Бүгін Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандарды аралап шықты. «SHEBERBUILD» ЖШС шаһардағы жылу жүйелерін ауыстыру және Қ.Қайсенов атындағы №4 орта мектепті күрделі жөндеуден өткізу, №10 шағын ауданда 3 тұрғын үйді салу бойынша конкурсты ұтып алған. Оның ішінде оқу орнының күрделі жөндеуі 2024 жылдың 30 сәуірінде аяқталуы керек болған. Алайда, компания бұл уақытқа үлгермей, жұмыстың тек 75 пайызын ғана орындаған.
«Дүйсенбі күнге дейін уақыт беремін. Ақаулар актісін дайындап өткізіңіздер. Келісімшартты біржақты бұзу тәртібін қарастырамыз», – деді әкім.
Бұдан бөлек, серіктестік №2,4,5 шағын аудандардың жылу желісін ауыстыруды осы жылдың қаңтарында межесіне жеткізуі керек еді. Бірақ, бұл жұмыс та кешігіп жатыр.
«Бес қызметкерге екі басшы. Ауқымды құрылыс осылай жүре ме? Дәнекерлеушілер, мамандар, техникалар аз, қоймада материал жоқ. Істеріңіз сотқа кеткенін ұмытпағайсыздар. Техникалық бақылау мен авторлық бақылау да жоқ», – деді Асхат Бердіханов.
Ал №10 шағын аудандағы 180 пәтерлі тұрғын үйлер былтыр желтоқсанда тапсырылуы тиіс болған. Құрылыс бөлімі бірнеше рет хат жолдап, кейін сотқа беріп, мерзімді 20 маусымға дейін созды. Қазіргі таңда жұмыстың 90 пайызы аяқталды.
«Сіздерге 1 апта уақыт береміз, тездетіңіздер. Құрылыс бөліміне күнделікті мониторинг жасап, материалдар түгелдей алынып, алынбағанын тексеруді тапсырамын. Пәтерлердің ішкі жұмысының 20 пайызы аяқталмай тұр. Алдын ала «Отбасы банк» арқылы ақша салған тұрғындар болса, күтіп жүр. Өте нашар», – деді шаһар басшысы.
Қонаев қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі