⛅
17°C
Қонаев
Сейсенбі, Сәуір 21, 2026
    "Алатау Арайы" газеті

    Газет 1918 жылдан бастап шығады

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    No Result
    View All Result
    "Алатау Арайы" газеті
    No Result
    View All Result
    Home Барлық жаңалықтар

    ҚАМҚОР ҰСТАЗ, ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР

    21.04.2026
    in Барлық жаңалықтар, Мерейтой
    ҚАМҚОР ҰСТАЗ, ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР
    0
    SHARES
    0
    VIEWS

    Кеген өңірі – талай тарланның тұяғы тиген, талай дарынның қанаты қатайған қасиетті мекен. Сол бір шұрайлы жерден түлеп ұшқан тұлғалардың бірі – парасат-пайымы мен кемел ойы арқылы оқырман жүрегінен орын алған арда азамат Жақыпжан Нұрғожаев. Оның қалам қарымы қайсарлықтың көрінісіндей, ой тереңдігі тұңғиық дариядай, ал адамдық болмысы Алатаудай еңселі.

    Жақыпжан Мысабекұлы – Кегеннің Тасбұлақ өңірінде дүние есігін ашып, тағдырдың талайлы жолынан сүрінбей өткен, маңдай терімен мәртебе биігіне көтерілген жан. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі ретінде ол білім мен білікті ұштастырып, қазақ журналистикасының қара шаңырағында шыңдалды. Республикалық «Лениншіл жас» – бүгінгі «Жас Алаш» газетінде тілшілік қызметтен бастап, бөлім меңгерушілігіне дейінгі жолды абыроймен атқарды. Кейін Шелек аудандық «Еңбек туы», Алматы облыстық «Жетісу» газетінде бас редактор болып, мерзімді басылымның шырағын сөндірмей, ұлттың үнін биікке көтерді. Оның қаламынан туған әрбір мақала – уақыттың тамырын дөп басқан, оқырманын ойландырған, толғандырған дүниелер. Жақыпжан Нұрғожаев қазақ журналистикасының толқын-толқын ұрпағын, қазіргі республикамызға танымал журналистер көшін қалыптастыруға зор еңбек сіңірді.
    Қазақ әдебиетіне, журналистикасына және мұқағалитануға қосқан ерен еңбегі үшін Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстанның Мәдениет қайраткері, Алматы облысының және Райымбек, Еңбекшіқазақ аудандарының Құрметті азаматы атанды. Оның қаламынан, жүрек толғанысынан туған «Замана сарыны», «Көксеңгір – Қайыңдының бойтұмары», Мұқағалиға арналған «Тәңіртаудың қыраны», «Жүрегі оның жанартау» атты көптеген кітабы оқырман көңілінен шықты. Жақыпжан Мысабекұлы Қарасаздың қасиетті топырағынан қанаттанып, қазақ поэзиясының асқақ тұлғасына, соны құбылысына айналған Мұқағалиды әрдайым биік қоя білді. Қазақ әдебиетінің мұқағалитану деп аталатын ғылымын жаңа да тың деректермен толықтырды.
    Асыл ағамыз – менің әкемнің жүрегінде айрықша орын алған, тағдырына бағыт берген ардақты жан. 2000 жылы әкем Қанат Біржансалды Алматы облыстық «Жетісу» газетіне қызметке қабылдаған бас редактор Жақыпжан Мысабекұлы сол сәттен бастап тек жетекші ғана емес, өмірлік ұстазға айналды. Ол кісі әкемнің кәсіби жолын айқындап, қаламының қуатын танытқан, сөздің салмағын сезінуге үйреткен шынайы тәлімгер болды. Қиын кезеңде тірек болып, сенім ұялатқан қамқорлығы әкем үшін баға жетпес байлық еді. Сондықтан да әкем ол кісіні ресми редакторым деуден гөрі, жүрекке жақын ағам деп атайтын. Осы бір қарапайым сөздің өзінде үлкен құрмет, кіршіксіз сенім мен ағалық мейірім тұнып тұрғандай. Бұл қызмет аясынан асып, адамдықтың асыл өлшеміне айналған шынайы байланыс еді.
    Өзімнің көз алдыма Жақыпжан аға дегенде әрдайым жинақы костюм киіп, болмысымен-ақ айналасына жылу сыйлап тұратын зиялы бейне келеді. Оның байсалды да орнықты үні, «Айналайын» деп басталатын мейірімді лебізі жанды тыныштандырып, көңілге ерекше бір шуақ құятын. Әр айтқан сөзі өнеге, әрбір әңгімесі – өмірге бағыт сілтер терең тағылым. Біз бала күнімізден оның есімін құрметпен естіп өстік. Әкемнің әңгімесінің өзегіне айналған, анамның да айрықша ілтипатпен атайтын тұлғасы – осы Жақыпжан Нұрғожаев болатын.
    Бүгінде сексеннің асуына абыроймен жеткен ағамыздың бейнесі менің санамда дәл осындай парасат пен пайымға толы, жүректерге жылу сыйлаған қалпында сақталып қалған.
    «Артындағы қаламгер інілеріне жақсы өнегесін қалдырып жүрген алдыңғы толқын Жақыпжан ағамыздың шығармашылығының толыға, молыға түсер шуақты шақтары алда. Қазақ журналистикасына, мұқағалитануға қосқан еңбегі айшықты да ажарлы қаламгердің жазушылық жолдағы ұстанған бағыты айқын, салған соқпағы бедерлі де берекелі. Жақыпжан аға десек, өз оқырманын тапқан, мәңгілік сүрлеу-соқпағын салып келе жатқан «Мұқағали» журналы көз алдымызға келеді. Жақыпжан аға десек, баспаның иісі бұрқырап, жаңадан шыққан «Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін» атты Мұқағали туралы қымбат қазыналы кітап жанымызды қуанта, жұбанта түседі. Бір Алламыз деніңізге саулық беріп, қалам қарымыңыз талмай, әдебиет әлемінде самғай, өзіңіз дүниеге келген асқақ тауларыңыздың биігінен көріне беріңіз, жан аға! Мыңдаған оқырманыңыздың, неше жүздеген тілеулесіңіздің сізге деген ыстық ниеті осы».
    Жақыпжан ағаның 75 жасқа толған мерейтойында жазған әкемнің осы лебізі – бүгін мен үшін баға жетпес мұра. Әр жолын оқыған сайын, әкемнің үні естілгендей болады. Әр сөйлемінен оның ұстазына деген адал сезімі, шексіз құрметі сезіледі. Әкемнің жүрегіне жол тапқан ағамыз – менің де рухани бағдарым секілді. Әкемнің көзіндегі құрмет, сөзіндегі сағыныш, көңіліндегі ілтипат, бәрі бүгін менің жүрегімде жалғасып жатыр.
    Жақыпжан аға да әкемді тек қатардағы тілші ретінде емес, өзіне жақын тартып, үлкен үміт артқан шәкірті ретінде бағалады. Ауданның жауапты, салмақты жұмыстарын сеніп тапсырып, «Мына істі Қанат бітіреді» деп арқасынан қағатын. Әкем сол үмітті ақтауға барын салып, журналистиканың жүгін абыроймен көтерді. Әкем өмірден өткенде, Жақыпжан ағаның егіліп жылаған сәті әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Ағаның жанары мөлтілдеп, дауысы дірілдеп тұрып айтқан сөздері – әкемнің өмірінің, еңбегінің шынайы бағасы еді. Әкемнің қаламына, адалдығына, азаматтығына берген бағасы – мен үшін баға жетпес мұра. Сол сәтте мен Жақыпжан ағаның бойынан шынайы жанашыр, кең жүректі бауырмал ағаны көрдім. Сол бір сәтте шынайы ағалық мейірімнің қандай болатынын, адамға деген адал ықыластың қаншалықты терең болатынын жүрегіммен ұқтым.
    Жақыпжан аға десек, көз алдымызға тұтас бір дәуір, қазақ баспасөзінің алтын кезеңі келеді. Жақыпжан аға десек, «Мұқағали» журналы, ұлттық рухтың шамшырағы елестейді. Шәкіртінің жетістігіне шын қуанатын, жоғын жоқтайтын, барын бағалайтын асыл аға бейнесі тұрады. Осындай аяулы жанның мерейтойында көңіл толқымай тұра ма?! Әкемнің ардақ тұтқан ағасына деген ризашылық менің де жүрегімде.
    Сексеннің шыңына шыққан Жақыпжан аға – уақыттың таразысынан мүдірмей өткен, парасаттың биігінен төмендемеген сирек болмыстың иесі. Оның ғұмыры – адалдықтың айнасы, азаматтықтың айғағы, ұлт руханиятына қызмет етудің жарқын үлгісі. Қанша жыл өтсе де, қаламының табы өшпеген, сөзі салмақ жоғалтпаған, өнегесі ұрпақ жадынан өшпейтін мұндай тұлғалар елдің еңсесін тіктейтін рухани тірек. Мен де мерейлі осы белесінде жүрек түкпіріндегі шынайы ықыласымды сөзге айналдырып, қалам тербедім. Бұл – құрметтің ғана емес, аманатқа адалдықтың, ұлағатқа тағзымның белгісі. Уақыт алға жылжыған сайын адам жадында бәрі бірдей сақтала бермейді. Бірақ жүрекке із қалдырған жандар ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан да мұндай абзал жандардың әрбір сәті біз үшін тағылым, әрбір сөзі – өмірлік сабақ. Жақыпжан ағаның жүріп өткен жолы тек өткеннің естелігі емес, ұрпаққа бағыт-бағдар болар жарық шамшырақ іспетті. Оның сабырлы болмысы, парасатқа толы пайымы, адамға деген шынайы жанашырлығы уақыт озған сайын көмескіленбей, керісінше, айқындала түсетіні анық. Осындай асыл азаматтың ғибратты ғұмырына қарап, адамдықтың қадірін тереңірек сезінеміз, өмірдің мәнін ұғынамыз. Жақыпжан ағадай тұлғалардың бар болуы – біздің рухани байлығымыз, маңдайымызға біткен бақ десек, артық емес. Ғұмырыңыз ғибратқа толы болып, өнегеңіз ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін, ардақты аға! Сіздің өмір жолыңыз – жүректерге жылу сыйлайтын мәңгілік шырақ болып қала бермек.

    Индира БІРЖАНСАЛ,
    журналист

    Соңғы жаңалықтар

    ҚАМҚОР ҰСТАЗ, ҚАРЫМДЫ ҚАЛАМГЕР
    21.04.2026
    Ағаның «айналайыны»
    21.04.2026
    Жолға төселетін материалдар алдымен зертханадан өтеді
    20.04.2026
    Жаңаарнада жаңа медициналық нысан ашылды
    20.04.2026
    Талапкерлер үшін жаңа мүмкіндік
    20.04.2026
    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026
    © 2023 www.alatauaraiy.kz

    «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

    • Басты бет
    • Әлеумет
    • Денсаулық
    • Құқық-заң
    • Мәдениет
    • Руханият
    • Саясат
    • Газет редакциясы
    • БАСПАСӨЗ – 2026

      «Alatau araiy» газеті Меншік иесі: «Өлке тынысы» ЖШС Қазақстан Республикасы, Алматы облысы, Қонаев қаласы, Достық көшесі, 1, Индекс: 040800 https://alatauaraiy.kz желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Ақпарат комитетінде 2023 жылғы 30 қаңтарда тіркеліп, № KZ 12VPY00063736 куәлігі берілген. Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

      ↑
      t>