Кимешек киген әже бейнесі бүгінде ұмыт болып барады. Осы бейнені жаңғыртып, қайта оралтып жүрген – «Жетісу» телеарнасының редакторы, журналист Гүлназ Мұстафа. Әже атанатын жасқа әлі жетпесе де кимешек киюді қолға алған жанның мақсаты – ұлттық дәстүрді қайта оралту, жас ұрпаққа лайықты тәлім-тәрбие беру. Бұл турасында Гүлназдың өзі былайша ой өрбітті.
– «Неге біз Наурыз мерекесінде ғана ұлттық киім киеміз, басқа уақытта ұмыт қалдырамыз» деген сұрақ үнемі мені мазалайтын. Ұлттық киімді жаңғырту мақсатында апайым Күншайға оюлы кеудеше, көйлек, сырт киім тіктіріп, киіп жүрдім. Намаз оқыған кезден бастап басыма орамал тағып жүруді де әдетке айналдырдым. Бірақ орамал қолайсыздық бола берді. Өйткені, мойның ашық тұрады, өзім жабық жүргенді қалаймын.
Жан-жағыма қарасам, намаз оқитындардың көбі хиджаб киеді. Ол да көңіліме қонбайды. Өзіме жайлы болатын дүниені іздеймін. Содан кимешек есіме түсіп, анама барып: «Сіздің кимешегіңіз бар еді ғой, ол қайда?» деп сұрадым. Марқұм анам: «Не істейсің оны? Ақыры кимейсің, мен ол кимешекті өзінің иесіне беріп қойдым» деді. «Оның иесі бар ма еді?» деп сұрасам, «мен берген адам – сол кимешектің иесі» деп қайырды. Сонымен ол кимешекке қолым жетпеді. Бұдан бірнеше жыл бұрын «Жетісу» телеарнасының режиссері, әріптесім Жанар Рахипова бәрімізге кимешек кигізіп, өзі жазған «Наурыз» әніне клип түсірді. Сонда кимешектің жайлылығын сезінген едім.
Кейін кимешек туралы оқып, зерттей бастадым. Үйге, тойға киетін түрлерін тауып, сіңлім Светланаға «кимешек тігіп берші» деп өтініш айттым. Тігілген кимешекті киіп көргенде жан рахатын сезіндім. Айнаға қарасам, жүзім жарқ етіп, тіпті ажарланып кеткендей болдым. Шешкім келмей, жұмысқа да киіп барып жүрдім. Ислам мемлекеті болсақ, оны күнделікті киіп жүру қиындық тудырмас еді. Ал біздің елде кимешек киіп жүрсең, түрлі сынға ілігесің. Жұмыстағы әріптестерім кимешегіме түсіністікпен қарағанымен, телеарнада жұмыс істеген соң эфирге шығамын, түсірілімдерге барамын. Оны біресе киіп, біресе шешіп, әуре-сарсаңға түстім. Содан жаңалықтар бөлімінен ауысып, бағдарлама жасауға көштім. Осылайша кимешекті басымнан біржола тастамайтын болдым, – дейді Гүлназ Мұстафа.
«Іздегенге – сұраған» дегендей, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» атты республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнұр Жүгінісова хабарласып, Жетісу облысында бірлестіктің филиалы ашылып жатқанын айтып, оның жұмысын жүргізу үшін Гүлназға ұсыныс айтады. Бірлестіктің жұмысымен танысу үшін ол Астанаға барып, ұлттық дәстүрді ұлағат тұтқан өзі сынды аналарды көріп, жасалып жатқан игі істерге куә болған соң ұсынысты қабылдайды. Бұл жөнінде Гүлназ:
– Бұл тура мен қалап, іздеп жүрген жұмыс екен. Мақсатымыз – ұлттық тәрбие, салтдәстүрімізді қайта оралтып, аналардың осы бағыттағы жұмысын жандандыру. Ойлап қарасақ, бұрын әжелеріміз, аналарымыз орамалын басынан тастамаған. Ал қазіргі аналарымыз жасарамыз деп шашын қиды, бетін бояды, жабысқан, тырысқан киімдер киді. Бізде апа, әже қалмады. Осылай кете берсек, енді оншақты жылда әже мен ана бейнесін көз алдымызға елестете де алмаймыз. Келешек ұрпағымыз кимешекті мұражайдан немесе біреудің сандығынан ғана көретін болады. Осыны ойласам, түн ұйқым төрт бөлінеді. Мысалы, мен өзім бала кезімде кимешек киген апаларды көрдім. Сол бейне көз алдыма келе қалса, бойымды ерекше сезім билеп, жаныма жылылық орнайды. Ал қазір кимешекті, жалпы ұлттық киімімізді Наурызда ғана жылт еткізіп бір көрсетеміз. Жастар арабтың киімін кимегенде қайтсін? Амал жоқтықтан хиджаб киіп жүр. Өйткені, оларға өзімізде де осындай ұлттық құндылықтардың барын айтып жеткізетін, насихаттайтын аналар аз. Міне, осы істі бірлестіктегі аналармен бірге атқарудамыз.
Қазір «ұлтжанды ұрпақ неге аз? Шетелге кеткен балаларымыз не себепті Қазақстанды сағынбайды?» деп қамығамыз. Ол жаққа барса да көретіні – жұлма-жұлма, ашық-шашық киінген аналар, әпкелер, қыздар. Елді сағынатындай, шет мемлекеттерден айырмашылығымыз шамалы. Мәселе айырмашылықта да емес, ұлттық құндылығымызды сақтап, сонымен даралануда. Ана ретінде мен өскелең ұрпаққа бір пайдамды тигізіп, кимешек киетін апа ретінде ең болмағанда он баланың есінде қалсам деген арманым бар. Өйткені, баланы сөзбен ғана емес, іспен тәрбиелеу керек. Сонда ғана санасына сіңіре аламыз, – деді.
Бүгінгі қоғамда кимешек киіп жүрудің де өз қиындығы бар. Ол жолдан да Гүлназ тайсалмай өтіп келеді. Бірде 70-тен асқан апаның «ваххабистің киімін неге киіп алғансың» деп ұрысқаны бар. Заманауи киіммен кимешек киемін деп те сөзге қалған кездері көп. «Қазіргі заманда жол жүресің, жұмысқа барасың, сөлеңдеген көйлекпен күнде жүре алмайсың. Сол себепті кимешекті заманауи киімдермен үйлестіріп киюіме тура келеді. Оны бір адам қабылдайды, енді бірі сынайды. Кимешектің қадір-қасиетін білетіндер сыйлап, төрге оздырады. Тойға барсам, көшеде жүрсем «кимешегіңіз қандай күшті» деп суретке түсіп жатады. Ондайда абыройым асқақтап, мерейім арта түседі. Кимешектің де киесі бар. Кимешек киіп жүргенімді көрген соң, жиынтойларда айтылатын әңгіме де тәлім-тәрбие тұрғысында өрбиді, – дейді кейіпкеріміз.
Гүлназ бүгінде киім киюге ерекше талғаммен қарайды. Өйткені, киген киімі кимешекпен үйлесіп, адамдарға жақсы әсер қалдырып тұруы керек деп ойлайды. Осы орайда кез келген матаны таңдап, кимешек шылауыштарының да түр-түрін жасатуға болатынын алға тартады. «Ұлттық киімді насихаттауым – патриоттық сезімімнің көрінісі» деп білетін Гүлназ кешегі өткен сайлауда облыстық мәслихат депутаттығына кимешек киген үміткер ретінде де есте қалды.
Алма ЕСЕНБАЙ