ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев өңірге жасаған жұмыс сапары аясында облыс жастарымен және мешіт имамдарымен кездесу өткізді. Тағылымды жүздесу Қонаев қаласынан бөлек, Жамбыл, Балқаш және Қарасай аудандарында жалғасын тапты.
Президент кеңесшісі алдымен Жамбыл ауданы Қарабастау ауылы маңындағы «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығына барып, «Түркі халықтарының рухани құндылықтары мен мәдени мұрасы» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-әдістемелік конференцияның салтанатты ашылуына қатысты. Одан кейін Қарақыстақ ауылындағы Сүйінбай Аронұлының әдеби-мемориалдық мұражайының мәжіліс залында ауданның діни қызметкерлерімен кездесті.
Мәлік Нұржанұлы имамдармен жүздесуде «Адал адам – адал еңбек -адал табыс» тақырыбында келелі әңгіме өткізді. Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда айтқан құндылықтар төңірегіндегі бастамаларының мән-маңызын тарқатты. Онда әсіресе жастар тәрбиесінде ұлттық болмысымыздан ажырамаудың нақты жолдары көрсетілген. Идеологиялық бағыт-бағдардың ұлттық руханиятпен үйлесімді жүргізілуіне баса мән беру бүгінгі күн тәртібінде өткір тұр. Мәселен, халық арасында діни насихат-уағыз айту кезінде араб сөздерін орынсыз қолданудан қашып, өз халқымыздың тілі, ділі, салт-дәстүрі тұрғысынан түсіндірудің, тарихи тұлғалардың есімін ұлықтаудың қажеттігіне назар аударды.
Президент кеңесшісі өзекті мәселелерді атай келе, әсіресе қоғамдық мәдениетті дамытуға мән берудің маңыздылығын тереңнен қозғады. Қоғамда болып жатқан түрлі қылмыс, адамгершілікке жат қылықтардың көбеюі адамдар арасында бір-біріне деген мейірімнің, көркем мінездің кемдігінде жатқанын айтты. Кездесуде мешіт имамдары ұлттық тәрбие, имандылық, ұлттық сана, мектеп оқушылары арасындағы кейбір мәселелер туралы өз пікірлерін білдірді.
Мәлік Отарбаев оқу мәдениетін қалыптастыруға кеңінен тоқталды. Өркениет көшінің соңында қалмауымыз үшін әлем әдебиетінің інжу-маржанын білу керек. Рухани өмірімізде көркем әдебиеттің, жалпы кітап, газет-журнал оқудың пайдасын әсте естен шығаруға болмайды. Халыққа сапалы да сауатты ақпарат беруде газеттің маңызы ерекше. Қазір ақпарат ағыны бұрынғыдан еселеп артты. Көпшілік қолындағы телефонмен-ақ бәрін көріп-біліп отыр. Рас, әлеуметтік желіде жылдам ақпарат аласыз. Бірақ ол қаншалықты шынайы екенін білмейсіз. Ал газет тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтап, ақ-қарасын ажыратып барып қана оқырманға шынайы ақпарат ұсынады. Әлеуметтік желідегі ақпаратта әріп қатесі де өріп жүр, тіпті аяқ алып жүргісіз. Ал газетте олай емес, қатесіз және тіл заңдылығы үтір-нүктесіне дейін қатаң сақталған. Әрбір сөздің қалай дұрыс жазылатынын газеттен үйренуге болады», деді Мәлік Нұржанұлы.
Президенттің өзі күнделікті мерзімді басылымдарды оқитынын, газетті жай ғана қарап шықпай, маңызды материалды астын сызып оқитынын айтты кеңесші. Бұл дегеніңіз мәтіннің астарындағы ойды аңғарғыштығын білдіреді. Саналы, сапалы және сауатты ақпарат беру жағынан газеттің ұтары көп. Газет – мемлекеттің саясатын жүзеге асыратын маңызды құралдың бірі. Адам бүкіл ақпаратты игере алмайды, ал газет болса қажетті ақпаратты саралап беретінін айырықша атап өтті. Халықтың көз алдында жүрген имамдар осыған назар аударғаны жөн.
Осы орайда облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінің басын біріктіріп отырған «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Кәдірбек Құныпияұлы сөз алып, мерзімді басылымдар туралы әңгімеледі. Аталған екі басылым өңірдің тыныс-тіршілігінен, жаңа әкімшілік орталығы Қонаев қаласында қолға алынып жатқан ірі жобалардан оқырманды жан-жақты хабардар етеді. Райымбек ауданы Текес ауылының тұрғындары газетке бүкіл ауыл болып жазылу жөнінде облыс тұрғындарына үндеу арнағанын, оны осы ауданның Таңбалытас ауылының тұрғындары бірауыздан қолдап, игі бастаманы басқа аудандар да іліп әкеткенін жеткізді. Дін қызметкерлерін екінші жартыжылдыққа газетке жазылуға шақырды.
Жиында еліміздегі дін саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту жөнінде келіп түскен ұсыныстардан хабардар еткен Президент кеңесшісі имамдар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, ой-пікірлерін тыңдады. Шара соңында ауданның бас имамы Бақыт Тойшыбаев мұндағы діни ахуалдан хабардар ете келе, «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттеріне отбасы болып жазылу туралы текестіктер бастамасын имамдардың да қолдайтынын білдірді.
Мәлік Отарбаев мұнан соң Жамбыл ауылына атбасын бұрып, осындағы ақын кесенесіне тәу етіп, музейдің мәжіліс залында ауданның белсенді жастарымен кездесті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзі Қазақстанның даму бағыттарын, тарихи мұрасын және болашаққа деген көзқарасын айқындауға арналғанын айтты. «Көптеген маңызды тақырыптарды қамтыған жиында Мемлекет басшысы үш негізгі ұғымды – адал адам, адал еңбек және адал табыс – елдің табысты болашағының негізгі кілті деп атады. Ол қоғамдағы адалдық, әділдік және жауапкершілік принциптерін алға тартты, сондай-ақ адал еңбектің маңыздылығына ерекше мән берді. Адал еңбек еткен адам қоғамда лайықты орынға ие болады және табысқа жетеді. Ұлттық Құрылтай елдің болашағы үшін маңызды шешімдер қабылдау алаңы ретінде қызмет етті және ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған бастамаларды қолдады. Президент сөзі қоғамдағы адалдық пен еңбектің маңыздылығын тағы бір рет көрсетті, бұл Қазақстанның дамуына айтарлықтай үлес қосатыны сөзсіз», деді кеңесші. Ұлттық құндылықтар мен тарихи тұлғаларды ұлықтау арқылы елдігімізді сақтау мен дамытуға үлкен мән беру керектігін жеткізді.
«Ұлттық құрылтайда Президент қазіргі қоғам үшін қажетті, өзекті, көкейтесті мәселелерді көтерсе, оның бірқатары сіздерге тікелей қатысты. Өйткені жастар тәрбиесіне қатты мән беріп, жас ғалымдарды қолдайды. Елдің болашағы сіздерсіздер. Құрылтайда қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға, дамуға тежеу болар түрлі кеселдерге назар аударды. Президенттің құрылтайдағы баяндамасын жастарға арналған сөзі дер едім. Егер мұқият оқып шықсаңыздар, жалпы халыққа арнағанымен, жастардың болашағына бағытталған. Жастар тәрбиесінде алаңдатар мәселелерге назар аударды. Жастарға не қажет, мемлекет тарапынан қандай мүмкіндіктер керек, соларды тілге тиек етті. «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» деген сөзге мән берейікші. Адал табыс болмай, адал еңбек болмайды. Адал еңбек болмай, адал адам болмайды», дей келе оқу мәдениеті төңірегінде тереңнен ой қозғап, кітап, газет-журналдың пайдасын пайымдады.
Жастармен емен-жарқын кездесуде «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Кәдірбек Құныпияұлы сөз алып, облыстық «Алатау арайы» және «Огни Алатау» газеттерінің бетінде жастар тақырыбына кеңінен орын берілгені, мерзімді басылымдардың маңызы туралы әңгімеледі.
Аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Балжан Досалы, мектептің физика пәнінің мұғалімі, облыс әкімінің «Заңғар» жастар сыйлығының «Үздік жас ұстаз» аталымының жеңімпазы Бақытәлі Дәулетияр өздерінің ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.
Қонаев қаласындағы облыстық жастар ресурстық орталығында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тақырыбындағы кездесуге спортшылар, депутаттар, белсенді жастар, кәсіпкерлер және еріктілер қатысты.
Кездесуді ашқан облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мәди Ахметов өңір жастарының көктемдегі тасқын кезінде өзге аймақтағы ағайынға аянбай көмек көрсеткенін жеткізді.
Өз кезегінде сөз алған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы қиын сынақ кезінде жұмыла жүк көтерген белсенді азаматтарға ағынан жарыла алғыс айтты. Бұдан соң Ұлттық құрылтайда берілген Президент тапсырмалары төңірегінде кеңінен сөз қозғады. Ұлттық тәрбие мен құндылықтар жайында жастармен еркін пікір алмасты. Президент кеңесшісі заман талабынан туындаған қажеттіліктер мен ұлттық құндылықтар, жаһанданудың ықпалы туралы әңгіме өрбітті. Әр адамның басты бағдаршамы кітап болу керектігін баса айтып, ақпараттық технология заманында күнделікті қажетті мағлұматтарды сенімді дереккөздерден алудың айрықша маңызды екенін атап өтті.
– Озық ойлы ұлт болудың басты шарты – оқу мен тоқу. Сауатты әрі сапалы ақпарат қана біздің санамызды өсіреді. Біз ондай сараланған, салмақты ой сала алатын ақпаратты мерзімді баспасөзден ғана кездестіре аламыз. Өкінішке қарай, әлеуметтік желідегі жаңалықтарды талғамай қабылдайтын халге жеттік. Қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, таразылап жатпаймыз. Осының бәрін зерделейтін кез келді. Бұл тұрғыдан өңірлік басылымдардың орны бөлек. Олар өңірдің тыныс-тіршілігімен қоса, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын облыс жұртшылығына жеткізіп келеді. Жақында облыстық «Алатау арайы» газеті «Оқитын ұлт» жобасына белсене үн қосты. Бұл – өте керемет бастама. Сондықтан жастар сараланған, сапалы ақпарат алуға мән беруі керек, – деді Мәлік Нұржанұлы.
Жастармен өткен жарқын жүздесуде облыстық «Алатау арайы» газетінің бас редакторы Қуаныш Тұнғатар аймақтағы қос басылымның қолға алған жаңа жобасы жайлы әңгімелеп берді. Бас редактордың айтуынша, бұған дейін Райымбек ауданының Текес, Кеген ауданының Ақтасты, Жамбыл ауданының Таңбалытас ауылының тұрғындары облыстық «Алатау арайы» мен «Огни Алатау» газеттеріне жазылу жайлы бастамаға ортақ үн қосқан. Осылайша, облыстық газеттерді оқудың жаңа челленджі басталған. Алда бұл челленджге облыстың басқа аудандары да қолдау көрсетпек. Ал Президент кеңесшісі бұл игі бастамаға барынша тілектестік білдіретінін, облыс жастары да зор мәнге ие жобаға қолдау көрсету керегін сөз етті. Еркін диалог алаңына айналған кездесуде облыс жастары білім беру, спорт, кәсіпкерлік салаларындағы өзекті мәселелерді алға тартып, пікірлерін айтты, ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде Мәлік Нұржанұлы жастар мәселесі мемлекет саясатының басым бөлігі екенін, сол себептен оларды баспанамен, еңбекпен қамту, сапалы білім алуына мүмкіндік туғызу, ғылымға қызығушылығын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін айтты.
Елордалық мейман түске таман Қонаев қаласынан Бақанас ауылына бағыт алды. Мұндағы мақсат – беделі биік, берері мол өңірдегі ақсақалдар мен дін қызметкерлері және жастармен тілдесу. «AMANAT» партиясының өңірдегі өкілдігінде өткен іс-шараны Балқаш ауданының әкімі Азат Құтпанбетов жүргізді. Кездесу барысында Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев қатысушылармен өзекті мәселелерді, оның ішінде өскелең ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеу жағын талқылады.
– Шындығында, біздің қоғамға дін емес, діни ағымдар кірді. Менің ойымша, дін басында қызмет етіп жүрген ағайындардың да басты міндеті мемлекеттік тұтастық пен ұлттық құндылыққа қызмет ету болуы тиіс. Әсіресе дәстүрлі дінге, өзімізге тән рухани құндылықтарға ден қою маңызды. Дін қызметкерлері тарих пен көркем әдеби кітаптарды көбірек оқуы қажет деп ойлаймын. Өзегінен ажырамаған ұлттық таным мен көркем мінезге ие жас ұрпақты тәрбиелеуіміз қажет, – деді Президент кеңесшісі. Ал аудан ақсақалдары қоғамдағы түрлі өзекті мәселелер жайында сөз қозғап, оны Мемлекет басшысына жеткізуді аманаттады.
Президент кеңесшісі келесі кезекте өңір жастарымен кездесті. Аудандық кітапханада өткен шарада сөз тізгінін алған Мәлік Нұржанұлы елімізде өткізіліп жатқан саяси науқанға жастардың да өз үлестерін қосу керегін түсіндірді. «Кім болашаққа сеніммен қараса, соның болашағы жарқын. Ал кім күмәнмен қараса, оның өмірі де дүдәмал. Сондықтан, келешекке сеніммен қараңыздар. Бұл өңір – еліміздің тарихында із қалдырған небір тұлғалар қанат қаққан қасиетті мекен. Сіздерге де жарқын болашақ тілеймін», – деген Мәлік Нұржанұлы жас ұрпақтың көздеген мұраты асыл, мақсаты биік болуы керектігін алға тартты. Өз кезегінде жастар көкейінде жүрген сұрақтарын қойып, ой-пікірлерімен бөлісті.
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Қарасай ауданына да ат басын тіреп, Сүлеймен Демирел университетінде студенттермен кездесті. Білім ордасының ректоры Әлімжан Игенбаев алдымен оқу ғимаратын аралатып көрсетті.
Аудан әкімі Жасұлан Тоққожаұлы кездесуді ашып, Мәлік Нұржанұлына сөз берді. Президент кеңесшісі бүгінгі жаһандану заманында ұлт болып қалу үшін сапалы білім, саналы тәрбие алудың маңыздылығына тоқталды. Жастардың сауатты сөйлеуі, өз ойын еркін де толық жеткізуі үшін көркем әдебиетті оқуға мән беру керектігі әңгіме өзегіне айналды.
Шамалған ауылдық Мәдениет үйінің әдіскері Айсұлу Жұмашева қазіргі мектеп оқулықтарында қазақ әдебиеті пәніндегі ақын-жазушылардың шығармалары тым қысқартылып кеткенін, шығарма, мазмұндама жазу алынып тасталғанын айтса, жастар Мәлік Нұржанұлынан көркем әдебиетте қандай шығармаға көңіл бөлу керектігін, қазақ қаламгерлерінен кімдерді оқуға кеңес беретінін сұрап, тұщымды жауап алды.
Қазақстан мен Түркия Президенттерінің бірлескен шешімдерінің нәтижесінде дүниеге келген Сүлеймен Демирел университетінің алғашқы түлектерінің бірі болып саналатын Мәлік Нұржанұлы жастарды бүгіндері ел көлемінде атқарылып жатқан «Таза Қазақстан» акциясын қолдап, өз үлестерін қосуға шақырды.
Бұдан кейін Үшқоңыр балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде аудан мешіттерінің и мамда р ы мен жо л ықт ы . О н да Президенттің кеңесшісі еліміздің бүгінгі саяси, рухани, мәдени ахуалына кеңінен тоқталып өтті. Осы орайда ұлттық және отбасылық құндылықтарымызды дәріптеу, туған жерге деген сүйіспеншілікті сақтай отырып, ауызбірлігімізді нығайту мәселесін қозғады. Озық ойлы ұлт қалыптастыруда ұлттық тәрбиені қолға алудың да маңызы жоғары екенін айтты.
Дін өкілдері де өздерін мазалап жүрген мәселелерді ортаға салып, ойпікірлерімен бөлісті. Бұл жерде имамдар ұлтымызды ішінен ірітуге әрекет жасап жүрген түрлі деструктивті діни ағымдарға тыйым салу, жемқорлықпен, парақорлыққа қарсы күресті жеделдету, дін өкілдеріне мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауды ұлғайту туралы ұсыныстарын жеткізді.
Алқалы жиынға келген имамдар Мәлік Отарбаевтың тарапынан жанжақты әрі тұщымды жауап алғаннан кейін Бұлақты ауылында орналасқан «Әйкен ана» мешітінің имамы Батырбек Назарбекұлы жиынға қатысушыларға батасын беріп, мәртебелі мейманға ақ жол тіледі.
Серік Сатыбалдиев,
Ерзат Асыл,
Қуат Қайранбаев,
«Алатау арайының» арнаулы тілшілері