Еңбекшіқазақ ауданының жұрты Көрісу күнін ерекше атап өтті. Есік қаласындағы Т.Молдағалиев атындағы аудандық Мәдениет үйінің алды мереке мен берекеге ұласты. Ән әуелеп, күй төгілді. Өнерпаздар мың бұрала биледі. Ағайын бір бірімен құшақ жая амандасып, арқа-жарқа болды.
Жиналған жұртшылық ең алдымен Облыстық музейлер бірлестігі ұйымдастырған көшпелі көрмені тамашалады. Ондағы тарихи жәдігерлер өткен күндерден сыр шертеді. Әсіресе, Жамбыл бабамыздың домбырасына тебіренбей қарау мүмкін емес. Киелі аспабымен айтыстарда атой салған арқалы ақынның бейнесі көз алдыңа елестейді. Көрісу күнінде жыр алыбы ХХІ ғасырдың жастарымен қауышып тұрғандай әсерге бөленесің.
Атақты ұста Дәркембай Шоқпарұлының ізбасарлары да осында. Олар қолөнер шеберінің ізгі жолын абыроймен жалғастырып келеді. Көрмеге қойылған зергерлік бұйымдар соның бір дәлелі. «Жетіқазына» құсбегілер мұражайының қызметкерлері қолына бүркітін қондырып, қасына тазысын ертіп саятшылықты дәріптеп жүр. Ұлттық нақыштағы көріністер мерекенің ажарын одан сайын аша түсті.
Бұдан кейін көрермендер облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы әзірлеген театрландырылған көрініске назар аударды. Араздасқан екі ағайынды ақ сақалды қария татуластарып, оларды бірлікке шақырды. Сол арқылы Амал мерекесінің қасиетін баршаға паш етті. Шағын қойылым ешкімді бейжай қалдырмады.
Аудан әкімі Алтай Досымбаев көпшілікке ақжарма тілегін арнап, Көрісу күнінің мәні мен мазмұнына тоқталды.
– Бұл күнді халқымыз Амал мерекесі деп те атайды. Береке-бірлік пен тату тірліктің, қуаныш пен шаттықтың, ақ тілек пен пәк пейілдің ақтарылар күні. Ұлы Абай «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп жырлағандай, көктем шыққан уақытты бабаларымыз «Амал келді, жыл келді» деп ерекше ілтипатпен қарсы алған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Наурыз мейрамын жаңаша атап өту қажеттігіне тоқталып, мерекенің әр сәті елге пайдасы тиетін, ұрпаққа өнеге болатын игілікті іске ұласуға тиістігін айтқан еді. Ұлттың жаңа болмысы жақсы дағды мен жағымды қасиеті арқылы қалыптасады. Осындай игі дәстүрлер еліміздің мәртебесін асқатата берсін, – деді Алтай Машикұлы.
Бұдан кейін ата салт бойынша Еңбекшіқазақ ауданының Құрметті азаматы, ардақты ақсақал Аянбек Дауытқұлов жиналғандарға ақ батасын арнады. Игі шара ары қарай Сүйінбай атындағы облыстық филармониясы мен «Алатау әуендері» концерттік ұйымы дайындаған ән шашуға ұласты.
Ауданда тұратын өзге ұлт өкілдері де мерекеге ортақтасты. Түрі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір екенін тағы да дәлелдеді.
– Бұл мейрам жыл сайын қанатын кеңге жайып келеді. Ағайын-туыс, дос-жаран бір бірімен құшақ жая амандасып, сағынысып, көрісіп жүргенге не жетсін! Менің ұлтым – қазақ, шешем – орыс, ал әжем – татар. Бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеміз. Одан артық қандай бақыт бар?! Жаңа жыл жақсылықтарға толы болсын! – дейді Есіктегі Заң колледженің 3 курс студенті Анна Қалиева.
«Бақыт қайда барасың?» дегенде, ол: «Ынтымағы жарасқан елге барамын» деген екен. Ынтымағымыз ешқашан ажырамасын! Жылдан жылға аман-есен жете берейік!
Болат МӘЖИТ
Еңбекшіқазақ ауданы