Қарасай ауданы дәстүрлі аграрлық өңірден, индустриалды аймаққа айналуда. Мұнда бүгіндері ірі өндірістік 18 кәсіпорын, соның ішінде жүйе құраушы 7 зауыт жұмыс істейді. Өткен жылы өндірілген өнеркәсіп өндірісінің көлемі 531,1 млрд. теңгені құрады. Ауданның осындай жетістіктеріне жуық арада «Алтын таға» ЖШС-не қарасты темірбетон өнімдерін шығаратын зауыт қосылмақ.
Құрылысы 2022 жылы басталған темірбетон өнімдерін шығаратын зауыт 2025 жылы толық аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Барлығы 40 гектар жерге орналасқан зауыттың өндірістік аумағы 500 мың шаршы метрді құрайды. Аталған жобаға 30 млрд. теңге инвестиция тартылған. Зауыт жұмыс істей бастаған кезде мұнда 1200 адам еңбек етпек.
Аты айтып тұрғандай, бұл жерде, негізінен, темірбетоннан жасалған өнімдер шығарылмақ. Атап айтқанда, су ағатын лотоктардан бастап, құдық сақиналары, тіреуіштер мен электр сымдарын тартатын бағаналар, темірбетон қабырғалары, ригельдер мен фермалар жасалынбақ. Сонымен қатар өндірістік ғимараттар мен тұрғын үй салуға арналған бөлшектер, тасымалдап жүруге ыңғайлы қызметтік нысандар, көкөніс сақтайтын қоймалар жасалынады. Кәсіпорын қуаты жылына 300 мың шаршы метр өнім шығаруға жетеді.
Қазіргідей еліміздің барлық аймақтарында құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқан шақта аталмыш зауыттың өнімдеріне деген сұраныстың арта түсетіні рас. Осы орайда «Алтын тағаның» асығы алшысынан түсетіні ақиқат. Бұл зауыт еліміздің оңтүстік өңірлерінің сұранысын қанағаттандырып қана қоймай, тапсырыс бойынша күрделілігі әрқилы кез келген нобайдағы темірбетон бұйымдарын шығаруды көздеп отыр. Қазірдің өзінде «Алты таға» зауытының өнімдерімен Іле ауданында 100 мың тауыққа арналған құс зфабрикасы іске қосылып, өз өнімін бере бастаған.
Зауыт толық қуатымен жұмыс жасай бастаған кезде көлік логистикасына деген зәрулік арта түсетіні белгілі. Осыны алдын ала ойластырған басшылық өндіріс аймағына теміржол тұйығын енгізіп, сонымен қатар автокөлік жолын салуды жобалаған. Тас жол іргедегі Жібек жолы елдімекенінің тұрғындарына кедергі келтіріп, ауылды шаңға бөктірмес үшін ауыл сыртынан өтетіндей етіп жасамақ. Бұл жол тек зауыт қажеттілігін ғана емес, осы төңіректегі барлық елдімекен тұрғындарының игілігіне айналмақ.
Өндірісте қазірдің өзінде, негізінен, осы төңіректегі ауыл тұрғындары еңбек етіп жүр. Ал, зауыттың толықтай іске қосылуына орай жұмысшылардың қатарын көбейту көзделуде. Осыған байланысты 400 адамға арналған жатақхана, инженерлік-техникалық мамандар тұратын жайлы үйлер салынбақ. Аталған жұмысшылар мекенінде күнделікті тірлікке қажетті әлеуметтік нысандар бой көтеретіні де белгілі. Демек, қосымша жұмыс орындары ашылады деген сөз.
-Біздің кәсіпорында біліктілігі жоғары мамандар еңбек ететін болады, – дейді зауыттың участок басшысы Шархан Барланов, – Сондықтан келген үміткерлерді алдымен оқытып, тәжірибеден өткізіп алуды жолға қойғанбыз. Жұмысшыларымыздың орташа жалақысы 500 мың теңге көлемінде. Сонымен қатар ауырып қалған кездері, кезекті еңбек демалысын алғанда әлеуметтік көмек беру ойластырылған. Ал, кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істей бастаған кезде өңірдің темірбетон өнімдеріне деген сұранысын толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар.
Қатар-қатар бой көтеріп келе жатқан өндіріс ғимараттарына қарап, жаңадан ашылатын зауыттың болашағына шүбә келтірген жоқпыз.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы