Ұлттық мәдениетімізге тән қасиетті игіліктердің ішінде халқымыздың ежелден келе жатқан рухани қазынасы – батаның мән-маңызы ерекше. Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан осынау құндылық парасатты да пайымды айтылуымен жүрекке шуақ сыйлап, жанға қуат беруінен айныған емес.
Райымбек аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық ақсақалдар алқасы ұйымдастырған «Батамен ел көгерер» атты шара барысында қашаннан қалыптасқан ұлағатты ұғым өзінің о бастағы қадір-қасиетін тағы бір айқындап берді.
Бұл күні Б.Мұқай атындағы аудандық Мәдениет үйінде әр ауылдан аузы дуалы, сөзімен де, ісімен де, ақыл-парасатымен де көптің құрметіне бөленіп, қадірі артқан ақсақалдар бас қосып, бата беруден өзара сайысқа түсті. Олар ең алдымен ежелден қалыптасқан бата беру дәстүрінің мәні мен маңызына қысқаша тоқталды. Халқымыз айтылған сөзге, тілек-ниетке, берілген батаға ерекше мән беру арқылы ұрпағын адамгершілікке, имандылыққа, ақылдылық пен парасаттылыққа, шешендікке баулығаны туралы деректер келтірді. Тоқсан ауыз сөзге тобықтай түйін берілуінің өзі ұрпақтың денсаулығы мықты, болашағы жарқын, халқына қалаулы, еліне елеулі азамат болып қалыптасуына айқын бағыт, тура жол нұсқауды мақсат ететінін де ұғынықты жеткізді. Заманның тыныштығы, айнала қоршаған ортаның зілзала мен табиғи апаттардан аман болуы, ел-жұрттың мамыражай тіршілік кешуі батаның өн бойында айтылатын жақсы сөздің жарым ырысқа баланатыны да жан-жақты айтылды.
Ақсақалдар келесі кезекте бата беруден сайысқа түсті. Бұдан кейін қағазға жазылып, билет түрінде ұсынылған белгілі бір тақырып бойынша білім-біліктерін сынады. Жастарға арналған бата, түрлі деңгейдегі тойға берілетін бата, дастарқан батасы, басқа да салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа негізделіп өткізілетін игі шараларға қатысты баталар ой тереңдігі, тілдің шеберлігі, шешендігі арқылы көптің көңілін баурады. Олар сонымен қатар қазылар тарапынан бата беруге қатысты қойылған сұрақтарға да қанағаттанарлық жауаптар берді.
Сайыстың қорытындысы бойынша мән-маңызы бөлек шараға жақсы дайындықпен келген Қақпақ ауылының ақсақалы Нұржұма Көпбосынұлы жеңімпаз деп танылды. Сөйтіп, қазылар алқасының ұйғарымымен жүлделі бірінші орынды иеленді. Ұзақ батыр ауылынан келген 90 жастағы Әжібек Төкебаев екінші, Қарасаз ауылынан келген Оразхан Айтпанбетов үшінші орынға ие болды. Ал текестік Алтай Байбосынов пен сүмбелік Зікірбай Жабағиев сынды батагөйлер ынталы деп танылды. Жеңімпаздарға аудандық ішкі саясат бөлімі мен аудандық ақсақалдар алқасы тағайындаған дипломдар мен сыйлықтар тапсырылды. Осы күні Мәдениет үйінде ұлттық қолөнер көрмесі де ұйымдастырылды.
Жұмабек Тұрдиев,
Райымбек ауданы