Биылғы Наурыз мерекесі Жамбыл ауданында нағыз жалпыхалықтық сипат алып, ауқымды көлемде тойланды. Мұндай жиынды жамбылдықтар көптен бері көрмеп еді. Көкбастау жазығына жиналған адамда есеп жоқ. Таңертеңнен басталған той-думан күні бойы жалғасты. Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев арнайы қатысып, мереке қуанышына ортақтасты.
Көкбастау атшабарында облыс әкімі алдымен қаз-қатар тізілген шатырлардағы қолөнер көрмесін аралады. Мұнда Өнер мектебі, «Жас ұлан» оқушылар үйі, Қарасу, Еңбекшіарал, Саурық батыр, Жамбыл, Қызыләскер, Қайназар ауылдарындағы мектеп оқушыларының қолынан шыққан неше түрлі қолөнер бұйымдары мен салған суреттері қойылған. Одан кейін мерекелік көңіл-күйде жиналған қалың көрерменмен бірге дала сахнасында «Наурыз-думан» атты театрландырылған қойылымды тамашалады. Аудандық «Сүйінбай» театрының әртістері мен мәдениет үйінің қызметкерлері шебер сомдаған көріністер өте әсерлі. Жыл атауларын иеленген жануарлар бейнесі, Қыдыр атаның батасы, наурыз-тілектер, халықтық салт-дәстүр, Табиғат-анамен бірге жаңару мезгілінің келуі сияқты көріністер Наурыз мерекесінің мән-маңызын ашып көрсетті.
Облыс басшысы сахна төрінде көпшілікті мерекемен құттықтаған ізгі лебізінде Жамбыл ауданының өңірдегі өзіндік орнын атап өте келе:
– Құрметті халайық, «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген. Бірлігіміз әрқашанда бекем болып, халқымыздың ырыс-ынтымағы арта берсін! Наурыз мерекесі әрбір шаңыраққа тыныштық пен береке әкелсін! Ұлыс оң, ақ мол болсын! – деді Марат Елеусізұлы.
Аудандық «Сүйінбай сазы» халықтық фольклорлық-этнографиялық ән-би ансамблінің өнерпаздары ән-мен жырды әуелетіп, мың бұралған биімен көрерменді тәнті етті. Сонымен қатар қазақ эстрадасының жұлдыздары көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әндерін шырқады. Бұл мезгілде алаңның бір шетінде бұқаралық спорт пен ұлттық ойындардан жарыстар қызып жатты. Қол күресі, қошқар және кір тасын көтеру, білтемірге тартылу, асық ату, арқан тарту сияқты тартысты бәсекелер ұйымдастырылды. Бозбала мен бойжеткендер жағы алтыбақанның жанына топталды.
Көкбастау атшабарының ортасында тұлпар ойнатқан сайдың тасындай іріктелген білекті де жүректі жігіттер көкпар тартты. Онда Үмбетәлі ауылының көкпаршылары 1-орын, Сарыбай би ауылының командасы 2-орын, Сәмен батыр ауылынан ат арытып келгендер 3-орын алды. Құмай тазы жарысын да көпшілік қызыға тамашалады. Бұл жарысқа түскен иттің саны 50 шамасында болды. Мұнда 10 тазыдан 5 топқа бөлініп 1 айналымнан жүгірді. Әрбір топтың бір жеңімпазы финалға жолдама алып, финалдық жарыста 5 тазы жүгірді. Тазы жарысында Амангелді Тұрсынбайдың «Алғыр» атты тазысы ұшқырлығымен салпаңқұлақтың бәрін басып озды.
Алаңның бір шетін айналдыра тігілген 40-тан астам киіз үйде келушілерге мейрамның басты белгісі – наурызкөже таратылды. Мұнда қонақ күту үшін ауылдар бір-бір үйден тіккен. Сонымен қатар аудан орталығындағы мекеме-ұйымдар мен кәсіпкерлер де шаңырақ көтеріпті. Арасында көлемді шатыр тіккен мекемелер бар. Кереге керіп, уық шаншығандар қатарында «Таңбалы» қорық-музейі, аудандық «Атамекен» газетінің редакциясы, экономика және қаржы, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері, «Ұзынағаш» несие серіктестігі, электр торабы, аурухана, «Қазақтелеком» бөлімшесі сияқты мекемелер бар.
Түс ауа ат жарысы басталды. Көпшіліктің негізгі күткені де осы еді. Өйткені бәйге десе делебесі қозатын қазақ үшін ежелден бұл ойынның жөні бөлек. Алдымен 9 шақырымдық жарыс жолына 20-дан аса құнан көсіле шауып, сөреге бірінші болып Қарасай ауданынан Артығали Миразовтың «Үміт» атты қара құнаны жетті. Сөйтіп Алматыда мотоцикл саудасымен айналысатын ұйымның бәйгеге тіккен екі аяқты көлігін ұтты. Ал 21 шақырымдық аламан бәйгеде 37 сәйгүлік бауыр жазды. Оған атбегілер жан-жақтан ат баптап әкеліпті. Тіпті Батыс Қазақстан облысы Казталовка ауданы Қайыңды ауылынан Бексұлтан Ибатов бәйгеге қара айғырын әкеп қосты. Сол сияқты Абай, Қарағанды, Жетісу облыстарының жүйріктері қатар шапты.
Жанкүйерлердің делебесін қоздырар аламанның қызықты өткенін суреттеп жатпай, қорытындысымен қайырсақ, 1-ші болып шабандоз бала Қуат Әбілқастың астында жұлдыздай аққан «Тасқара» қара үзді. Ат иесі Әбдібай Тастан аламанның бас бәйгесі – «Лада гранта» автокөлігіне ие болды. Екінші орында тағы да Артығали Миразовтың жануары озып, «Ботакөз» атты қара биесі келді, шабандозы – Әпек Нұрғазыұлы. Ұзынағаштық Данияр Қозыбаевтың байталы «Көзмоншақ» 3-бәйгені жеңіп алды, шабандозы – Мәді Жолшыбек. 4-орынды жамбылдық Құрманжан Бүргенбайдың торықасқасы «Найзағай» алды, шабандозы – Алдияр Әуезхан. Шабандоз Абдолла Жолшыбек тізгіндеген торы ат 5-орынды жеңді, ат иесі – Қордай ауданынан Ерлан Баймұхамбетов. 6,7-орындарда екі көк ат – Балқаш ауданы Желтораңғы ауылынан Қайсар Мырзахметовтың «Көкбастауы», Ынтымақ ауылынан Нұрлан Ахметжановтың «Көкдауылы» тұяқ оздырды.
Жеңімпаздарға жүлделер мен тиісті дипломдар тапсырылды. Аламанда жеті атқа тігілген жүлденің алды автокөлік болса, одан кейінгілері – түйе, жылқы, өгіз, тана, тоңазытқыш, теледидар.
Осылайша әз-Наурыз ақындар мен батырлар елінде халықтың көп қатысуымен өзіне тән асқан сән-салтанатпен, той-думанмен, қызықты ұлттық ойын түрлерімен өткізілді.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы