Ел болашағының жарқын болуы білім беру сапасына тікелей байланысты. Тәуелсіздік алғалы бері оқу жүйесінде түрлі өзгерістер орын алды, жаңа технологиялар енгізілді. Соның бірі – «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы. Тіл маманы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Нұрша Алжанбайқызы Алаш арыстарының идеясын жаңғырта отырып, өмірге әкелген бұл технологияның еліміздегі жалпы орта білім беру мекемелерінде іс-тәжірибеге еніп, білім саласында үздік нәтиже көрсеткеніне биыл 30 жыл толып отыр. Осыған орай, Қонаев қаласындағы «Балдәурен» республикалық дарынды балаларға арналған оқу-сауықтыру орталығында халықаралық ұлттық саммит өтті. Оқу-ағарту министрлігі ұйытқы болған шараға Қырғызстаннан, Монғолиядан және еліміздің түкпір-түкпірінен білім саласының майталмандары келіп, қатысты. Мақсаты – білім алушылардың функционалдық сауаттылығын арттырған технологияны халықаралық деңгейге көтеру, ұлт болашағына қызмет ететін өміршең жоба екендігін дәріптеу.
Саммиттің ашылу салтанатында алғашқы сөз қоғам қайраткері, тіл жанашыры, аталған технологияның өрістеп, дамуына бірден-бір себепші болған Оразкүл Асанғазықызына берілді.
– Тіл – адамның жаны, тілді оқытуға келгенде әсте жаңылуға болмайды. Бірақ, өкінішке қарай, қателестік. Біресе сауаттандыру дедік, біресе қазақ тілі мен әдебиетін біріктіріп оқыттық, біресе әдебиет деген не, тәйірі, өзі оқып алады дедік. Осының кесірінен басқаны былай қойғанда, қазақ тілі мен әдебиет мамандарының өзі сауатсыз болып шықты. Ал Нұрша бұл қателікке жол бермеді. Алаш арыстарының методикасын пайдалана отырып, оқытудың тиімді әдістерін жүйелеп берді. Біз қазақша ойлайтын, ойын анық жеткізетін, сауатты жазатын, өз халқының тарихы мен әдебиетін түсінетін, санасына ұлтының салт-дәстүрін сіңірген, рухы биік азамат тәрбиелеуіміз керек. Осы жолда Нұрша Алжанбайқызының еңбегі ерен, – деді қоғам қайраткері.
Одан кейін сөз алған Қырғызстаннан келген Қиялбек Ахматов: «Қазақ пен қырғыз елін шекара бөліп тұрғаны болмаса, екі елдің түбі бір, ойлауы мен санасы бір. Бұл технология туралы жақында ғана білдік. Самиттен көрген-білгенімізді, үйренгенімізді өз елімізде пайдаланып, бұл технологияны қырғыз елінде танытсақ деген ниетіміз бар», – деген профессор Нұрша Алжанбайқызына Құттықтау хат пен сый-сияпат тарту етті.
Келесі кезекте Оқу-ағарту министрлігінің басқарма басшысы Әлия Чокупова технология авторының білім-ғылым саласындағы ізденістеріне, зерттеулері мен нәтижесіне кеңінен тоқталды.
– Н.Оразақынова ғылыми-зерттеу жұмысының негізін әуелде практикалық жұмыстардан бастаған. Содан кейін ғана оның ғылыми әдіснамалық негіздерін жүйелеп, нәтижесінде 200-ден аса ғылыми-әдістемелік еңбектер мен мақалалары жарық көрген. Ең бастысы, бұл технологияны Қазақстанның әр аймағында, атап айтар болсақ, Астана, Алматы, Орал қалалары мен Батыс Қазақстан облысының арнаулы мектептерінде жүргізілген тәжірибелік алаңдарда тікелей өзі жетекшілік етуде, – деген Әлия Иағалиқызы осы технологияның оқу үдерісіне енгізілуіне, білім алушылардың бойында құндылықтар мен қажетті дағдылардың қалыптасуына көмек беріп, сабақ сапасының жақсаруына септігін тигізіп жүрген мұғалімдер мен әдіскерлерге министрліктің орта білім комитеті басшысының Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ Нұрша Алжанбайқызына «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісін тақты.
Бұл технологияның өмірге келуінің өз тарихы бар. Жоба авторы университетте білім алып жүргенде қазақ балаларының өз ойын ашық айта алмайтынын байқайды. Кейін мектепке мұғалім болып барғанда пікірін бүкпесіз жеткізіп, өз ұстанымын дәлелдей алатын, білімді шәкірттерді тәрбиелеуге барын салады. Аталған технологияны әуелі «Қазақ тілін сатылай кешенді талдау» деген атаумен Абай атындағы ҚазҰПУ және қазақ-түрік лицейімен біріге отырып қазақ тілі сабағында қолданады. 200-ден астам шәкіртке білім беруде қолданылған технология жақсы нәтиже бере бастайды. Кейіннен өзге пәндерде де қолданылып, көршілес елдердің назарына ілігеді. Бұл жоба білім алушыларға кез келген пәннің ғылыми жүйесі мен мазмұнын сатылай, кешенді түрде меңгертіп, сол пәннің ғылыми тілінде сөйлеуге үйретіп, сауатты, ғылыми стильде жазу дағдысын қалыптастырады. Ұлттық құндылықтарды бағалап, қолдана білуге машықтандырады.
– «Білімдіден не пайда? Білгенін көпке айтпаса. Үйреткеннен не пайда? Қайырымы қайтпаса», – дегендей еңбегімнің жемісті болғанына қуаныштымын. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Алашқа аты шыққан адамдар көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер. Сендер адассаңдар, арттарыңнан Алаш адасады. Арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар» деген екен. Міне, осы тәмсіл мені алға жетеледі, – дейді Нұрша Оразақынова.
Саммит барысында еліміздің әр өңірінен келген мектеп директорлары «Сатылай кешенді оқыту» технологиясының менеджменттік басқарудағы, функционалдық сауаттылықты қалыптастырудағы рөлі, технологияның жаратылыстану пәндерін оқытудағы тиімділігіне қатысты өз тұжырымдарын ортаға салды. Сондай-ақ Кіші ғылым академиясының ұйымдастыруымен биыл төртінші рет өткізіліп жатқан халықаралық олимпиадаға оқушыларды дайындау барысындағы өз тәжірибелерімен бөлісті.
Отбасылық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Нұрлы білім» интеллектуалдық-танымдық клубының ұйымдастыруымен қызықты шара өткізілді. Онда отбасы мүшелері М. Мақатаевтың, М. Шахановтың, Т.Молдағалиевтің өлеңдері негізінде шығармашылық көрініс қойып, өлеңдерін жатқа оқып, әндерін бірге шырқады. Осылайша, «Ұлттық құндылық отбасынан басталады» деген тәмсілді ұтымды жеткізді.
Шараның екінші күнінде тәжірибелі мұғалімдер шеберлік сағаттарын өткізді. Онда төл технологияны жаңартылған білім мазмұнында қалай қолдану керектігі түсіндірілді. Шебер мұғалімдер бір ұлттық құндылықты негізге ала отырып, оны қазақ тілі, әдебиет, математика, дүниетану пәндерінде оқушыға қалай жеткізу керектігін тәжірибе жүзінде көрсетті. Сондай-ақ, аталған технология зертханасы аясында «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты халықаралық ауызша командалық олимпиада өтті. Оған 216 оқушы, 109 команда қатысты.
Нұрша Алжанбайқызының асыл армандарының бірі – ұлттық мектеп ашу. Мұнда оқушы білім алып қана қоймайды, ұлттық құндылықтарымызды, төл мәдениетіміз бен тарихымызды, салт-дәстүрімізді қатар меңгереді. Осы уақытқа дейін өзге елдің түрлі әдіс-тәсілдерін білім саласына келсін-келмесін кіргізуге тырыстық. Шетелдің салты басқа, дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі басқа. Қанша жанастыруға тырыссаң да бөтендігі білініп тұрады. Сондықтан да ата-баба жолын жалғаған төл технологияны қолдана отырып ұлттық мектеп ашу кешегі мен бүгінгіні жалғап, кемел болашаққа бастар даңғыл жол болмақ.
Гүлзат Байқонысова