Талғар ауданындағы киелі мекен – Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш алдында еліміздің азаттығы жолында жазықсыз жазаланып, ХХ ғасырдағы кеңестік билік тұсында атылып кеткен Алыш арыстарын еске алуға арналған үлкен жиын өтті.
Шара басталмас бұрын қаралы музыка ойнап, ауыл маңында сүйегі қалай болса солай топ-тобымен көмілген қуғын-сүргін құрбандарының тізімі оқылды. Одан соң Алматы облысы мәслихатының төрағасы Қуат Байқожаев сөз алды.
– Құрметті жерлестер, ардақты әлеумет! ХХ ғасырдың алғашқы жартысында іске асырылған саяси қуғын-сүргін және шектен шыққан ұжымдастыру науқаны нәтижесіндегі қолдан жасалған ашаршылық халқымызға орны толмас қасірет әкелді. Бүгін – ұлттық тарихымыздағы осы бір қайғылы кезеңнің құрбандарын еске алатын күн. Осыған орай Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтаймыз, тарихтан тағлым алып, мұндай тауқымет ешқашан қайталанбауы үшін бәрін жасайтын боламыз» деген еді.
Зұлмат жылдары елімізде 110 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, оның 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілді. Олардың қатарында Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхаметжан Тынышпаев, Міржақып Дулатұлы, Тұрар Рысқұлов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сияқты қазақтың қаншама мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, мәдениет және өнер қызметкерлері, қабырғалы тұлғалары болды. Осы атаулы өңірдің тумалары Ораз Жандосов, Ырыс Көшкінбаев, Қапез Байғабылов, Манап Байпақов сынды қайраткерлер де қанды шеңгелдің құрсауына іліккені белгілі. Тоталитарлық жүйе мұндай адамдардың отбасылары мен туыстарын да аямады. Тарихта түрмесі болмаған Қазақстан аумағында 11 жазалау лагері құрылып, азаптаудың сұмдық әдістері енгізілді. Ал Голощекиннің «Кіші қазан» төңкерісі салдарынан елімізде 40 миллионнан астам мал басы қырылып, халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Қолдан жасалған нәубеттен 1,5 миллионға жуық адам көз жұмды.
Алматы облысының аумағында 250 мыңнан астам адам солақай саясаттың құрбаны болып, 15 мың адам атуға кесілген. Жазықсыз жазаланған адамдардың көпшілігі осы Жаңалық ауылында және «Қандысайда» жерленген. Сондықтан біз дәстүрлі түрде осы кешенге келіп, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға жиналып тұрмыз. Бұл біздің ұрпақтық парызымыз.
Қадірменді қауым, 31 мамыр – Қазақстан Отаны болған көптеген басқа этнос өкілдері үшін де қаралы күн. Қанды қасап кезінде қазақ жеріне тұтас халықтар жер аударылды. Туған жерінен зорлықпен көшірілген 5 миллионға жуық адам дарқан даламызды паналады. Сол жылдары Алматы облысына 100 мыңнан астам адам қоныстанды. Сол қиын-қыстау күннің өзінде халқымыз өзінің асыл қасиеттерін, қонақжайлығын сақтап қалды, тағдырдың талқысына түскен көптеген этнос өкілдерін бауырына басты. Осындай ауыр жағдайда қалыптасқан бірлігіміз берік, тірлігіміз тату болды.
Ардақты ағайын, мұндай зобалаң жылдар ешқашан қайталанбасын, репрессиядан жазықсыз зардап шеккен арыстарымыздың есімдері ел есінде жаңғыра берсін. Егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді Қуат Сұлтанұлы.
Ал ҰҒА академигі Хангелді Әбжанов ашаршылық, қуғын-сүргін –ұлттық қана емес, білген адамға әлемдік қасірет екенін айтты.
– Мұндай апат басқа елдердің көбінде болған жоқ, біз соны бастан кештік, біз содан осындай аз болып қалдық. Әйтпесе кезінде біз өзбектерден төрт есе көп болғанбыз, қазір олар бізден екі есе көп, міне тіпті үш есе көп деп жатыр, осыдан-ақ ауқымын біле беріңіз. Жаңа сөз сөйлеген азаматымыз қаншама адам жапа шеккенін айтты. Соның бір саласы 1928 жылы байларды кәмпескелеу болды. Бұрын Алматы облысы бойынша 55 бай кәмпескеленді дейтінбіз. Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияның жұмысы барысында 55 емес, Жетісуда 72 бай кәмпескеге ұшырағаны анықталды. Олар отбасы, туыстарымен қоса жер аударылғанын ескерсек, жапа шеккендердің саны 1000-нан да асып кетеді. Сол кәмпескеден кейін қазақ даласына кедейшілік келді. Бұрын мың-мыңдап мал ұстап, отар-отар қойды өріске шығарған қазақ бірнеше жылқы, оншақты қойына қарап қалды. Осы ұжымдастыру алапатынан кейін Кеңес Одағы ішер ас-суға жарымады, аш құрсақ қалпында өмір сүрді. Енді міне еліміз азаттық алып еді, аста-төк тамақ, киер киім – бәрі бар. Азаттықтың құдіретін осыдан білеміз.
Содан соң, қуғын-сүргінді біз 37-38 жылдармен шектемейік, біз қалай отар болдық, ол солай келді. Кенесары қуғындалды, Махамбет-Исатай қуғындалды, кісі қолынан өлді. Тіпті ХҮІІІ ғасырдағы Сырым Датұлы да қуғындалды, қазір оның қабірінің қайда екенін білмейміз. Біздің қуғандалуымыз бірнеше ғасырға созылған. Біз әлі адасып жүрміз, өйткені қуғын-сүргінді тек 37-38 жылдардағы үлкен террормен ғана байланыстырамыз, бұл жылдар оның тек ең шарықтау шыңы! Ал айыптаулардың үш қайнаса ақиқатқа сорпасы қосылмайды, түс көргені үшін атылып кеткендер бар. Енді ол қайталанбауы керек. Қайталанбауы үшін оны санамызға, жүрегімізге сіңіріп, күнделікті тіршілігімізде қайталап айта беруіміз керек, – деді тарихшы ғалым.
Жиын кезінде қуғын-сүргінге ұшыраған қоғам қайраткері Қоңырқұлжа Қожықовтың немересі Сәуле Қожықова өз атасы мен туыстарының басына түскен зұлмат пен көрген азаптары жайында әңгімеледі. Талғар аудандық орталық мешітінің бас имамы Нұржан Керімбеков Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш жанында арыстардың рухына Құран бағыштады. Алматы қаласы мен облысынан, жақын ауылдардан арнайы жиналған жұрт ескерткішке гүл қою рәсіміне қатысып, кешен аумағындағы музей экспонаттарымен танысты. Шара соңында «Алаш Арыстары» мешітінде нәубет құрбандарына ас беріліп, тағы да Құран бағышталды.
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы