«Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамытуға мол мүмкіндік тудыруда. Оның нақты дәлелін аталған бағдарлама арқылы мемлекеттік қолдауға ие болып, шаруасы шалқыған, кәсібін нәсібіне айналдырып отырған еңбек ұжымдарының қазіргі таңдағы тыныс-тіршілігінен анық аңғаруға болады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының мақсат-мүддесі Райымбек ауданы үшін де үлкен маңызға ие. Әсіресе, таулы өңірде әлі де қанат жая қоймаған омарта шаруашылығын дамытуға деген игі ықпалы маңызды мәселенің оңтайлы шешім табуына негіз қалай бастағаны анық. Жуырда «Қонаев» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Руслан Ескендірмен сапарлас болып, бағдарламаның қолдауына ие болған кәсіпкерлердің бірі – Қостөбе ауылының тұрғыны Манасбек Сарыбаевтың жұмысымен танысқанымыз бар.
Омарташылық кәсіпкер азаматтың жаңадан қолға алып отырған шаруасы емес. Балалық шағының әр күні бал арасымен біте қайнасып, тағдыры осы бір еңбекқор жәндіктің тыныс-тіршілігімен өзектесе өріліп келеді. Демек, болмысы бөлек саланың жілігін шағып, майын ішкен, өз ісінің нағыз майталманы деп айтуға лайық. Оған Манасбектің мамандығына сай шаруасымен танысқан әркім-ақ көз жеткізіп, көңіл сендіретіні анық.
– Бал арасын өсіру – әкем Сүгірбектен қалған мұра. Елімізде омарта шаруашылығын дамытуға сол тұстағы Мемлекет басшысы Дінмұхамед Қонаев айрықша ден қойған екен. Сол кісінің тапсырмасымен барлық шаруашылықтар мал мен егін өсіріп қана қоймай, омарта шаруашылығын да қолға алыпты. Арнайы курстар ашылып, мамандар дайындалған. Әкем осы курстің ең алғашқы қарлығашы саналады. Оқудан маманданып қайтқан ол кісі сол кездегі «Октябрьдің 40 жылдығы» ұжымшарының екінші бөлімшесі саналатын осы Қостөбеге келіп, ара өсіріп, бал өндіру ісімен шұғылданды. Айрықша кәсіпті өзі ғана біліп қоймай, тәжірибесін басқа шаруашылықтың балшыларына да үйретті. Былайша айтқанда, өңірдегі алғашқы омырташылардың дара ұстазы. Омарташылық кәсіптің қыр-сырын сол әкемнен үйреніп, қырық қатпарлы құпиясына қанықтым. Бал арасын өсіріп, тәтті өнім өндіруді өмірлік ұстанымыма айналдыруым сол әкем салған сара жолдың жалғасы, – дейді Манасбек әңгіме арқауын омартаның айналасында өрбітіп.
Жасы алпысты алқымдаса да, кәсіпкер азамат іс тетігін іскерліктен іздейтіні сөзінен де, ісінен де көрініп тұр. Осыған қарап, осы бір қанатты жәндіктің тілін біліп, өзіне бағындырған, құпия-қалтарысын ашып, тәлейіне табындырып қойған Манасбектей кәнігі кәсіпкерді бұл өңірден кездестіре қою екіталай екеніне көз жеткіздік. Тағы бір ерекшелігі – омарташылар ара ұяларын күре жолдардың жиегіне, шабындық алқаптарының айналасына орналастырушы еді. Манасбектің омарта жәшіктері үйінің артындағы кең ауладан орын алыпты. Мұның да былайғы жұрт біле бермейтін өзіндік құпиясы болғаны-ау деп топшыладық. Сөйтсек, орналастыратын орын болса, ара үшін жердің алысы не, жақыны не, айырмашылығы жоқ екен. Тек, хош иісті гүлдермен көмкерілген алап, көп жылдық шөп алқабы, әр ұяға жасалынатын технологиялық күтімнің талапқа сай атқарылуы болса, жетіп жатыр. Ал әр ұяны тазалау, жиналған балды шайқау, аралардың ауру-сырқауын анықтап, ажырату, күтім жасау – балшының еншісінде.
Манасбектің айтуынша, Аспантаулар аясында бал өнімдерін өндіру кенжелеп қалған шаруашылықтың бірі. Оған басты себеп, өңір тұрғындарының, әсіресе, жастардың бұл кәсіпке қызықпауы. Әйтпесе, қазір кәсіп ашуға ниеттенген адамға мемлекеттен жасалатын қолдау көп. Өздерін жұмыссызбыз деп санап, бос сенделіспен уақыт өткізетін жастар осы салаға көптеп келсе, бал кластерін дамытуға кеңінен жол ашылар еді. Сонымен қатар, өңірден ара тұқымын өзі шығаратын, өндіретін, өңдейтін, дайын өнімді сататын кәсіпорын салу да бүгінгі күннің талап етіп отырған өзекті мәселесінің бірі. Егер осы шаруалар іске асатын болса, ауданда омарта шаруашылығы дамып, бал өнімінің бағасы нарықтағыдан әлдеқайда арзанға түсер еді. Жұмыссыздықтың азаюына да септігі тиетіні анық.
Манасбек өткен жылы «Қонаев» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының көмегімен «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 23 миллион теңге несие алыпты. Бұл қаражатқа қолдағы бұрынғы бар ақшаларын қосып, омартаға қажетті дүниелердің бәрін сатып алыпты. Қазір соның игілігін көруде. Құдай қосқан қосағы Роза Акпарованың да бал арасын өсіруде тәжірибесі мол. Ерлі-зайыптылар заманауи технологияларды қолдана отырып, табиға таза өнім балдың молшылығын арттыру жолында құлшыныс танытуда. Осылайша омарта шаруашылығындағы өркенді істер кәсіпкерліктің өрісін кеңейтуге мол мүмкіндік тудыруда. Омартадағы барлық жұмыстың барысымен таныса отырып, осындай ой түйдік.
Жұмабек ТҰРДИЕВ
Райымбек ауданы




