Талғар аудандық орталық ауруханасында алғаш рет жамбас буынын протездеу операциясы жасалды. Алматы облыстық әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалының хабарлауынша, имплант орнату бойынша жоспарлы операция «сол жақтағы 3-4 дәрежелі деформациялық коксартроз» диагнозымен бірнеше жыл бақылауда болған 1962 жылы туған науқасқа жасалды. «Науқас дертін ауырсынып жүрген және консервативті емдеу әдістері, физиотерапия және жаттығу терапиясы ауруын айтарлықтай жеңілдетпеді. Бұған дейін осындай дертке шалдыққан науқастар басқа ауруханаларға жедел емдеуге жіберілетін», делінген қор баспасөз қызметінің хабарламасында.
Жамбас буынын протездеу, яғни зақымдалған сүйектер мен шеміршектерді протез бөліктермен ауыстыру операциясына тәжірибелі хирург Арсен Қанатұлы, травматология бөлімінің меңгерушісі Талғат Малаев, травматолог Исламбек Нұрмұқашев, анестезиолог Зухра Ғалиева қатысқан. Қазіргі уақытта науқас емнен кейін оңалтудың бірінші кезеңінен өтіп жатыр.
Қор мәліметінше, буын эндопротезі – тірек-қимыл аппараты аурулары мен жарақаттарды емдеу жолындағы үлкен жетістік. Науқастарда буындарын әдеттегі емдеуден нәтиже шықпаса оны ауыстыру керек болады.
Alatau News.kz