Балқаш көлі – көлемі жағынан Каспий мен Арал теңіздерінен кейінгі үшінші, ал әлем бойынша 13-орында тұр. Көлдің ұзындығы – 614, ені – 44 шақырым. Ең терең жері – 26 метр. Балқаш көліне Іле, Қаратал, Ақсу, Лепсі, Аягөз өзендері келіп құяды. Көл Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының еншісіне тиеді.
Геологиялық деректерге сүйенсек, Балқаш көлі осыдан 35-40 мың жыл бұрын пайда болған. Іле-Балқаш бассейнінің биологиялық алуан түрлілігі ондағы өсімдіктер мен жануарлар әлемінің молдығымен сипатталады. Көлде сазан, алабұға, шармай, аққайран, көкбасы, жайын, тағы да басқа балық түрлері кездеседі. Балқаш көкбасысы мен алабұғасы халықаралық «Қызыл кітапқа» енген. Көлдің оңтүстік атырабындағы ну тоғайлы жағалауды жылына мыңдаған құс мекендейді. Олардың жиырмаға жуығы Қазақстанның «Қызыл кітабында» бар.
Бір кездерде Балқаш өңірінің оңтүстік шалғайындағы қалың қамыстардың арасында Тұран жолбарысы мекендеген деседі. Ұлты татар Хамит деген азамат Кеген ауданындағы Қарқара кеңшарында көп жыл агроном болып жұмыс істеген. Сол ағамыздың Балқаш көлі жайлы мынандай әңгімесін естігенім бар: «Известия» газетінің Татарстандағы меншікті тілшісі қызметінде жүріп, саяси қателік жасағаным үшін айыпталдым. Қазақстанға жер аударылып, Балқашқа келдім. Атпен орталықтан елдімекендерге пошта тасимын. Елді ашаршылық жайлаған кез. Адамдар қолындағы малдарын жеп тауысқан. Енді жол бойын тасалап жүріп, ары-бері өткен жолаушылар көлігіне ауыз сала бастаған. Өзім солардан талай рет қашып құтылдым. Адамдардың аштықтан өліп жатқанын көзім көрді. Бірақ қанша аш болса да, қазақтар Балқаштың балығы мен қабанына тиіскен жоқ. Ұлты басқалар көлдің қызығын көріп аман қалып жатты. Қазақ халқының табиғатқа деген адалдығына сонда куә болдым», – деген еді.
Балқаш көлі – теңдессіз туризм және демалыс орны. Мұнда жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам келіп, демалып қайтады. Соңғы жылдары бұл маңға шетелдіктер жиі назар аудара бастады. Өңірде емдік-минералдық су көздері бар екені анықталып отыр. Іле-Балқаш бассейнінің экономикалық күш-қуаты зор. Ол Қазақстан жерінің 13 пайызын алып жатыр. Десек те көл айналасындағы қалың қамыс соңғы жылдары тым азайып кетті. Ал су жағалауындағы құрақ тіпті қалмаған. Салдарынан тұзды сортаң молайып барады. Былайғы жұрт ойлауы мүмкін, тәйірі сол қамыс-құрақта тұрған не бар деп. Бірақ біле білсек, сол құрақ – табиғи сүзгі. Балықтар тазалығының кепілі. Екіншіден, қаз, үйрек, шағала, аққу секілді құстар мен қасқыр, түлкі, қабан, қоян сияқты аңдардың қорғаны. Сонымен қатар көл жағалаулары батпақтанып, сорланып, тақырлар мен шөлдерге айналып барады. Оған Қапшағай су электр стансасының толық іске қосылуы мен көлге құятын өзендердің суын жер суғаруға пайдалану себеп болып отыр. Қапшағай су қоймасының астында 100 мыңнан аса гектар егістікке жарамды жерлер мен тоғайлар қалғанын білеміз.
Кейінгі жылдары Қытай Іле өзенінің суын пайдалануды ұлғайтып отыр. Іле өзені басын Шығыс Тянь-Шаньның Қас, Текес және Күнес өзендерінен алады. Осылайша Іле өзені суының 75 пайызы Қытай жерінен жинақталады. Көрші елде су қоймалары мен гидротехникалық нысандар құрылысы қарқын алуда. Қас өзенінің бойындағы Жарынтай су электр стансасындағы бөгеттің ұзындығы 30 шақырымнан асады. Екі тауды қосып жатқан бөгеттің биіктігі – 2000 метр. Осы тектес бөгет Текес өңірінде де салынып бітті. Осы суларды пайдалану мақсатында қытайлар басын қар басқан Еренқабырға тауын тесіп, үңгіме құрылысын жүргізді. Бұл бөгеттер тектоникалық және сейсмикалық қауіпті жерлерге салынған. Жер сілкінісі болған жағдайда Іле-Балқаш бассейнінде тұратын үш миллионнан астам халықтың күйі не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Құдай бетін аулақ қылсын, топан су жол жөнекей бәрін жинап апарып, Балқашқа құяры анық. Оған қосымша қытайлар Қас өзенінің Ілеге қосылатын жеріне дейін кен орындарын ашуда. Соның жуындысы Балқашты Сорбұлаққа айналдырып жіберуі әбден мүмкін. Қас өзенінің бойына да қосымша су бөгеттері салынуда. Егіншілікпен айналысуға орталықтан қытайларды көшіріп әкеліп жатыр. Іле өзенін бойлай орын тепкен халықтың негізгі асы күріш екені бесенеден белгілі. Өйткені шектен тыс көп адамды бидай өнімдерімен қоректендіру мүмкін емес. Ал күріш дақылы сусыз өспейді. Ала жаздай Іле өзенінен жырылған су сол күріш алқаптарында ілкілдеп жатады. Көп өнім алу үшін улы химикаттарды аямай төгетіні тағы бар. Қытайлар Іле өзенінің аяқ жағында басқа ел бар екенін ескермейтін сияқты. Қазақстан Үкіметінің Қытаймен келіссөздері инвестиция тарту, қарыз алу, Шанхай ынтымақтастық ұйымының заңнамалары мен актілерін заңдастырудан ары аспай отырғаны белгілі. Ғалымдардың болжамына қарағанда, Қытай елі Іле өзені суының он бес пайызын алғанның өзінде «экологиялық апат» басталуы мүмкін.
Қазақстанда балық шаруашылығының орнықты саясатының жоқтығынан балықтарды өсіру мен аулау көлемі, олардың түрлері азая бастады. Кезінде Балқаш көлінде 20-дан астам балық түрі болған. Қазір 4-5 түрі қалды. 100 мың тоннаға дейін балық ауланатын көлден 10-15 мың ғана балық ауланады. Тоспа шаруашылығы да қиын жағдайда. Бұрын тоспаларда балықты ұрығынан өсіріп, шабақтарды көлге жіберіп отыратын. Ол қазір жоқтың қасы. Сазан мен көксерке тым азайып кетті. Есесіне майда шабақтар қаптап өсуде. Америкадан әкелініп жерсіндірілген бір мыңға жуық ондатрлар тез өсіп, көбейген еді. Қазір олардың өсуі күрт төмендеді.
Бұрын Балқаш көліне Іле өзенінің құяр сағасында қаптаған аралдар болған. Көктемде тасыған өзен сол аралдарға айналған көл суларын толтыратын. Сонда көктем, күз мезгілдерінде шулы теңізден уылдырық шашу үшін қашып шығатын түрлі балықтар әлгі көлшіктерде өсіп, өніп, уақыты келгенде бірін екіншісі ығыстырып, балық қоры көбейетін. Ал қазір сол көлшіктерге су келмейді. Себебі біріншіден, көл суының азайғандығы болса, екіншіден, өзен арқылы су баратын аралдар қайранға айналды. Қайрандарды құмнан тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Жануарлар мен аң-құстардың саны азайып, тоғайлар мен сексеуіл сирей бастады. Профессор-зоолог, натуралист жазушы Павел Мариковский – Балқаш көлінің экологиясын көп зерттеген ғалым. Ол: «Кеше биік құм төбенің үстінде тұрып, дүрбімен Балқаш көлінің жағалауынан алып ақ мұнараны көрдім. Ол біртіндеп ыдырап, бұлтқа айналып, жоғалып кетті. Оның аспанға көтерілген тұз шаңы екенін кейін білдім. Тұз шаңы осы өңірде өмір сүріп жатқан адамдардың денсаулығын бұзып, жануарлар мен өсімдіктерді жойып жатыр», – деп жазған еді.
Балқаштың осындай ауыр жағдайы елдегі ғалымдарды, қоғамдық ұйымдарды, өңір тұрғындарын алаңдатқанына көп жыл болды. Осыған орай, Қазақстан Ғылым академиясындағы география институтының ғалымдары, «Табиғат» экологиялық одағы осы мәселелерді көтерді. Алматы облысының әкімі Заманбек Нұрқаділов олардың талабын қолдап, Қазақстан Үкіметінің сол кездегі басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа халықаралық ғылыми-экологиялық форум өткізу туралы ұсыныс жасаған еді. Көп кешікпей Қ.Тоқаевтың қолымен «Балқаш – 2000» халықаралық экологиялық форумын өткізу туралы Үкімет қаулысы шықты. Мен ол кезде Алматы облыстық орман және биоресурстар басқармасының бастығы едім.
Форум 2000 жылы 16-18 қараша күндері Алматы қаласындағы бұрынғы Жоғарғы Кеңестің сессия залында өтті. Оны ұйымдастырудағы мақсат – Балқаш көлінің проблемаларына әлемдік жұртшылықтың назарын аудару, Қазақстанның қоғамдық, үкіметтік және бизнес ұйымдарының бірлескен іс-қимылдарының кешенді бағдарламасын жасаудағы мүдделерін біріктіру, Іле-Балқаш бассейнінің бүкіл аумағында экологиялық және экономикалық ынтымақтастық аумағын құру. Форумға Үкімет басшылары, Парламент депутаттары, министрлер, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының әкімдері, елшіліктер өкілдері, 10 академик, 50 ғылым докторы мен 30 ғылым кандидаты қатысты. Жиында сөйлегендер Іле-Балқаш бассейнінде орын алған иесіздік пен шашыраңқылықты жою керектігін, географиялық жағынан басы Қытайда, ортасы Алматы мен Жамбыл облыстарында, аяғы Қарағандыда жатқан бұл су айдынына бір басшылық болмай, жағдайдың түзелмейтіндігін ашып айтты. Басқарудың экономикалық механизмдерін жедел енгізіп, кемшіліктерді түзетудің шұғыл шараларын жүзеге асыру, Қытай елімен келіссөздердің тиімділігіне қол жеткізу қажеттігіне Үкімет басшыларының назарын аударды.
Дүниежүзілік тәжірибеге сүйенсек, бассейнді басқару әдісі Австралиядағы Мюррей мен Дерлинг өзендерінде, Америкадағы Теннеси мен Канададағы Шодвер өзендерінде игі нәтиже беріп отырғандығы да сөз болды. Алматы облысының бастамасы бойынша ұйымдастырылған форум Іле-Балқаш аймағын экологиялық апаттан құтқарудың кең және ауқымды іс-қимылын жасаудың басы еді. Форумда Орталық Азия елдерінің су ресурстары жөніндегі конвенциясын жасау, олардың заңдарына да өзгерістер енгізу қажеттілігі туындағаны айтылды.
Балқашты қорғау Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының күн тәртібіне кіргізілді. «Балқаш» экологиялық форумы Іле-Балқаш бассейніндегі қалыптасқан жағдайға кешенді талдау жасады және оны тұрақты дамытудың басты шараларын анықтап берді. Форум дүниежүзілік тәжірибеге сүйене отырып, бассейнді басқарудың халықаралық және ұлттық деңгейде жаңа заңдық және экономикалық механизмдерін енгізу, Қытай елімен шекаралық су ресурстарын бірігіп пайдалану жөніндегі жүргізіліп жатқан келіссөздердің тиімділігіне қол жеткізу туралы арнайы қарар қабылдады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Д.Ахметов басқарған үйлестіру кеңесі құрылды. Оның құрамына бірнеше министр, Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының әкімдері, қоғамдық ұйымдар басшылары кірді. Мен де осы үйлестіру кеңесінің мүшелігіне ендім. Үйлестіру кеңесінің алғашқы мәжілісінде жұмысшы тобы құрылып, оны басқару маған тапсырылды. Оның құрамында негізінен Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының, география институтының, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары болды.
Жұмысшы тобына кірген республика көлеміндегі білікті ғалымдардың күш-жігерін пайдаланып, форумда көтерілген мәселелерге сараптама жасай отырып, Іле-Балқаш бассейнін тұрақты дамытудың стратегиялық бағдарламасының жобасын жасадық. Бағдарламада «Балқаш көлі» туралы Заң жобасы, Қазақстан Республикасының заңдарына осыған байланысты өзгерістер енгізу, бассейнді басқару құрылымы, инвестиция тарту және осы өңірде болашақта ұлттық табиғи бақтар құру туралы ұсыныстар бар еді. 2001 жылдың 10 шілдесінде үйлестіру кеңесінің кезекті мәжілісі өтті. Мәжілісте жұмысшы тобының хабарламасын мен жасадым. Кеңес мүшелерінің талқылауынан кейін, Әділет министрлігіне «Балқаш көлі» туралы заң жобасын, Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрлігіне бассейнді тұрақты дамыту бағдарламасын дайындауды, Сыртқы істер министрлігіне Қытай мемлекетімен келіссөз жүргізуді жалғастыруды тапсырған болатын. Міне, іс осымен бітті, бүгінгі күнге дейін жабулы қазан жабулы күйінде тұр.
Балқаш көлінің проблемалары азайған жоқ, күн өткен сайын асқынып барады. Қытай тұрғанда Іле өзенінің көлемі азая беретіні сөзсіз. Осыған байланысты ішкі резервтерді іске қосуға көңіл аудару қажет шығар. Қазір Алматы, Жетісу өңіріндегі Іле өзеніне құятын сулардың арналары құмға толып, Ілеге толық жете алмай жатқан жайлары бар. Керісінше, жерге сіңіп, елдімекендердің астынан шығып, үлкен қиыншылықтар тудырып жатыр. Осы сулардың арналары құмнан тазарып, Ілеге толық құятын болса, проблемалар жеңілдеген болар еді.
Қорыта айтқанда, Іле-Балқаш бассейнін тұрақты дамытудың кешенді бағдарламасын жасап, көлдің мәртебесін асқақтату бүгінгі жаңа Қазақстанда кезек күттірмейтін міндет екенін билік басындағылардың есіне салғым келеді. Балқаш – тек біздің ғана табиғи қазынамыз емес, бүкіл әлемнің қазынасы. Оның құрғап кетуі тек Орталық Азияға ғана әсер етіп қоймайды, Қытай, Монғолия, Еуропаға да кері әсерін тигізеді. Сондықтан әрбір табиғи экожүйені көздің қарашығындай сақтау мен қорғау – адамзат баласының биік парызы екенін білгеніміз жөн.
Бексырға Данышпанов,
география ғылымдарының кандидаты,
Алматы облысының Құрметті азаматы