Алматы облысында алғашқы ауылдық тірек мектеп жабдықталды. Ұзынағаш ауылындағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепті жаңаша жарақтандырудың таныстырылымы өтті. Оған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
Осыған байланысты «Ашық есік күні» шарасына «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова, «Aitas KZ» АҚ бас директоры, Білім беруді тұрақты дамыту қорының құрылтайшысы Серік Толықпаев сияқты жоба қатысушыларымен қатар, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каримова, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорының Қамқоршылық кеңесінің мүшелері, БАҚ және жұртшылық өкілдері келді.
Алдымен мектеп фоесінде Білім беруді тұрақты дамыту қорының директоры Данияр Тоқтарбаев жоба туралы әңгімеледі. Айтуынша, Т.Рысқұлов атындағы мектеп «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Білім беруді тұрақты дамыту қорымен бірлесіп іске асыратын «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасына енгізілген болатын. Бағдарлама аясында Назарбаев зияткерлік мектебінің жарақтандыру стандарты бойынша мұндағы 37 оқу кабинеті мен шеберханасы, сондай-ақ STEM-зертхана, АРТ-студия, интеллектуалдық холл, кітапхана және телестудия жаңартылды.
Спикер келушілерді жаңартылған мектепті аралата жүріп таныстырып, артықшылықтарын әңгімеледі. Музыка, физика, химия, робототехника, инженерия кабинеттері, зертхана, кітапхана, көркем еңбек, информатика, қазақ тілі кабинеттері, спортзал көрсетіліп, ондағы оқушылар мен ұстаздардың пікірі сұралды. Жоба аясында бұл мектептің оқытушылары зияткерлік мектеп мамандарының оқыту курсынан өтіп, әдістемесін алған. Білім мекемесінде бүгінде 2083 оқушы оқиды, 219 мұғалім жұмыс істейді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, материалдық-техникалық базасын заман талабына сай жаңартып, педагогтері еліміздегі үздік мектептің оқытушыларынан үйреніп келген ауыл мектебі енді өз әлеуеті мен тәжірибесін ауданның басқа мектептерімен бөлісе алады. Тірек мектептің мәні мен маңызы да осында. Аталған қор бұл мектепті жарақтандыруға 249 млн 825 мың теңге жұмсаған.
Экскурсия акт залында шараның ресми бөлімімен жалғасты. Алдымен сөз алған облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жаңа, әділетті Қазақстанды құру мектептен басталатынын атап өтіп, өңірдің білім саласында алда тұрған мақсат-міндеттерден, «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша қолға алынған жұмыстардан хабардар етті. Т.Рысқұлов атындағы мектеп озық құрал-жабдықтармен жарақтанумен қатар, мұғалімдерінің білімдерін дамытуға да Назарбаев зияткерлік мектептері үш жыл бойы өзіндік үлес қосатын болса, онда осы арқылы озық үрдіс төңіректегі басқа мектептердің дамуына да айтарлықтай оң әсер ететінін айтты. 100 жылдық тарихы бар бұл мектептің білім алушыларына осындай керемет мүмкіндік жасағаны үшін ауылдық аймақтардағы тірек мектептерінің әлеуетін арттыру жобасының демеушілері, ұйымдастырушылары мен серіктестеріне оқушылар, ата-аналар және ұстаздар атынан зор алғыс білдірді.
«Қазақстан халқына» қорының Басқарма төрағасы Болат Жәмішев жобаның мәні мен түпкі мақсаты төңірегінде сөз қозғап, биыл елімізде тағы да 53 мектепті осылай жабдықтау көзделгенін мәлімдеді. «Құрметті ұстаздар, сіздердің алдарыңызда өте үлкен міндет тұр. Біз сіздермен бірге тірек мектептің ауылдағы білім беру ісіне, айналасына нағыз тірек боларын көрсетуге тиіспіз. Бұл – жобаның басы ғана, алда басқа мектептермен өзара әрекеттестікті қамтамасыз ететін боламыз», – деді Болат Бидахметұлы. «Назарбаев зияткерлік мектебі» ДББҰ Басқарма төрағасы Күләш Шәмшидинова сапалы білім беру төңірегінде ой өрбіте келе: «Жылдам өзгермелі мына заманда баланы бүгінгі өмірге емес, ертеңгі өмірге дайындауымыз керек. Бір ғана мысал айтайын. Сарапшылардың сөзінше, әлемде 2025 жылға қарай 85 миллион жұмыс орны жойылады, оның орнына робототехника 92 миллион жұмыс орнын алып келеді. Сол жаңа жұмыс орнында жұмыс істей алатын баланы бүгін тәрбиелеуіміз керек», деді.
Жиында ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каримова: «Ең қуантарлығы – балалардың сапалы білім алу, ауыл мен қала мектептерінің арасындағы теңсіздікті қысқарту мәселесіне барша қоғам болып кіріскеніміз және оған «Қазақстан халқына» қорымен бірге бизнес өкілдерінің де атсалысқаны. Бұл үрдіс өте орынды. Мектеп ішіндегі құрылғы, жиһаздардың сәнді де ыңғайлы болуы оқу үрдісіндегі ортаны қалыптастыруда маңызы зор. Бүгін соны көрдік», – деді. Ал «Aitas KZ» АҚ Бас директоры, Білім беруді тұрақты дамыту қорының құрылтайшысы Серік Толықпаев бұл істі ең алғаш Қазақстанның шығысындағы өз ауылы Қатон-Қарағай ауданында бастағанында бұлайша республикалық ауқымда қолдау табады деп ойламағанын, ізгілікті істің кең таралғанына шын бақытты екенін жеткізді. Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры қамқоршылық кеңесінің өкілі Эльмира Әлиева лебіз білдірді.
«Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы бойынша «Қазақстан халқына» қоры елімізде 17 ауылдық тірек мектептерін құруды жоспарлапты. Облыстағы соның алғашқысы – Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп. Сол 17 мектепке есептелген жобаның жалпы бюджеті – 4 млрд 250 млн теңге, яғни бір мектепке шамамен 250 миллион теңге қаржы жұмсау көзделген. Бүгінгі таңда Қор сол 17 тірек мектебінің барлығының мұғалімдеріне оқыту курстары мен тағылымдамадан өткізу түріндегі әдістемелік көмек көрсеткен.
Шара соңында оқушылар мәртебелі меймандар назарына концерттік бағдарлама ұсынды.
Жамбыл ауданы
Серік Сатыбалдиев