Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жолдауға – қолдау: Алматы облысының медицина мамандарымен кездесті

Жолдауға – қолдау: Алматы облысының медицина мамандарымен кездесті

31 қаралым

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын халық арасында насихаттау бойынша республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы Қонаев қаласындағы кардиологиялық орталықта медицина қызметкерлерімен жүздесумен жалғасты.


Басқосуда Қазақстан Республикасы Құрылтайының І шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Ләззат Жылқыбаева Жолдаудағы дәрігерлердің мәртебесі мен әлеуметтік жағдайын арттыру, медициналық білім беру сапасын жақсарту, оқу гранттарын бөлу жүйесін жетілдіру және денсаулық сақтау саласына жасанды интеллектіні енгізу жөнінде берген тапсырмалары туралы ойын ортаға салды. «Президент Үкіметке еңбек өтіліне қарай учаскелік дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңімен 40%-ға дейін көтеруді тапсырды. Бұл 77 мыңнан астам маманның табысын өсіруге мүмкіндік бермек. Мемлекет басшысы алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту арқылы халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру қажеттігін атап өтті. Бұл ретте жалпы тәжірибелік дәрігерлердің құзыретін кеңейту, олардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалану және медициналық көмектің бастапқы буынын күшейту маңызды. Себебі халықтың денсаулығын сақтауда учаскелік дәрігерлердің рөлі айрықша. Бұл қадам өңірде ауыл тұрғындарының медициналық қызметке қолжетімділігін арттыруға да мүмкіндік береді», – деді Ләззат Әуесханқызы.


Ал Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп еліміздегі денсаулық сақтау мәселесіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ерекше назар аударып отырғанын атап өтті. Олардың қатарында медициналық қызметтердің сапасын көтеру, дәрілік препараттардың жетіспеушілігі және жаңа тұрпаттағы білікті медицина қызметкерлерін даярлау мәселелері бар.
«Елімізді білікті медициналық кадрлармен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Мемлекет басшысы бұл ретте болашақ дәрігерлерді даярлау сапасын арттыру және оларға лайықты жұмыс жағдайын жасау міндетін жүктеді», – деді Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі.
Дәрігерлермен жүздесуде ҚР Қаржы вице-министрі Әсет Тұрсынов Жолдауда белгіленген экономикалық міндеттерге тоқталып, халықтың нақты табысын арттыру, инфляцияны тежеу, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
«Жолдауда осы бағытты дамыту үшін 8 перинаталдық орталық пен көпбейінді ауруханалар салу қажеттігі атап өтілді. Бұл балаларды оңалту саласының дамуына да мүмкіндік береді. Сонымен қатар балаларымыздың сапалы, бейінді және мамандандырылған медициналық көмек алуына жол ашады», – деді Әсет Нұрланұлы.


Жиынға қатысушылар спикерлерге тікелей сұрақ қойып, өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізуге мүмкіндік алды.
Кездесу аясында ақпараттық топ мүшелеріне кардиологиялық орталықтың жағдайы таныстырылды. Орталықтың құрылысына 3 млрд теңге жеке инвестиция салынды. Халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында соңғы үлгідегі жүзден астам медициналық жабдық сатып алынды. Ангиограф, электрофизиологиялық зерттеу аппараттары мен компютерлік тамография да бар. «Мұнда диагностикадан бастап күрделі хирургиялық операцияларға дейін толық циклді медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған. Ол өз кезегінде облыс тұрғындарының басқа өңірлерге немесе алыс шетелге бармай-ақ, сапалы медициналық көмекті өз аумағында дер кезінде алуына мүмкіндік береді», – дейді орталықтың бас дәрігері Асқар Мұратұлы.

Суреттерді түсірген – Аслан ҚАЖЕКЕ

Ерзат АСЫЛ

Қонаев қаласы

↑