Алматы облысының әкімдігі төтенше жағдайлар департаментімен, Ұзынағаш ауылының №28237 азаматтық қорғаныс әскери бөлімімен және еріктілер ұйымдарымен бірлесіп шомылу маусымы кезіңде адамдардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін профилактикалық іс-шаралар өткізуде.
Күшейтілген жұмыстар нәтижесінде өткен жылмен салыстырғанда биыл адам өлімі 6 жағдайға төмендеген. Оның ішінде балалар өлімі тіркелмеген. Алайда, жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, Алматы облысы Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда су айдындарындағы адам өлімі бойынша алдыңғы қатарда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы, подполковник Ералы Разақұлов мәлімдеді. Биыл департамент қызметкерлері 11 адамды өлім аузынан алып қалған. Сонымен қатар шомылатын орындарда жүйелі түрде профилактикалық рейдтер, халыққа ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Спикердің айтуынша, шомылу маусымы басталғалы 2 адам өлімі тіркелген. Негізгі себептердің бірі – тыйым салынған жерлерде шомылу. Осыған байланысты, рұқсат етілген демалыс орындарын ұлғайту мақсатында облыс әкімдігі төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, шомылуға рұқсат етілген орындарды 7-ден 103-ке дейін ұлғайту жұмыстарын жүргізген. Оның ішінде 7 коммуналдық және 96 жеке жағажай бар. Сондай-ақ, бүгінгі күні облыстық мәслихаттың «Ортақ су пайдалану қағидаларын белгілеу туралы» шешіміне сәйкес шомылуға тыйым салынған орындарды айқындау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Осы іс-шара аяқталғаннан кейін тыйым салатын және ескерту қауіпсіздік белгілері орнатылады.
«Облыс орталығын дамытудың кешенді жоспарында» 2024-2026 жылдар аралығында облыс аумағында төтенше жағдайлар департаментінің құтқару станциясы мен 4 мобильді құтқару бекетін салу жоспарланып, оған 311 млн теңге бөлінген.
Жоғарыда аталған барлық шаралардан бөлек Қапшағай су қоймасының су айдынында бейнекамераларды орната отырып, азаматтар қауіпсіздігін қашықтан мониторинг жасау жүйесін орнату мәселесі пысықталып жатыр.
– Облыс аумағында ірі және ашық су қоймалары өте көп. Ескеретін жайт, бұл орындар суға түсуге арналмаған. Рұқсат етілген орындар – Қапшағай су қоймасы жағалауында орналасқан коммуналдық жағажайлар. Сондай-ақ мас күйінде, денсаулығында кінәраты бар адамдарға суға түсуге қатаң тыйым салынады. Кейбір жағдайда адам жүрек соғысы жиілеуі салдарынан тұншығып, суға батып кетуі мүмкін. Көбіне жағалау маңында тұратын балалар ересектердің қадағалауынсыз шомылуға келе береді. Үлкендердің қадағалауынсыз жүрген балаларды анықтаған жағдайда, біз оларды үйге жіберуге тырысамыз немесе шомылу ережелерімен таныстырамыз. Балалармен демалуға тек шомылуға барлық жағдай жасалған, рұқсат етілген жағажайларға ғана баруға кеңес береміз. Егер балаңызбен жағажайға баруға мүмкіндігіңіз болмаса, онда топ балаға кем дегенде бір ересек адамды қосып жіберіңіз. Балалардың қандай да бір жазатайым оқиғаларға ұшырауына олардың ересектердің қарауынсыз қалуы себеп болады. Бұл бағыттағы жұмыс қатаң бақылауда және шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғасады, – деді Ералы Разақұлов.
Гүлзат Байқонысова,
Қонаев қаласы