Облыс орталығынан шалғай орналасқан Кеген ауданында да сайлау сәтімен басталды. Біз аудан орталығы Кеген ауылындағы № 558 сайлау учаскесінде болдық. Сағат 7-00 де аталған сайлау учаскесінің төрайымы Әсем Шанбаева қысқаша сөз сөйлеп, сайлауды ашық деп жариялады. Осы сәтте мемлекеттік әнұранымыз орындалды. Бұдан кейін аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Райымбек, Кеген аудандарының Құрметті азаматы Сабыр Досымбеков сөз сөйледі.
-Құрметті көпшілік! Міне, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесінің қарсаңында көптен күткен Парламент Мәжілісі және мәслихаттар депутаттарын сайлау да келіп жетті. Бұл ел өміріндегі аса маңызды іс болып отыр. Шын мәнінде, бүгін әр адамның дауысының маңызды екенін түсінуіміз қажет. Ауданымыздың барша сайлаушылары, әсіресе, көнекөз, қазыналы қарттарымыз белсене дауыс береді деп сенемін. Бүгінгі істеріңізге сәттілік тілеймін!, – деді Сабыр Досымбеков.
Аудандағы еңбек ардагерлерінің, қариялардың көшбасшысы саналатын Сабыр ағамыз алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасап, дауыс берді. Бұдан кейін көп ұзамай ардагер спортшы, ақын Шеризат Мекебаев, аудандық электр тарату жүйесі мекемесінің басшысы Жанас Серғазиев дауыстарын беріп жатты.
Аталған №558 сайлау учаскесі бойынша 1436 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде Сара Қосаева, Нұрғайша Донаева секілді қарт сайлаушы, Айдын Тауатай, Алмас Бейсеубаев секілді ең жас сайлаушылар бар. Кеген ауданы бойынша жалпы 18669 сайлаушы тіркелген. Қазіргі таңда өңір бойынша 34 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.