-13 °c
Qonaev
Monday, July 7, 2025
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    Home Барлық жаңалықтар

    Замананың бүгінгі бейнесі

    16.08.2024
    in Барлық жаңалықтар, Өмірдің өзінен
    Замананың бүгінгі бейнесі
    0
    SHARES
    81
    VIEWS

    Ақ пен қарасы қатар жалғанда жер басып жүрген жандардың да түр-түрі бар. Мен оны қилы көріністерден, тоқсан қабат тіршіліктің қым-қуытынан көрдім. Иә, білгенім – замананың бүгінгі бейнесі. Адамдардың сан алуан мінезі. Жаратушымыздың пейілімен жұмыр жерге түскен пенделердің бірі айналасына шуағын шашқан ақкөңіл болса, екіншісі қара басының қамын ойлайтын адам болуы заңдылық. Бірақ арам пиғылдылардың кесірі көпке тиеді. Бүгінде алдыңа күліп тұрып, артыңнан сөз айтатын, көзіңе мақтап, өзгеге даттайтын екіжүзділердің еселенгені өкінішті-ақ.

    Самат бүгін үйінде. Тір­ші­ліктің тауқыметі әбден тоз­дырып жіберген. Ол –өзінің ойы. Әйтпесе, киер киімі, ішер асы әрдайым табы­лады. Зайыбы Жанар да жұбайының тапқанын екі балаға жеткізіп, артылғанын жинап та қояды. Жұрттың алды бол­маса, соңына түскені байқалмайды. Бірақ қымбат көлік мініп, зәулім үй тұрғызған дос­тарын қызғанатын Самат тез арада сол жағдайға же­ту­ді мақсат тұтады. Соны ойлап-ақ азаннан кешке дейін то­зып отырады. Бүгін тағы көңі­лі суық, басы салбыраңқы. «Ба­рынша беріліп істесең қызметіңді көтеремін» деген бастығының сөзі орындал­ма­ғанына күйініп отырған түрі бар.  Рен­жіп қана қоймай, бастығын жерден алып жерге салып, ышқынып отыр. «Айт­қанын істемеген адам емес» – деп те айқайлап қояды. Ал­ғаш арба сүйреуші ретінде жұ­мысқа қабылданып, жауап­­ты адам лауазымына дейін көтерілгені де кө­кейі­нен шығып  кеткен. Бас­тығы сол айтқандай жа­ман болса, жігіттің жағдайын жа­самас еді-ау. Самат ақ­шаның артынан еріп, қуысын бітеймін деп жүріп қанағатты жоғалтқанын әйелі жақсы біледі. Бірақ оның қолынан келері – тек сабырға шақыру. Жанында отырған досы Арман да бастығы жай­лы өтірік-шыны аралас әңгі­ме­лерді судай сапырды. Екеуі жабылып біреуді жамандаған түн де өтті. Таң атысымен күрсінген келбетін өзгертіп, басын суық суға  салып, жуынып-шайынып ал­ған жігіт жұмысқа беттеді. Есіктен кіргеннен бастығымен ентелеп амандасқан ол тапсырған жұмыстарын да бұлжытпай орындауда. «Аға осы күніміз сіздің арқаңыз, сіздей жақсы адамдар көп болса ғой, шіркін!» деп арасында көлгірсіп те үл­ге­реді. Бастығының сыртынан айтқан кешегі ауыр сөздер бір сәтте ұмытылғандай. Міне, бұл Саматтың нағыз бейнесі емес, киіп алған бет­пер­десі еді. Арам пи­ғы­лын жасырып, бастығына жақ­­сы болып көрініп, жағ­дайын жасамаққа көшкен. Әйелінің «Неге адамдарды алдайсың?» деген сұрағына, «Тоғайына қарай торғайы, заманына қарай адамы», за­ман сондай, бұл өмір, бай­лық­­қа солай ғана қол жеткі­зе­сің» деп жауап берген жігіт­тің беті де бүлк етпеген еді. Бүгін міне, осы ісі арқылы екіжүзді атан­ғанын өзі де сезбей қалды. Доспын деп қасынан қал­май­тын Арманның да Саматқа деген сырттай өкпесі бар еді. Саматтың тез көтеріліп, жұ­мыста абыройлы болғанын көре алмайтын. Кешегі әңгі­ме­ден соң соның есесін қай­тарар кез де келді. Досым деп бетперде киген жігіт, күні кеше болған келеңсіз әңгімені бастығына барып жайып салды. Олардың мұн­дай әрекеттерін бұ­рыннан байқаса да көр­ме­ген­дей болып, кешіріммен қа­ра­ған бастық бір-біріне жа­саған сатқындықтарына ашынып, екеуін де жұмыстан шығарып жіберді. Бетперде киіп бақытқа жетем деп, былыққа батқан жігіттердің енді бір-біріне қарауға беттері жоқ. Мүм­кін ұялатын шығар, бірақ тір­шілік үшін біреудің сыртынан сөз сөйлейтіндер қысылудың не екенін білмейтін де болар. Заман сондай, заманына қа­рай адамы дейміз, сонда шы­найылықтың бейнесі қай­да? Заманды өзгертетін адам емес пе? Бәрі адамның қо­лында. Өзің қандай болсаң, ай­налаңдағы адамдар да сон­дай болады. Оған осы бір мысал дәлел болса керек.

    Құйрығы – шаян, беті – адам

    Байқамай сенбе құрбыға.

    Жылмыңы сыртта, іші – арам

    Кез келер қайда сорлыға, –

    деп Абай атамыз айтпақшы, екі­жүзді адамдар тірлік үшін, өз бас пай­да­сын ойлап, қулық-сұмдық­тың небір сиқырын мең­гер­ген. Иә, бұл жандар жағымсыз қасиеттерге ие. Олар өтірік көлгірсіп, өз бойын­дағы жаман қасиеттерді бүр­ке­ме­леп, өзін өнегелі, көр­генді етіп көр­сеткісі келеді. Өзгелерге  жалған мақтаумен  жа­ғынып, өсек тасып жамандап, елді  шағыстырып, соңынан ұрыстырып жүреді. Екіжүзділердің ең бір сорақылығы –  өз ісін тындырып алғаннан кейін, бұрынғы таныстары мен қызметтестерін танымай кетуі. Сіздер де осындай пенделерге тап болған шығарсыздар. Оларды алыстан танып, аулақ жүргеннен артығы жоқ.

    «Бүгінгі таңда адамдардың бәрі неге екіжүзді болып кетті?» деген сауал төңірегінде көп ойландым. Мүмкін бесікте жат­қанында қалыптасатын мі­нез шығар. Бірақ олай болуы мүмкін емес. Қай ата-ана баласын жаман болсын деп тәрбиелейді. Ақ сүтімен адалдықты дарытқан ана мен кеңпейілімен адамдықты үй­рет­кен әкенің кінәсі болуы мүм­кін емес. Ендеше не? Екіжүзділік жүре келе пайда болатын шығар, бәлкім? Ойларым осын­да келіп тоқтады. Расымен адамды оның ортасы, тіршіліктегі қызыл-жасылға  деген  қызы­ғу­шылық өзгертсе керек. Ор­таң дұрыс, тәрбиең түзу бол­маса, өтірік айтып, өсек тасу түк те қиын емес. Содан ба­рып, екіжүзділік басталады. Бірақ адамның қай-қайсысы болмасын өзінің бетперде кигенін байқамайтын болса керек. Білсе ұялып, қысылып, қисық әрекетін қояр ма еді? Бүгінгі қоғамның да сыз­дауы­ғы сол. Солқылдағанда есіңді шығарады.

    Ауылдан аңғалдық пен адал­дықтан өзгені көрмеген мен үлкен қалаға келіп жұрт ал­дында жақсы болып көрін­гісі келетін сұм ниеттілерді бай­қап, ба­сым­ды шай­қа­ға­ным әлі есімде. Жо­ғары оқу орнына түсіп, сту­дент атандық, сол кезде үлкен қа­ла­дан неше түрлі адамды кездес­тір­­дім. Кө­зіммен көрген келеңсіз кө­рі­ністер де жетерлік. «Мен мынандай мықты жерде жұмыс істеймін» деп, небір керемет кө­лікті жалға алып, досының не туысының се­німіне кіріп, кейіннен қыруар ақшаны қа­рызға алып, қашып кеткендер де кездесті. Қазіргі ма­хаббат та байлыққа құрылған. Жігіт­ке қымбат көлігі үшін қызығып, опық жеп жүргендер қаншама? Қызды қайт­кен күнде де құрығыма түсірсем дегендер шынайы тұрмысын жа­сы­рып, өтірік бай болып көрініп, жүрегін жаулап алады. Үйленген соң ол былықтың беті ашылып, ажырасып кетіп жатады.

    Бетперденің ең жа­маны – достықта көрініс тап­қаны. Тай құлындай тебісіп, ба­ла шақ­тан бірге өскендер де ақ­шаға келгенде өз басын күйт­теп ке­те­тіні өкінішті. Сондайда «Итіңнің дос болғаны жақсы ғой, ал досыңның ит бол­ғаны қандай жаман» деген аталы сөз ауызға оралады. Ата-бабаларымыз «Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде» деп те тауып айтқан.

    Шариғатта да «Мұнафих», яғни бет­пер­де­лілер бұл өмірден біреуді алдап-арбап орын тапқанымен, мәң­гілік өмірде тозақтың ең түбіне түсетіні жазылған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Екіжүзділіктің белгісі үшеу: сөйлесе – жалған сөй­лей­ді, уәде берсе – орындамайды, аманат етілсе – қиянат етеді», – деген.

    Бүгінде жалған сөзбен ел ішіне іріткі салатын екіжүзділер мен жа­ғым­паздардың көбеюі ойланарлық жайт. Сол үшін тәлім-тәрбиені кү­шейтіп, жаман мі­нез­-қылықты тыйып отыруымыз керек-ақ. Ал адамның жақсы қасиеттерінен өнеге алып, оны өз бойымызға дарытуға тиіспіз.

    Таза мінсіз асыл тас,

    Су түбінде жатады,

    Таза, мінсіз асыл сөз,

    Ой түбінде жатады.

    Су түбінде жатқан тас,

    Жел толқытса шығады.

    Ой түбінде жатқан сөз,

    Шер толқытса шығады.

                              Асанқайғы

    Әйнектің екі жағы болады. Соның бір жағын жуып, екінші жағын жумасаң, ол толықтай кір болып көрінеді. Сол сияқ­ты адамның ішкі жан дүниесі мен сыртқы келбеті де таза болуы керек. Сонда ғана бетперделі емес, шынайы адамды көреміз. 

    Құралбек Сәбитов

    Ұсынымдар

    Жастарға жұмыс ұсынылды

    Алматы облысында 3 мыңнан астам жас жұмыспен қамтылды

    11 months ago
    Қыран құс не алмайды салса баптап?!

    Қыран құс не алмайды салса баптап?!

    8 months ago
    Жаңа банкноттар таныстырылды

    Жаңа банкноттар таныстырылды

    2 years ago
    Баспасөз ұлттық мүддеге қызмет етеді

    Баспасөз ұлттық мүддеге қызмет етеді

    1 year ago
    Көршіңмен тату бол!

    Көршіңмен тату бол!

    7 months ago
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2024

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      t>