Қашан көрсеңіз де жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын бұл кісіні ауданда «Биші апа» атап кеткен. Мейраш апаны көпшілік жақсы таниды. Алайда құжат бойынша есімінің Үмітжан екенін екінің бірі біле бермейді. Бүгінде тоқсанға таяған апамызбен мереке қарсаңында әңгімелесіп, өнерге әлі де құштар екенін білдік.
«Би өнері менің өмірімнің өзегіндей болып кетті ғой, балам. Егер сахнаға шақырса қазір де билеуге бармын», – дейді. Бойына бірнеше өнер қонған ерекше жанның сексен жылдан астам билейтіні расында ғажап. Үмітжан Ботбаева бұған дейінгі облыс орталығы Талдықорғанда, елордамыздың сахналарында өнерімен көрерменді таңқалдырған.
Алматы қаласында 1934 жылдың 1 мамырында туған сәбидің есімін әке-шешесі Үмітжан деп жаздырғанмен, еркелетіп «Мейраш» атап кетіпті. Тәй-тәй басқан бүлдіршіннің әуелей шырқалған әнге, құйқылжыған күйге елітіп тұратынын байқаған ата-анасы оны үш жасынан той-томалақта билетеді екен. Жұрттың таң-тамаша қалып, ризашылықпен қошемет көрсетуі кішкентай қыздың талабына қанат бітіреді. Ол кезде әкесі Жұмаділ ішкі істер органында жауапты қызмет істепті. Соғыс басталып, майданға аттанғанда, ел басына түскен қиындық бұл шаңыраққа да ауыр соғады. Жыр алыбы Жамбылға туыс болып келетін Жұмаділдің отбасын атақты ақын өз ауылына көшіріп әкеліп, қамқорлық көрсетеді. Соғыс аяқталған соң елге аман оралған әкесі жанұясымен қалаға қайта қоныс аударады. Бұл кезде Мейраштың жасы 11-ге толып, Алматыдағы әйгілі №12 мектептің 1-сыныбына барады.
Мектепте биші болып, кішігірім сахналарға шығып жүреді. Опера театрында 1953 жылы өткен бір концертте «Айжан қыз» биіне солист болып билейді. Сонда атақты Шара Жиенқұлованың назарына ілігіп, ел ішінен талантты өрендер іздеген қазақ биінің ханшайымы оны балет мектебіне оқуға қабылдатады. Алайда анасы Әділжан балет әртістігін қазақ қызының табиғатына тән емес көреді. Бөтен еркектің ел-жұрттың көз алдында бойжеткеннің қолына, денесіне қол тигізуін ұят санап, оған үзілді-кесілді қарсы болады. Осылайша балет сабағының ғұмыры бір айдан аспайды. Сол жылы соғыс салған жарадан әкесі қайтыс болады да, келесі жылы мектеп бітірген соң шешесі құдаласып, жиырма жастағы қызын Жамбыл ауданындағы Тарғап ауылына келін қылып ұзатады. Сөйтіп, жас кезінде үлкен сахнаға шығу бақыты бұйырмайды.
Құтты орнына қонған соң да бойында бұлқынған өнер қаланың қызын үлкен сахна болмаса да, топ алдына жарқырата алып шықты. Тарғапта Үйсінбай деген кісі гармон тартады екен. Әуен естісе болды бір орында тыныш тауып тұра алмай, мың бұрала қосыла кететін бір қасиет бала кезден бойына қонақтаған Мейраш мұндайда шаршы топтың ортасынан табылмаса, тұла бойын бір ауырлық басып, еңсесі езілгендей болып тұратын. Сондықтан, қолқалаған тұста тартынбады. Бұған жан жары Кеңес те түсіністікпен қарады. Ауылдың той-жиындарында басына ақ орамал тартқан әппақ сұлу жас келін гармон әуеніне шыр көбелек айналғанда, халық ерекше ықылас танытатын. Музыка ойналса болды, бар ынтасы соған ауып, жан-тәнімен беріле, он екі мүше бір ырғаққа бағынып, алпыс екі тамыры әуенге иіп сала береді. Мұндайда би қимылдарының көбі табан астында туындап жатады. Бейне бір тылсым күш оны ырқынан тыс жетелеп жөнелетіндей көрінеді.
Ауданда 1986 жылы «Ақ әжелер» халық ансамблі құрылғанда, оның белді бір мүшесі болған Мейраш апа содан бері осы ұжымда шаршамай-талмай еңбек етті, әлі де қатысып тұрады. Ансамбльмен бірге алыс-жақын талай шетелді, республиканың түпкір-түпкірін шарлады. Бұл өнер ұжымын ұлттың тілі мен ділі, салт-дәстүрі үшін тер төгіп жүрген Күміс Кемелбекова ұйымдастырған, күні бүгінге дейін өзі көркемдік жетекшісі.
Ел ішінде Үмітжан апа сынықшы ретінде де танымал. Бұл қасиеті тұрмысқа шыққаннан кейін пайда болыпты. Сынған сүйек, шыққан буынды орнына келтіріп салып береді. Жазатайым аяқ-қолын жарақаттап алғандар оны әлі де іздеп келетін көрінеді. Соған орай жұртшылық оны «Емші апа» дейді де. Шипагерлікпен айналысқанына жетпіс жылға таяды.
Үмітжан апаның тағы бір қыры – қолөнер. Ою ойып, сырмақ сыру, құрақ құрау, ұлттық киім тігу, тоқыма тоқу сияқты іске шебер. Кимешектің астыңғы бөлігі – күндікті әдемілеп орайды. Әжелер ансамблінің сахна киімдері анау жылдары Үмітжан Жұмаділқызының ісмер қолынан шығатын. Ұл-қызынан немере-шөбере сүйіп отырған әже олардың биге талаптанғанын баулиды.
Үмітжан апа кез-келген бидің қимыл-қозғалыстары адамның дене тәрбиесімен қатар жан тазалығына да пайдасы зор екенін айтады. «Өзім билемей қалсам, ауырып қаламын», дейді. Билеген сайын өзін жақсы сезініп, жеңілдеп қалады. Ол үшін би – өмірінің мәні, денсаулығының тірегі. Өмірін бимен өрген жанның жастарға айтары, аянбай еңбек етіп, белсенді өмір сүру, елге, жұртқа қызмет ету. «Би адамға жақсы көңіл-күй сыйлап, ғұмырын ұзартады», – дейді дала бишісі.
Серік Сатыбалдиев,
Жамбыл ауданы