Алматы облысында Қосқұдық және Сарыбұлақ ауылдық округінің тұрғындары ауылдарында жаңа салынған медициналық пункт дұрыс салынбады деп шағымданды. Бұл туралы Alatau News ақпараттық сайты хабарлады.
Тұрғындардың айтуынша, екі ауылдағы медициналық мекеме былтыр күзде аз ғана уақытта тұрғызылған, бірақ әлі пайдалануға берілмеген.
«Он күннің ішінде салды да кетті. Бұл нысанның фундаменті жоқ, төменгі жағы үңірейіп тұр. Пеш салынған жоқ, қыста немен жылитыны белгісіз. Тоқпен жылытылған күннің өзінде ауылдағы электр стансасы нысанды толық қамти алмайды. Себебі қуаты аз. Инженерлік желілері жүргізілмеген. Кәріз суы ағатын құбыр, ауыз су құбыры, тоқ – әлі ештеңе тартылған жоқ. Нысанның қақпасының өзі жел соқса құлайын деп тұр. Күйеуім, әйтеуір күзетіп жүр, балалар кіріп кетпесін деп», – деді Сарыбұлақ ауылының тұрғыны Күлипа Тосикова.
Бұқараның базынасын жеткізген Күлипа апаның сөзіне сүйенсек, медициналық мекемені сапалы салынды деуге келмейді. Тіпті, аулаға төселген тастың өзі былқылдап, сазды топырақта ойнап тұр.
«Кеңес кезінде салынған медициналық пунктіміз бар еді. Үнемі ұйытқып тұратын желге шатыры шыдас бермей, бір күні ұшып кетті. Қазір қалпына келтірілді. Жаңа нысан осының күйін кеше ме деп уайымдаймыз. Бұдан бөлек, жаңа медициналық пункттің қабырғасы да сенімсіз секілді. Өйткені, пластик қабырғалар халыққа ұзақ уақыт қызмет етуге арналмаған», – деді Күлипа апа.
Дәл осындай мәселе Қосқұдық ауылында да өзекті. Жалпы Қонаев қаласына қарасты Кербұлақ, Сарыбұлақ, Қосқұдық ауылдарына медициналық нысан бірдей сызбамен салынған.
Ал қала әкімдігінің құрылыс бөлімінің мамандары аталған мәселені жоққа шығарып отыр.
«Барлығы жақсы. Құрылыс жоспардағыдай жүргізілді. Нысан арнайы жылытқыш құрылғылары арқылы жылытылады. Медициналық пункттер наурыз айының соңында пайдалануға беріледі», – деді мамандардың сөзін жеткізген баспасөз хатшысы Екатерина Колесниченко.
Әкімдіктегілер қосымша мәлімет беруден бас тартты. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алулар сайтында бұл құрылыс туралы бірде-бір ақпарат жоқ.
Еске сала кетейік, облыс әкімінің Қонаев қаласы тұрғындарымен кездесуінде шаһар басшысы Нұрлан Құматаев Кербұлақ, Сарыбұлақ ауылдарында медициналық пункт салу үшін 100 млн теңге бөлінгенін айтқан болатын.