Қазақ пайымында адам бойындағы ар-ождан, адалдық, тазалық, жан сұлулығы биік бағаланады. Шынымен де қарапайымдылық пен мейірімділік, адамгершілік пен парасаттылық – ең асыл қасиеттердің бірі. Дүниеге шыр етіп келгеннен ана сүтімен қан тамырына адамгершілік пен адалдық дарып, әке тектілігімен өмірлік шырағын жағып, есейгенде ел құрметіне бөленіп жүрген жандар қаншама? Солардың бірі – ұлағатты ұл, асқар тау әке, асыл жар, жүрегі жақсылыққа толы қарапайым шаруа Күмісбек Ошақбаев.
Күмісбек Сейітқалиұлы – ешкімнің ала жібін аттамай, бойына біткен тектілік пен тәрбиеден терең тағылым алып, бейнеттене жүріп, ұл-қызын бағып, өмірден өз орнын тапқан ардақты жан. Бүгінгі таңда адами болмысымен ардақты атанып, кішілігімен, кісілігімен сый-құрметтің шыңына шыққан Күмісбек Ошақбаев 1964 жылы Балқаш ауданы Жиделі ауылында дүниеге келген. Сол елдімекендегі орта мектеп табалдырығын аттап, оны үздік бағаға тәмамдап, әскер қатарына қабылданған. Мәскеу қаласында сарбаздық міндетін мінсіз атқарып келген соң, Талғар қаласындағы ауылшаруашылық техникумының студенті атанып, онда агроном және есепші мамандығын меңгеріп шығады. 1994 жылы жары Жеңіскүлмен отасып, 4 баланың ата-анасы атанады. Өмір жолын Бақбақты ауылында жалғастырған асыл азамат бүгінде асқаралы 60 жасқа толып, ұл-қызының қуанышына бөленіп отыр.
Әдетте, халқымызда ата-ананы ардақтап, қара шаңырақта қалған жанға деген құрмет жоғары. Қазақ үшін қасиетті саналатын үйді кие тұтып, соның иесі атанған Күмісбек әке-шешесіне деген зор ықыласын танытып, аялап, ардақтап, қарттардың көңілін тауып, тамыры терең алып бәйтеректің жапырағын жайқалтты. Береке ұялаған отбасының бірлігін арттырып, оның алтын діңгегін тұғырлы етіп, ата-ананың өнегесін өз ұрпағының бойынан өшірмеді. Өзі де айналасына шаттықтан шуақ сеуіп, ел еңсесі биік болсын, жерімізге бақыт қонсын деген тілеуімен ерінбей еңбек етті. Ол туып-өскен өңір жұртшылығымен тілдесе қалсаң, ағамыздың ақыл-парасатының кемелдігін айтып, іс-әрекетінің ірілігі мен татулық-тірлігін тілге тиек ете жөнеледі. Біз де түтіні түзу шығып отырған Күмісбек ағаның шаңырағында талай рет қонақ болғанбыз. Шынымен де ел айтқандай, даладай дархан көңілі мен баладай таза пейілі тәнті етеді. Жаймашуақ жайдары мінезі кіршіксіз кісілікті үйретеді. Бойынан аңқып тұрған адалдық адам баласының қандай текті, қандай керім, қандай асыл болатынын танытатындай. Жас болсақ та үлкен басын иіп, қонақты құрметтеу ұғымын аса биік көрсеткенінен бойыңды ерекше сезім билейді. Жан біткен дәл осылай адам атына сай болса ғой дейсің.
Ардақты жанның ата-анаға, ағайын-бауырға деген құрметі жаныңды ерекше сүйсіндіреді. Әсіресе ғасыр ғұмыр кешіп, 100 жасқа жеткен анасын алақанында аялап, аяқ-қолын жылы суға салып, ардақтап төбесіне көтеріп баққанын көргенде, ана мен бала арасындағы нағыз іңкәр сезімнің куәгері боласың. Ғұмырындағы бар ғажабын туған шешесін құрметтеуден тапқаны аға тағдырының тәлімді екенін ұқтырады. Ата-анасына, ауыл тұрғындарына, ағайын-бауырға өзінен кейінгі ең үлкен құрметті қылатын асыл жарын да жан-жүрегімен сыйлауы шынымен де отбасылық үлгіні көрсетеді. Ал асқар тау әкенің балаларына деген қарым-қатынасы, тіпті бөлек. Алланың берген төрт перзентін дәл өзі сынды тура жолдан тайдырмай, маңдайларына шаң қондырмай өсіргені де әке биігін көрсетеді. Барлығын ақылды, саналы кейіппен ержеткізіп, оқытып-тоқытып, өз тұғырларына қондырды. Бойларына асыл қасиет әкесі мен анасынан дарыған ұл-қыздар да тәлімді тәрбиесімен дараланады. Осы орайда Күмісбек ағамыздың кенжесі жайлы айта кетейік. Мұхтар Күмісбекұлы кішкентайынан ақындыққа бет бұрған. Қазіргі таңда – қаламы қарымды, жазғаны жалынды, озық ойлы журналист. Ата басылым «Егемен Қазақстан» газетінің Жетісу облысындағы меншікті тілшісі болып қызмет атқарады. Бүгінде тіршілігін тілшіліктен табуына әкесінің мол септігі тигенін мақтана жеткізеді. Ол: «Әкем аудандық, облыстық, республикалық басылымдарды үзбей оқиды. Үйге оншақты газет келеді. Менің есімде әкем ескі тракторымен отын таситын. Онда апамыздың алатын азын-аулақ зейнетақысы балалардың бәріне жетпейді. Әкем қарашаңырақта отырғаннан кейін, апамның немерелері демалыста үнемі біздің үйге келеді. Үлкен үйіміз кішігірім балабақшаға айналады. Жарысып тақпақ айтамыз. Біріміз апамыздың басына, біріміз аяғына, енді біріміз қасына жатып алып, ертегісін тыңдаймыз. Әкем газет оқып береді. Содан да болар, әдебиетке аса жақын болдым. Әкем үнемі «Кісінің ақысын жеме» деп отырады. Сол сөз әлі күнге жадымнан шыққан емес», – деп ой толғады.
Мақаламызға мәйек болып отырған ардақты ағамыз өмірін өзі өскен өңірмен байланыстырып, қара шаңырақтан жырақтап көрмеген. Қазіргі таңда ауылдың ажарын кіргізіп, ондағы бар берекеге ұйытқы болып жүр десек, артық айтқанымыз емес. Өз Отанына деген шексіз махаббатын ауылына деген айрықша сезімінен аңғартып, осы күнге дейін аудандық ауруханада қызмет атқарып келеді. Бұдан бөлек, ауылдағы қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып, өз азаматтық ұстанымын танытып, тазалық сақтауды көпшілікке өнеге етуде. Ауыл халқының бірлігі мен татулығына дәнекер жанды ауыл тұрғындары да құрметтейді. Халқымыздың «Жақсылық жүрген жерде тапшылық болмайды» деген сөзін өз өміріне ұран еткен ағамызды қай жағынан да үлгі етіп көрсетуге болады. Жастар осындай асыл туған азаматтан тәлім алса, мейірімді де қайырымды, парасатты да пайымды, адамгершілігі асқақ азамат болып тәрбиеленері хақ.
Құралбек СӘБИТОВ