Мемлекет басшысының Жолдауын түсіндіруге арналған ақпараттық топ мүшелері Алматы облысының Іле аудандық ауруханасында медицина саласы қызметкерлерімен кездесті.
Басқосуда денсаулық сақтау саласын дамыту, әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру және медицина мамандарының кәсіби әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.

Жиынды аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Мәден Мұсаев жүргізді. Басқосуда алғашқы болып сөз алған Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған денсаулық сақтау саласының басым бағыттарына тоқталды. Оның айтуынша, медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін арттыру – халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға тікелей ықпал ететін маңызды міндет. Осы ретте медициналық ұйымдарды білікті мамандармен қамтамасыз ету, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи технологияларды енгізу және медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелеріне басымдық беріліп отыр. Әсіресе аудан орталықтары мен шалғай ауылдардағы медициналық көмектің сапасын біріздендіру қажет. Сонымен қатар депутат өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту бағытында қолға алынатын жұмыстарға тоқталды. Атап айтқанда, перинаталдық орталықтардың жұмысын жетілдіру, аудандық ауруханалардың мүмкіндіктерін кеңейту және медициналық қызмет сапасын арттыру көзделіп отыр. Бұл ретте шалғай елдімекендердегі дәрігер тапшылығын шешу, медициналық білім беру гранттарын көбейту, жас мамандарды өңірлерге тарту да өзекті міндеттердің қатарында. Депутат медицина саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізудің маңызын да назардан тыс қалдырмады. Оның сөзінше, жаңа технологиялар медициналық қызметтің тиімділігін арттырып қана қоймай, науқастарға көрсетілетін көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Дегенмен бұл үдерісте медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігі басты орында қалуы тиіс.
Келесі кезекте Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру және мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау тәртібіне қатысты мәселелерді түсіндірді. Әлеуметтік төлемдерге қатысты қоғамда туындаған сауалдарға да тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік көмектің басты мақсаты – оны шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттау. Сондықтан әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарау барысында азаматтардың табысы мен мүлкі ғана емес, күнделікті шығындары, несие міндеттемелері мен ипотекалық төлемдері де ескерілуі қажет. Өйткені отбасының нақты тұрмыстық жағдайын бағалауда мұндай жайттардың маңызы зор. Осы орайда еңбекке жарамсыз азаматтар, мүмкіндігі шектеулі жандар, асыраушысынан айырылған отбасылар және әлеуметтік тұрғыдан осал топтарды қолдау мәселесі ерекше назарда болатынын айтты.
— Әлеуметтік саясаттағы негізгі ұстаным – мемлекеттік көмекті әділ әрі ашық үлестіру, қолдауды нақты мұқтаж жандарға жеткізу. Бұл бағыттағы өзгерістер кезең-кезеңімен жүзеге асады, — деді.
Жиын барысында Құрылтай депутаты Мейраш Шынасылова да сөз сөйлеп, медицина мамандығының жауапкершілігі мен адам өміріндегі орнына тоқталды. Оның пікірінше, дәрігер болу – үлкен білімді, табандылықты және жүрек қалауымен таңдалған мамандыққа адалдықты талап ететін ерекше жол. Сондай-ақ ол медицина қызметкерлерін кәсіби ізденістен қол үзбей, өз саласының білікті маманы болуға үндеді. Қызметтік міндеттермен қатар отбасы мен бала тәрбиесіне де уақыт бөлудің маңызын еске салды. Өйткені отбасының амандығы, жақындарға деген қамқорлық пен ұрпақ тәрбиесі – адам өміріндегі ең қастерлі құндылықтар. Кездесуді қорытындылаған ол Жолдауда көтерілген әлеуметтік бастамалардың барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтіп, медицина қызметкерлерінің еңбектеріне табыс тіледі.
Құралбек СӘБИТОВ
Іле ауданы

