Балқаш аудандық тарихи-өлкетану музейінде аудандық ішкі саясат бөлімі және «Ұмтылыс Q» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған «Парасатты отбасы» және «Отбасы құндылықтары» байқауының жеңімпаздары марапатталды.
«Парасатты отбасы» байқауына аудан көлеміндегі бірқатар жанұя қатысып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуден сынға түсті. Жас ұрпақты тәрбиелеуде ата-ананың, ата мен әженің рөлі жан-жақты көрініс тапты. Қоғамға үлгі болатын отбасыларды насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауды қорытындылай келгенде, Ашықбаевтар отбасы I орынды жеңіп алды. II орынды Бөпешбаевтар отбасы еншілесе, жүлделі III орын Наушабековтер әулетіне бұйырды. Сонымен қатар Мәдиевтер отбасы ынталандыру сыйлығына ие болды.
Шара барысында «Отбасы құндылығы» тақырыбында өткен балалар арасындағы сурет байқауының жеңімпаздары мен қатысушыларына арнайы дипломдар, Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ аудан көлеміндегі қоғамдық іс-шараларда белсенділік танытып, жастарға саналы тәрбие беріп жүрген аудандық аналар кеңесінің мүшелері де марапаттан құралақан қалмады.
Бақтығали ДӘУІТБАЕВ,
Балқаш ауданы