Жамбыл ауданы Ақтерек ауылы маңында екі жарым мың есек қамауда тұрғанын айтып, әлеуметтік желіде қоғам белсендісі дабыл қақты. Кейінгі жылдары саны азайып кеткен жануарды кім, не үшін жиғанына тұрғындар наразы көрінеді.
Бейнежазба «Екі жарым мың есекті не үшін ұстап отыр? Бұл кімге керек? Базардан ет алуға қорқатын болдық қой, еті арам саналатын осыншама хайуанды нендей мақсатпен мұнда жинаған? Арасында өліп жатқандары бар, санитарлық тазалық талаптары қайда қалды? Әкімшілік, ауыл шаруашылығы саласына жауаптылар қадағаламай не қарап отыр? Есектің етін жейтін болдық па сонда, бұл не деген масқара?! Осыны түсіндіретін адам бар ма?» деген жанайқайға толы.
Мұны түсіндіруді ауданның атқарушы билік өкілдерінен сұраған едік. Алдымен аталған ауыл әкімдігіне хабарласқанымызда, ондағы қызметкерлер есек қамалған жер телімі Ақтерекке жақын болғанымен, Дегерес ауылына қарайтынын айтты. Дегерес ауылдық округінің әкімі Ерлан Көпжасаровқа телефон шалғанымызда, ауданнан комиссия келіп тексергенін, сол бойынша бізге жазбаша жауап жолдайтынын жеткізді. Бірақ ол ақпаратты екі күн күтіп, ала алмадық. Ол жұмыстан қолы тимей жатқанын алға тартумен болды. Ақыры аудан әкімінің баспасөз қызметінен орыс тіліндегі жазбаша түсінікке қолымыз жетіп, іс қағазын неге өзге тілде рәсімдейтініне түсіне алмай, өз мемлекетіміздің тіліне аудардық.
Онда: «Жамбыл ауданы ветеринария бөлімінің, аумақтық инспекциясының, ауыл шаруашылығы бөлімінің және Дегерес ауылдық округі өкілдерінің бірлесе жүргізген тексеруі барысында мыналар анықталды» делініп, төмендегілер баяндалған.
Бір шаруа қожалығының басшысы 2024 жылдың ақпан айында екінші бір шаруа қожалығын 1400 гектар жерімен, малшы үйімен және мал қорасымен қоса сатып алады. Ақтерек ауылынан 10 шақырым, Дегерес ауылынан 34 шақырым қашықта жатқан ол жерге мал азығы үшін жоңышқа себуді жоспарлаған. Алайда қаржыландырудың болмауынан қолға алған жобасы тоқтатылған. Кәсіпкер наурыз, сәуір айларында Жетісу облысының елдімекендерінен 1405 бас есекті ветеринарлық анықтамаларымен бірге сатып алады.
Тексеру кезінде қамаудағы есек саны бейнежазбада айтылған екі жарым мың емес, 1700 бас екені нақтыланған. Осы 1700 есектің 1032-сі Дегерес ауылдық округінің ветеринарлық қосынында тіркелген. Жануарлар мұнда Қытай Халық Республикасына экспорттау мақсатымен жиналған. Бірақ оған Жамбыл аудандық аумақтық инспекциясының санитарлық қорытындысы және ауылшаруашылық жануарларын өсіру жөніндегі тіркеу нөмірі берілмеуі себепті есектер әлі экспортталмаған. Комиссия барлық қажетті санитарлық нормалар мен ережелердің сақталуын қамтамасыз ету мақсатында “KazAgroMax” шаруашылығының жұмысын бақылауды жалғастырады.
Аудан әкімінің баспасөз қызметі бізге осындай жауапты берді. Демек, мыңдаған есек екі-үш айдан бері Дегерес ауылдық округіне қарасты аумақта өздерінің кең даладағы ақырғы күнін күтіп тұр. Қытайға не үшін экспортталатыны айтылмаған. Тірідей ме, әлде сойылып жөнелтіле ме, еті немесе басқадай мүшесі алына ма, оны да біле алмағандықтан, неше түрлі ойға жетелейді. Ауыл әкімі біз хабарласқан екі күнде біресе қолы тимей, біресе ауданға жиналысқа шапқылаумен жүрді. Тіпті дайын деген ақпараттың электрондық нұсқасын жіберуге мұршасы келмегендей. Соған қарағанда оның бұдан да маңызды істері бастан асатын болар деп топшылағанбыз. Кейін білгеніміздей, ол өзінің еңбек демалысында екеніне қарамастан, жұмыста дәл осы шаруаның соңында жүріп, ақпарат ұсына алмапты.
Бізге толымды ақпаратты ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Жамбыл аудандық инспекциясының басшысы Қуаныш Назарбеков берді. Жанайқайға толы бейнежазба келіп түскен күні-ақ ауданда аталған инспекция, ауыл әкімі, ветеринарлық және ауыл шаруашылығы бөлімдерінің басшылары, Дегерестегі ветеринарлық қосын қызметкерлері бірлескен комиссиямен «KazAgroMax» шаруа қожалығына барып, иесі Максим Пожигайловтың қатысуымен мән-жайды анықтаған.
1405 есек тек Жетісу облысынан ғана емес, осы өңірдің Еңбекшіқазақ, Жамбыл аудандарынан да тиісті ілеспе құжаттарымен 30-40 мың теңгеден сатып алыныпты. Бірақ қазір онда тұрған 1800-ге жуық есектің 789-ы жақында әкелінуіне байланысты ауылшаруашылық жануарларының дерекқор базасында тіркелмеген. Үш айдың ішінде 80 есек жылан шағу, басқа да себептермен өліп, мал қорасынан 200 метр аулақтағы шұңқырға көміліпті. Тақтұяқтының сырттан әкелінгенін және өлгендерін жергілікті ветеринар маманға уақытылы хабарламау Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» заңының талаптарын бұзу болып саналады.
Қожалық иесінің айтуынша, есектер алғашында сол жерде жайылған, шөп тақырланған соң 500 түк жоңышқа сатып алып, қоршау ішінде сонымен азықтандырылуда. Бүгінге дейін бірде-бір есек мұнда сойылмағанын және экспортталмағанын атап айтты. Есектер шекаралас аумақтағы тірі малдың экспорттық карантиніне арналған қорада бірнеше күн тұрып, содан соң ғана арғы жаққа жөнелтіледі екен. Кеден бекетіндегі қора қазір екі айға дейін босамайтын көрінеді. Сол себепті экспортқа шығаруға өтінім бермеген. Аумақтық инспекциядан шаруа қожалығына ауылшаруашылық жануарларын өсіріп, бағумен айналысуға ветеринариялық, санитариялық қорытынды және есептік нөмір алмаған.
Тексерушілермен әңгімелесу барысында кәсіпкер есек бағудан бөлек инвестициялық жоспарымен бөліскен. Максим Лиминович мұнда жүгері, жоңышқа сияқты мал азығы дақылдарын себу, тамшылатып суғару технологиясын енгізу үшін ұңғымалар бұрғылауды көздеген. Бірақ электр қуатының болмауынан ол жобасы іске аспай тұр екен.
Дабыл қаққан бейнежазбаны түсірген Ж.Жанабаеваның арызына және Дегерес ауылдық округі әкімінің хатына сәйкес, маусымның 6-сынан бастап есек шаруашылығына ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жамбыл аудандық инспекциясы тарапынан тексеру жүргізіліп жатыр. Қорытындысынан оқырманды тағы хабардар ететін боламыз.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы