Облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінің басшылары мен тілшілері Жамбыл ауданының Таңбалытас ауылына барды. Мақсат – газетіміздің 18 мамырдағы санында жарияланған «Газет оқу – мәдениеттің төресі» атты мақалада айтылғандай, оқырманмен кездесіп, ой өрбіту, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Оқитын ұлт» бастамасына байланысты Райымбек ауданы Текес ауылы жұртшылығының облыс тұрғындарына арнаған Үндеуіне үн қосу. Сапар барысында әсіресе шалғай жатқан елдімекен халқының тыныс-тіршілігін көріп, жан жадыратар жақсылығын жалпақ жұртқа паш етуді жөн көрдік.
Алдын ала хабарласқанымызда, ауыл әкімі осындағы бір зауытты өз көздеріңізбен көрсеңіздер деген өтінішін айтып қалған еді. Ол үшін жұмыс басталардың алдында сағат 8-ден кешікпей баруымыз керек. Қонаев қаласынан шыққан қос редактор мінген көлік тақтайдай тегіс жолмен Ұзынағашқа таңғы сағат 6-дан өте бере-ақ жетіп алды. Аудан орталығынан тағы 105 шақырымды еңсеріп, Жамбыл облысымен шектес жатқан кең жазықтағы Таңбалытас ауылына ерте келдік. Бұрынғы «Жартас» деп аталған кәсіпорын қазір «ҚазКер» өндірістік бірлестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болып өзгерген екен. Осы зауыттың қақпасынан кіруге үлкен жүк көліктері бірінің артынан бірі тізіліп кезекте тұр. Тауар алуға келгендер екенін пайымдап, қандай өнім өндіретінін білуге деген журналистік қызығушылығымызды арттырды. Арасында бірқатары шетелдік нөмірлі. Соған қарағанда өнімін экспортқа да шығаратынын аңғартқандай.
Үлкен жолдан жырақтағы елсіз дерлік иен далада былайғы жұртқа керекті бұл нендей дүние болды екен деген сұрақ көкейді тесіп барады. Елсіз дерлік деуіміздің себебі Алматы-Бішкек күрежолының оңтүстік жағында Үңгіртас, Беріктас, Ақтерек сияқты округ орталықтарымен қоса бірнеше ауыл орналасса, теріскей жағында елдімекен өте сирек. Үлкен жолдан осылай бұрылғаннан кейін жолай Шилібастау бекеті ғана бар. Иә, теміржолды кесіп өттік, маң далада күндіз-түні тек пойыз толастамайтындай.
Мұнда жұмыс басталғанға дейін орындалатын жөн-жосық бар екен. Оны ешкім аттап кете алмайды. Күнделікті тәртіп солай, таңертеңгілік жаттығу жасалады. Оған зауыттың басшысынан бастап барлық жұмысшы қатысады. Бізді осында Мәтібұлақ ауылдық округінің әкімі Темірхан Мүкеевпен бірге қарсы алған «ҚазКер» өндірістік бірлестігі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Марат Мырзағалиев аз-кем тілдескеннен кейін сағат тілі 8.00-ді соққанда ұжыммен бірге жаттығуды бастап кетті. Ел ағасы жасындағы ағамыздың мұнысына ризашылықпен таң-тамаша қалдық. Жасы 80-ге жақындағанын білгенімізде тіпті сүйсіндік. Ағамыз ондай жасқа қимайтындай сергек, жүрісі ширақ, бойы тіп-тік. Салауатты өмір салтын құрғақ сөзбен емес, нақты іспен насихаттаудың нағыз көрінісі емес пе?! Күнделікті қалыптасқан шараға жұмысшылар да үйреніп алғаны көрініп тұр. Алдымен осында жиналып, өздері «ата» деп атап кеткен басшыларымен бірге дене сергіту қимылдарын жасау дәстүрге айналған.
Жұмысшылармен тілдесу барысында біз олардың өз басшыларын шынымен де атасындай қадірлейтінін байқадық. Марат Мырзағалиұлы білгір жетекші ғана емес, қиналғанға қолұшын беретін қамқоршы да. Жалақыны уақытылы төлейтіні өз алдына, қажет еткендерге бір емес, бірнеше айдың қомақты еңбекақысын алдын ала қолына ұстата салады екен. Ұжымда басшы мен қарапайым еңбек адамының арасында бір-біріне деген риясыз сенім, туыстай жақындық бары байқалады. Отбасылық жағдайларына қарайласып, материалдық көмек береді, алыстау ауылдан қатынап істейтіндердің жол шығынын, жұмыс уақытында тамақтануын өтейді. Көпшілігі банктен алған несиесін жабуға жүгінетін көрінеді. Туған әкесіндей қамқор қасиетін қарамағындағылар қатты бағалап, жұмысты барынша адал атқаруға барын салатын көрінеді. Жұмысшылардың жалақылары орта есеппен 300 мың теңгенің айналасында.
Таңғы жаттығудың соңында Марат Мырзағалиұлы көпшілікке бата беріп, әркім өзінің жұмыс орнына кетті. Күнде осылай. Мұнда жалпы әрбір іске бата беріледі. Жұмыс үрдісінде жаңалық ойлап табылғанда, қызметкерге тапсырма берілгенде, еңбекті марапаттағанда, құнды құжаттарға қол қойылғанда, маңызды шешімдер қабылданғанда, іскерлік келісімдер жасалғанда – осы сияқтылардың барлығы да бас директордың батасымен тиянақталады. Осылайша Марат ағамыз жұмыс барысында күніне бірнеше рет бата береді. «Баталы ұл арымас» дегендей, игі тілектің көптігі жоқ, әрине. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген тәмсіл бизнеске де жүретін тәрізді.
Айтпақшы, жұмысшылар тарқамай тұрып облыстық екі газеттің бас редакторлары олардың алдында «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» басылымдарының тарихына шолу жасап, қоғамда алар орнына тоқталды. Қуанарлығы – жұмысшылар арасында екі газетті де жаздырып алғандар бар екен. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасып, зауыттағы оқырмандарымыздың қатары еселене берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл орайда тағы да Марат Мырзағалиұлының көрсетіп жүрген өнегесін айтпасқа әсте болмас. Ол өзі облыстың қос басылымының көп жылдан бергі тұрақты оқырманы екен. Газет бетінен әртүрлі тақырыптағы қызықты мақалалармен қатар өңірдің өнеркәсіп саласындағы жылт еткен дүниелерді жібермейді. Газеттің халыққа берері көп екенін айтады.
Кәсіпорын кеңес одағы кезінде құрылысқа арналған әртүрлі көлемдегі шағылтас, қиыршықтас шығарыпты. Кейіннен оған әктас, барит қосылған. Қазір өнім түрі анағұрлым көбейіп, өндіріс ауқымы да кеңейген. Нарықтың сұранысына қажетті тауар шығаруға бейімделген. Мұнда негізінен құрылысқа керекті заманауи өнімдер өндіріледі. Ақ және сұр түсті микрокальциттің бірнеше түрі, оның ішінде гидрофобтық микрокальцит, мәрмәртас құмы шығарылады. Оған қоса ғимараттың ішкі және сыртқы қабырғаларын, ішкі төбесін әрлеуге арналған акрильді суэмулсиялық бояудың бірнеше түрі, гипсті сылақ ұнтағы, кафель желімі, термопанель, керамзитті және құмды блоктар шығарады. Үлкен жүк көліктері осындай тауарларды тасымалдауға келген.
Жаңалыққа жаны құмар жетекші жұмыс үрдісін үнемі жетілдіріп отыруға баса мән береді. Мұнда станок басындағы әрбір жұмыскер ай сайын бір жаңалық ойлап табуға дағдыланған. Егер кішкентай да болса бір бөлшекті өзгерту немесе әдісті басқаша қолдану арқылы тиімділік артатын болса, бірден өндіріске енгізіліп, соны ұсынған адам ұжым алдында марапатталып, қаржылай сыйақы тапсырылады. Ондай жаңашылдық мұнда айына бірнеше мәрте қайталанады екен. Нәтижесінде шығарған өнімнің өзіндік құнын төмендете отырып, сапасын жақсартуға қол жеткізіліп, нарықтағы бәсекеге қабілеттігі көтеріле түседі. Жұмысшылар да бұған ынталы. Кәсіпорын қызметін осылай ұйымдастыру бүкіл ұжымды бір мақсат, ортақ мүддеге біріктіріп, бір үйдің баласындай ынтымаққа жетелейді.
– Бұрын тас өңдеу комбинаты болып тұрған кеңес заманында мұнда тек қиыршықтас пен шағылтас қана өндірілетін. Қазір көріп отырғандарыңыздай, бірнеше тауар түрі шығарылады. Нарыққа не қажет, оған қандай мүмкіндігіміз бар деген сауалмен үнемі ізденісте жүреміз. Келешекте енді кеспе цехын жабдықтасақ деген жоспарымыз бар. Осында жұмыс істейтіндер «мынадай нәрсені жасап көрсек қайтеді» деген ойларын қосып отырады. Жігіттердің талпынысы жақсы, оларды үнемі қолдаймын. Құнды ұсыныстары үшін әркез көтермелеп, ынталандырған сайын олар да «тағы не ойлап тапсам екен» деп құлшына түседі. Бұрын «әрбір жапондық жаңалық тапқыш» дегенді естуші едік қой. Біздің жігіттердің олардан несі кем?, – дейді Марат Мырзағалиұлы.
Содан да болар, жұмысшылары тұрақты. Мәселен, ағайынды Самат пен Бақытжан Жаңғараевтар мұнда 15 жылдан бері еңбек етеді. Самат темір жонушы, ал Бақытжан минералды ұнтақтау цехында механик. Екеуі де жұмысты жетілдіріп, жаңалық енгізуде ізденгіштігімен ерекшеленеді. Бұрын мұнда осындай кәсіптің тізгінін көбінде өзге ұлт өкілдері ұстаған болса, енді олардың орнын өз қаракөздеріміз басып, істі одан әрі өрістеткені қуантарлық жайт. Ол кездері елдімекен «Горный кенті» аталып, тұрғындарының басым көпшілігі орыстар, немістер болған. Тәуелсіздік алғаннан кейін ауылға осы аймақтың табиғи-тарихи ерекшелігіне сәйкес «Таңбалытас» атауы берілген. Себебі бұл маңда мыңдаған жылдар бұрын бедерленген таңбалы тастар мол. Әлемге әйгілі Таңбалы шатқалы осы ауылдық округтің аумағында орналасқан.
Аталған серіктестік ауылдың дамуына айырықша үлес қосып отырғанын айтпай кетуге болмас. Өз қаржысына балалар ойын алаңын құрып, кереметтей жабдықтаған. Бүкіл ауылды ауызсумен қамтамасыз етуді мойнына алған. Спорт үйірмесін ашып, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасаған. Өрендер онда қоян-қолтық жекпе-жек өнерімен шұғылданады. Көпбалалы отбасының балалары үшін жаттығу тегін. Бапкер Ұлан Нұрдәулет шәкірттерін аймақтық жарыстарға қатыстырып, жүлделі орындардан көрініп жүр. Зауыт ғимаратының бір бөлмесінен дәріхана, Мәдениет үйінің жанынан шағын спорт алаңы, мектепте қыздар волейбол үйірмесі ашылған. 1600-дей ғана тұрғыны бар аядай ауыл үшін бұлар ауыз толтырып айтар игілік.
Бұдан кейін ауылдық Мәдениет үйінде тұрғындар, ұстаздар, кәсіпкерлер, зейнеткерлер, қоғамдық ұйым өкілдерімен кездесу өтті. Оған округ орталығы Мәтібұлақ ауылындағы орта мектептің мұғалімдері мен кітапхана, әкімдік қызметкерлері де қатысты. Жиынды округ әкімі Темірхан Мүкеев ашып, облыстың басты басылымдарына деген тұрғындардың ықылас-ниетін айтып өтті. Басқосуда бұдан әрі газеттің оқырманмен байланысы, қоғам өмірінде алар орны жөнінде келелі әңгіме өрбіді.
«Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар өз сөзін бұл жүздесудің мақсаты мен маңызына қысқаша тоқталудан бастады.
– Әдетте мұндай жиналыстар көбінде аудан орталықтарынан ары аспайтыны жасырын емес. Осы жолы біз елмен етене араласуымызды басқаша форматта, шалғайдағы ауылдардан бастауды жөн көрдік. Өйткені екі газеттің де оқырманы қала, аудан орталықтарының түбіндегі емес, негізінен алыстағы елдімекендегі ағайын болып келеді. Сондықтан да сіздерге біздің бір ауыз сөзімізді тыңдауға уақыт бөліп, газетке деген дұрыс көзқарас танытып, өзара пікір алмасу үшін келгендеріңізге мың алғыс! – деді ол. – Оқырманмен биылғы кездесуіміз газет оқу мәдениетімен байланысты. Себебі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда, халыққа арнаған Жолдауларында жаппай оқитын ұлтқа айналуымыз керектігін ерекше атап айтып, міндет етіп қойды. Кітап оқитын ұлтқа айналудың маңызы зор екені бәріңізге аян.
Оқу мәдениеті дегенде оған мерзімді басылымдар да кіреді. Өйткені газет-журналсыз өмірді, айналамызда болып жатқандарды елестету қиын. Рас, қазір ақпарат таратудың түрлі құралы, әдіс-тәсілі бар. «Қолымыздағы алақандай телефоннан-ақ бүкіл жаңалықты бейнебаянымен қоса білуге болады, газеттің керегі не?» деушілер де табылады. Бірақ мұның өте теріс пікір екеніне көзіміз жетіп отыр. Өйткені ғаламтордағы ақпарат бүгін бар да, ертең жоқ. Желіге байланған нәрсе кез-келген сәтте өшіп қалуы мүмкін. Ақпаратты жылдам біліп, тез хат-хабар алмасуға ыңғайлы екенінде дау жоқ, әрине. Алайда сол ақпараттың астарында қандай мүдде, нендей пиғыл тұр деген сұраққа келгенде жауап беруге мүдіріп, тосылып қаламыз. Желіні шулататын дау-дамайлы, жағымсыз хабар жұртқа қызықты көрінгенімен, арғы жағына үңілсек, әлдебір топтардың жымысқы мүддесі жатуы әбден мүмкін. Ондай жаңалықтың ақ-қарасын ажырату өте қиын. Себебі сараптама жасалмайды. Мұндайда шындығы мен өтірігін айыра білу үшін адамға білім керек.
Осы тұрғыдан алғанда газеттің ұтары көп. Өйткені газет оқиғаны ешқашан біржақты жазбайды. Қандайда бір топтың немесе жеке адамның мүддесіне жығылып, сойылын соқпайды. Газет қашанда ұлттық мүддені ұстанады, – деген Қуаныш Абайбекұлы бұдан әрі 100 жылдан астам тарихы бар «Жетісу» газетінің жүріп өткен жолынан, онда Алаш арыстарының қолтаңбасы қалғанынан жан-жақты хабардар етті. Облыс екіге бөлінгелі «Жетісу» газетінің өңірдегі заңды жалғасы «Алатау арайы» басылымы екені белгілі. Заман ағымына қарай газеттің атауы сан рет өзгергенімен, мақсаты сол күйінде қалғанын айырықша атады.
– «Тілші» деген атаумен шыққан жылдары біздің газет ұлт мүддесін барынша батыл қозғады. Өйткені басылымда Алаш қайраткерлерінің басым көпшілігі жұмыс істеді. Олардың барлығы тек ұлтқа қызмет ету, ұлтты ояту, халықтың сауатын ашу бағытында еңбектенді. Қазақ елін тәуелсіз, азат мемлекет ретінде қалыптастыру жолында қызмет етті. Бұл мақсатта газет бетінде өте көп өзекті материал жарияланған. Оның біршамасы бүркеншік атпен шыққан. Сол бүркеншік есімдердің кімдер екенін зерттеп көрсек, көпшілігі Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Әлихан Бөкейханұлы сияқты қайраткерлер екенін білдік. Ұлт мүддесін көздеген өткір мақалаларды сол арыстарымыз жазыпты. Сол кезде «Тілші» газеті бұқараға бірден-бір дұрыс жол көрсетуші қызметін атқарған.
Облыстық газет соғыс жылдарында да шығуын тоқтатқан жоқ. Тұтас ұлттың бір ғасырлық шежіресін тасқа басқандай таңбалады. Өңір тарихын зерттеймін дегендер ең алдымен осы екі газетке жүгінеді. Іздеген сандарын мұрағаттан табады. Ал ғаламтордағы дүниенің сол қалпында бұлайша сақталуына ешкім кепілдік бере алмайды. Бүкіл әлемді көз алдыңызға әкелетін қазіргі небір керемет қалта телефондарын шығарып отырған озық елдердің өзі газеттен теріс айналған жоқ. Ол елдерде оқитындар көп, газеттері миллиондаған данамен тарайды. Тіпті күніне екі рет шығатын басылымдары бар. Мәселен, АҚШ жастарының 75 пайызы күнделікті газет оқиды. Ұлыбританияның Лондон қаласындағы үш үлкен газетті зерделеп көрсек, әрқайсының қазіргі таралымы 1 млн 400 мың данадан екен. Қарыштап дамыған елдерде газетке сұраныс бар деген сөз. Бұл дегеніңіз газеттің өміршеңдігін білдіреді.
Демек, біздегі мәселенің түп-төркіні оқу мәдениетінің төмендеп бара жатқанында. Газет оқуды міндеттей алмаймыз, бірақ осы жағынан қатты ұтылып отырмыз. Бұған мықтап мән беретін кез келді. Әсіресе мұғалімдер газетпен бірге болуы керек-ақ. Кейбір ұстаздардың өздері газеттен бас тартқанын көргенде шынымен де біздің болашағымыз қалай болады, ұрпақ тәрбиесі қандай бағытқа бет алды деп уайымдаймыз. Бұл шынымен де дабыл қағарлық жағдай. Бұлай жалғаса берсе мұның арты қайда апарып соғарын ойлаудың өзі қорқынышты. Ұлттық болмысымызды жоғалтып алмайық, әлемдік өркениет көшінің соңында шаң қауып қалмайық десек, дәл бүгін қолға алатын міндет осы дер едік. Кітап – рухани байлық көзі. Кітап оқымаған адам рухани жұтаңдыққа ұшырайды. Газеттен теріс айналушылықтың себебі оқу мәдениетінің төмендігінен дедік. Сондықтан оқу мәдениетін сіз бен біз болып бірге қалыптастыруымыз керек. Өңірдің төл басылымдарын қолдаңыздар, тұрақты автор болыңыздар, – деді «Алатау арайының» бас редакторы Қуаныш Тұнғатар.
«Огни Алатау» газетінің бас редакторы Забира Сайділдина да тарихы терең басылымның өткенінен сыр шертіп, Президенттің «Оқитын ұлт» жөніндегі бастамасының маңыздылығын жан-жақты түсіндірді.
– Адам рухани құндылықтарды оқу арқылы бойына сіңіреді. Білім оқумен жиналады. Ал бізде өкінішке орай оқу мәдениеті жоғалып барады. Соның салдарынан жастарымыз ұлттық болмысымызға жат, діліміз бен дәстүрімізге жараспайтын қылықтарға баруда. Смартфоннан нешетүрлі сұмдықтарды көріп, ой-санасы бұзылады, ұлттық құндылықтан алшақтайды. Бұлай кете берсе, халық рухани құрдымға тап болады. Бұл бізді қатты алаңдатады. Сондықтан ел Президенті Ұлттық құрылтайда, үлкен жиындарда оқитын ұлт қалыптастыру мақсатын қойып отыр. Өйткені өзіміз оқымасақ, құндылықтарымызға ие бола алмасақ, оны кейінгі ұрпақтың бойына қалай сіңіреміз. Мемлекет басшысының бастамасын бәріміз қолдауымыз керек. Кітап, газет-журнал ізгілікке тәрбиелейтінін ешқашан естен шығармайық.
«Өзін сыйлайтын мемлекет ешқашан газетін жоймайды. Газет біткеннің барлығы керемет дей алмаймын. Бірақ газеттің де газеті бар ғой. Бүгінгі «Огни Алатаудың» ұстанымы сәл өзгерді. Оны тартымды шығару дәстүрін жалғастыра отырып, газеттің негізін қазақыландырдық. Орыс тілінде шыққанымен, рухы ұлттық. Қазақтың мәдениеті, салт-дәстүрі, тілі мен ділі дәріптеледі. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мақала жариялай аламыз», – деген бас редактор газет шығару ісінің қиындығы мен қызығын, мақаланың шынайылығы екшеліп барып басылатынын, журналист пен блогердің айырмашылықтарын әңгімелеп, көпшілікті баспасөзге жазылуға шақырды.
Жиында Таңбалытас ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрдәулет Байбосынов сөз алып, ойын былайша өрбітті:
– Облыс орталығы Қонаев қаласынан бізбен кездесуге арнайы ат арытып келгендеріңізге рақмет. Газет-журналдың, кітаптың маңыздылығын өте жақсы түсіндіріп бердіңіздер. Біз кітап оқып өскен ұрпақпыз. Десек те, әңгімелеріңізді тыңдап отырып, оқудың шынымен де ұрпақ болашағына аса қажет екеніне көзіміз одан сайын жете түсті. «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» басылымдарының негізгі мақсаты – халықты облыста болып жатқан әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени жағдайлардан дер кезінде хабардар етіп отыру. Газет бетінен мәдениет пен өнеріміз, ұлттық құндылықтарымыз жөніндегі тәрбиелік мәні зор материалдарды оқимыз, болып жатқан жаңалықтарды біліп отырамыз. Сіздердің атқарып жатқан еңбектеріңіз расында өте үлкен. Шығармашылық жұмыстарыңыз жемісті, оқырмандарыңыз көп болсын! Халықпен осындай ашық әңгімелесетін кездесулерді жүйелі түрде өткізіп тұрсаңыздар жақсы болар еді. Одан елдің көзі ашыла түседі. Бұрын мұғалімдерді айына бір кітап оқуға міндеттейтін. Қазір оны қойды. Газетке барлығымыз жазылуымыз керек. Ауылдастарымды соған шақырамын.
Мәтібұлақ ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тапалай Байсабаев та осындай пікірде екенін білдірді.
– «Екі газеттің басшылары бізге дәріс бергендей етіп біраз мағлұматтан құлағдар қылды. Оқуды насихаттағандарыңыз өте орынды деп есептеймін. Газет пен журналды, кітапты кішкентайымыздан жата-жастана оқып өстік. «Жетісу» мен «Огни Алатауды» сонау кеңестік заманнан жаздыртып алатынбыз. Бас редакторларының аты-жөндері есімізде жатталып қалған. Мерзімді басылымның қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Халыққа мемлекеттің саясатын жеткізіп, жан-жақты шынайы ақпарат береді. Текес ауылы тұрғындарының Үндеуін қолдаймын», – деді ол.
Бекен Сағатов, Мәтібұлақ ауылдық округінің қоғамдық кеңесінің төрағасы:
– Кезінде газеттің рөлі үлкен, таралымы көп еді. Шыққан мақалаларды бірін қалдырмай түгелімен дерлік оқитынбыз. Қойшының қонышында газет-журнал жүретін. Қазір таралымы азайып кетті. Оған өздеріңіз атап айтқандай, ақпарат тарату көздерінің көбеюі әсер етті. Халық шынымен де блогерлердің таратқан ақпаратын көбірек қарайды. Бірақ оның шынайылығына расымен күмән бар. Ал газет, өздеріңіз өте дұрыс айттыңыздар, оқиғаны жан-жақты саралап, ақ-қарасын ажыратып барып оқырманға ұсынады. Бұл жағынан алғанда газеттің рөлі өте жоғары екені даусыз. Текестіктердің бүкіл облыс тұрғындарына арнаған Үндеуін қолдаймын. Әрбір отбасы бір газеттен жазылғаны құба-құп.
Сондай-ақ Таңбалытас орта орыс тілі пәнінің мұғалімі Татьяна Тимошенко сөз алып, өзінің «Огни Алатау» газетінің тұрақты оқырманы екенін айта келе, редакция тілшілерінің атына жылы пікір білдірді. Сүйікті басылымына биыл да жазылғанын айтып, келесі жылы да одан қол үзбейтініне сендірді.
Жиын соңында Таңбалытас ауылының жұртшылығы Райымбек ауданы Текес ауылы тұрғындарының Үндеуін бірауыздан қолдады. Жиынды қорытындылаған округ әкімі Темірхан Болатханұлы өңірдің қос басылымы журналистерінің жұмысына шығармашылық табыс тіледі.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы