардың сөздік қорының аздығы мен қазақ тілінің дыбыс үндестігі сақтай бермейтіндігі анық аңғарылуда. Мектеп мұғалімдері де оқущылардың сөйлем құрай алмайтынына алаңдаушылық білдіруде. Сондай-ақ, ата-бабамыз ғасырлар бойы сақтап, бізге жеткізген сөз мұрасын жаргон сөздермен былғап, ана тілінің деңгейін төмендетіп жүр. Ол аздай қазақ тіліндегі сөздердің көпшілігін білмей, «Қазақта осындай сөз бар ма еді?» деп тұратындарына жиі куә болып жүрміз. Бұл – жастардың көркем әдебиет оқымайтындығы мен мерзімдік басылымдарға мүлде көз жүгіртпейтіндігінің анық көрінісі. Сонымен қатар аға-іні, әпке-сіңлі атауларын «брать», «сестра» десе, имандылыққа бет бұрғандар арабша атаумен атайтын болған. Оларға тоқтау салып, жөн сілтеп, бағыт-бағдар көрсететін орта жастағылар мен үлкен кісілер ұлдарын «сыня», қыздарын «доча» деп, немерелерімен орысша шүлдірлеседі. Мұны көргенде «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көрерсің» деген аталы сөз еріксіз ойға оралады. .
Тәуелсіздіктің арқасында қазақ даласына патша өкіметінің отарлық және кеңестік дәуірдің солақай саясаты салдарынан бұрмаланған, қолданыстан шығарылған көптеген сөздер қайта оралып, өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілгендей болып, мемлекеттік тілді дамытуға мүмкіндік жасалып, қолдау көрсетілуде. Өзге этнос өкілдері мемлекеттік тілді меңгеруге ықылас танытып, балаларын қазақ сыныптары мен балабақшаның қазақ тобына беруде. Олар мемлекеттік тілді насихаттауда. мемлекеттік тілді оқыту процесін және тілді қолданудың мәртебесін арттыру жолға қойылған. Аралас мектептердің өзінде кіріс-шығыс іс-қағаздары, педагогикалық кеңестің, директор жанындағы отырыстың, ата-аналар жиналысының хаттамалары, семинарлар, баяндау хаттар, анықтамалар, мәліметтер, сыныптан тыс іс- шаралар мемлекеттік тілде жүргзіледі. Осындай кезеңде халқымыздың ұлттық байлығы ана тіліміздің қадыр-қасиетін жоғалтпау қазақтығымызға сын болады. Сондықтан өз қаракөздеріміз тіл тазалығына баса мән беруі қажет.
«Ақша жоғалтсаң көп жоғалтқаның, дос жоғалтсаң көп жоғалтқаның, ал тіліңді жоғалтқаның бәрін жоғалтқаның» деп, данышпан Гете айтқандай, осылай кете берсек, болашақта тілімізді жоғалтып алу қаупі туындайды. Оның алдын алу үшін тезірек аталған мәселерді шешу бағытындағы нақты шараларды қолға алғанымыз жөн.
Айжарық Көптілеуов