Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жолдау жүктеген міндет: халықтың әл-ауқатын арттыру жайы талқыланды

Жолдау жүктеген міндет: халықтың әл-ауқатын арттыру жайы талқыланды

52 қаралым

Мемлекет басшысының 2026 жылғы 28 қазандағы Жолдауында белгіленген міндеттер мен ел дамуының алдағы бағыттары Іле ауданының Байсерке ауылында кеңінен талқыланды. №12 орта мектепте өткен кездесуде әлеуметтік-экономикалық даму, инфрақұрылымды жаңғырту, халықтың әл-ауқатын арттыру, ең төменгі жалақы мөлшері және мемлекеттік әлеуметтік қолдау тетіктері сөз болды. Жиын Президент Жолдауының мазмұнын түсіндіруге арналған ақпараттық-насихаттық жұмыс аясында ұйымдастырылды.
Кездесуді Іле аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәден Мұсаев жүргізді. Басқосуға ҚР Құрылтайының депутаттары Жанарбек Әшімжан, Мейраш Шынасылова және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев қатысты. Алғашқы болып сөз алған Жанарбек Әшімжанов елдің алдағы даму кезеңіндегі құрылыс саласының маңызына тоқталды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен 2027 жылдың Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы болып жариялануы өңірлердегі әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне, спорт пен мәдениет саласының өркендеуіне тың серпін бермек. Осы орайда спорттық және мәдени кешендерді салу ісімен қатар, бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуына, құрылыс жұмыстарының сапасы мен мерзіміне де ерекше мән берілуі қажет.


Осы орайда Жанарбек Садыханұлы:
– Құрылыс жылы аясында спорттық және мәдени нысандар да бой көтереді. Бұл жұмыстардың орындалу барысын тиісті органдар мен қоғамдық палаталар жіті қадағалап, бөлінген қаражаттың қай мақсатқа, қандай көлемде және белгіленген мерзімде игеріліп жатқанын тексеруі керек. Арнайы комиссиялардың бақылауын да күшейту қажет деп санаймыз. Өйткені мұның барлығы отбасылардың тұрмысымен, адамдардың күнделікті тіршілігімен және балаларымыздың келешегімен тікелей байланысты, – деді. Бұдан кейін сөз алған Мейраш Шынасылова елдімекендерде өтіп жатқан кездесулердің маңызына тоқталды. Оның пікірінше, тұрғындармен тікелей жүздесіп, пікір алмасу мемлекеттік бастамалардың мазмұнын кеңінен түсіндіруге әрі халықты толғандырған мәселелерді тереңірек тануға мүмкіндік береді. Мұндай кездесулерде айтылған ақпаратты қатысушылар өз ортасына, туыстары мен таныстарына жеткізіп, түсіндіру жұмысының аясын кеңейте алады. Депутат Алматы облысының даму қарқынына да назар аударды. Халық санының өсуі аудандардағы әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды қатар дамытуды талап етеді. Әсіресе жаңа нысандар салу, жол қатынасын жақсарту, көлік мүмкіндіктерін кеңейту – уақыт күттірмейтін міндеттердің бірі. Сапалы жол тек елдімекендердің байланысын жақсартып қана қоймай, туризмнің, логистиканың және кәсіпкерліктің дамуына да жол ашады. Ал күре жолдардың бойында ірі нысандардың салынуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.
Жиынның келесі бөлігінде еңбек нарығы, жалақы мөлшері және әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев Байсеркедегі кездесудің Іле ауданында ұйымдастырылған түсіндіру жұмыстарының қорытынды басқосуы екенін атап өтті. Бұған дейін ақпараттық топ өкілдері мұғалімдермен, медицина қызметкерлерімен және өзге де сала мамандарымен кездесіп, Жолдаудағы міндеттерді түсіндірген. Вице-министр тұрғындарды толғандырған негізгі мәселелердің бірі – ең төменгі жалақыны 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеру бастамасына тоқталды. Оның айтуынша, жаңа мөлшерді белгілеу кезінде елдегі макроэкономикалық ахуал, экономикалық көрсеткіштер мен мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктері ескерілген.
— Көпшілік 110 мың теңгені аз деп есептейді. Бұл алаңдаушылықты түсінеміз. Әрине, аталған соманы жоғары мөлшер деп отырған жоқпыз. Дегенмен жалақыны көтеру көлемі экономикалық көрсеткіштер мен нақты есептеулер негізінде айқындалды. Бұл – азаматтардың материалдық жағдайын жақсартуға бағытталған қадамдардың бірі, – деді.
Басқосуда халықтың әлеуметтік жағдайын бағалау тәртібіне енгізіліп жатқан өзгерістер де кеңінен түсіндірілді. Атап айтқанда, азаматтарды А, В және С санаттарына бөлу, әр отбасының материалдық мүмкіндігін анықтау өлшемдері жөнінде тұрғындар тарапынан туындайтын сауалдарға жауап берілді. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта бұл бағыттағы талаптар қайта қаралып, жүйеленіп жатыр. Отбасының әлеуметтік жағдайын бағалау кезінде тек табыс көлемі ғана емес, оның иелігіндегі жылжымайтын мүлік, жер телімдері, көлік құралдары және басқа да қаржылық мүмкіндіктер ескеріледі. Сонымен қатар несиені өтеу, балалардың оқу ақысы, балабақша төлемі секілді міндетті шығындар да назардан тыс қалмайды. Мұндай тәсіл әр отбасының нақты жағдайын жан-жақты зерделеп, мемлекеттік көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттауға мүмкіндік береді. Осы орайда вице-министр:
— Мемлекеттің басты міндеті – әлеуметтік қолдауға шынымен мұқтаж азаматтарды анықтап, оларға қажетті көмекті көрсету. Бұл ретте адамның табысымен бірге оның міндетті шығындары да есепке алынады. Сондықтан халыққа берілетін төлемдер қысқарады деген ақпарат шындыққа жанаспайды, – деп түсіндірді. Сондай-ақ Ербол Тұяқбаев әлеуметтік желілерде таралып жатқан жалған мәліметтерге қатысты тұрғындарды сақ болуға шақырды. Әсіресе азаматтардың әлеуметтік санатын өзгертіп береміз деген желеумен ақша сұрайтын жекелеген блогерлердің әрекетіне назар аударды. Оның айтуынша, мұндай ұсыныстар алаяқтық сипатқа ие. Сондықтан тұрғындар белгісіз адамдарға ақша бермей, әлеуметтік төлемдер мен мемлекеттік қолдауға қатысты ақпаратты тек ресми дереккөздерден алғаны жөн.
Кездесуде білім беру саласын дамыту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Президент Жолдауында белгіленген басымдықтардың қатарында инклюзивті білім беру мүмкіндіктерін кеңейту, арнайы мектеп-кешендер салу, балалардың ерекше білім беру қажеттіліктерін ерте кезеңде анықтау жүйесін жетілдіру және осы бағытта білікті мамандар даярлау міндеттері бар. Сонымен бірге ұстаздардың қағазбастылығын азайтып, олардың негізгі жұмысына – бала оқыту мен тәрбиелеуге көбірек уақыт бөлуіне жағдай жасау көзделген.
Жиын соңында Байсерке ауылының ақсақалы сөз алып, Мемлекет басшысының бастамаларына қолдау білдірді. Ол ел ішіндегі жаңалықтар мен мемлекеттік саясаттың бағыттарын теледидар және әлеуметтік желілер арқылы қадағалап отыратынын айтып, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделінің нығаюын ел үшін зор қуанышқа балады.

Құралбек СӘБИТОВ
Іле ауданы

↑