Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жолдауға – қолдау: Әлеуметтік салаға басымдық берілді

Жолдауға – қолдау: Әлеуметтік салаға басымдық берілді

66 қаралым

Алматы облысы Іле ауданының Өтеген батыр ауылында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіруге арналған жиын өтті. Ауданға атбасын тіреген республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері, алдымен Өтеген батыр ауылындағы Мұқағали Мақатаев атындағы №13 орта мектепте ұстаздар қауымымен және әлеуметтік сала мамандарымен жүздесті.


Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты халыққа Жолдауын түсіндіруге арналған жиынды аудан әкімі Қайыржан Жақсымбетов ашып, жүргізіп отырды. Кездесудің негізгі мақсаты – Президент Жолдауында белгіленген міндеттерді түсіндіру, әлеуметтік саясаттың басым бағыттарын талқылау және халықты толғандырған мәселелерге назар аудару. Мектептегі келелі басқосуға Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев, Ұлттық Құрылтайдың I шақырылымының депутаттары Жанарбек Әшімжан мен Мейраш Шынасылова, Іле аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Мәден Мұсаев қатысты. Жиында Мемлекет басшысы Жолдауда көтерген басты басымдықтар сөз болды. Әсіресе, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, еңбек қатынастарын реттеу, жұмыспен қамту және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелеріне басымдық берілді. Әлеуметтік қорғау саласы – мемлекет пен қоғам арасындағы жауапкершілікті айқындайтын маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан бұл саладағы реформалардың нәтижелі жүзеге асуы әрбір азаматтың тұрмыс сапасына тікелей әсер етеді. Осы тұрғыдан алғанда, Жолдауда белгіленген міндеттерді сала мамандарына жан-жақты түсіндірудің маңызы зор.
Алғашқы болып сөз алған Жанарбек Садықанұлы Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген негізгі басымдықтарға кеңінен тоқталып, оның ел дамуының алдағы бағыт-бағдарын айқындайтын стратегиялық маңызы зор құжат екенін атап өтті.
— Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы – елдің ертеңін бағамдап, бүгінгі міндеттерді нақтылауға бағытталған маңызды құжат. Онда қоғамның сұранысы мен уақыт талабынан туындаған өзекті мәселелер қамтылған. Әсіресе экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету, білім мен ғылымды жетілдіру, цифрландыру және мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту бағыттарына ерекше мән берілген. Бұл міндеттердің барлығы түптеп келгенде қарапайым халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталып отыр. Жолдаудың маңыздылығы – онда белгіленген міндеттерді қағаз жүзінде қалдырмай, нақты іске айналдыруда. Сондықтан әрбір азамат оның мазмұнын түсініп қана қоймай, ел дамуына өз үлесін қосуға ұмтылуы қажет. Бүгінгі кездесулердің де негізгі мақсаты – осы басымдықтарды халыққа кеңінен түсіндіріп, қоғаммен ашық пікір алмасу, – деді ол.

Бұдан кейін сөз алған Ұлттық Құрылтайдың I шақырылымының депутаты Мейраш Шынасылова кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнестің әлеуетін арттыру, азаматтардың өз ісін ашуына жағдай жасау мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, кәсіпкерлік – экономиканың қозғаушы күші ғана емес, сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын қалыптастырып, халықтың табысын арттыруға ықпал ететін маңызды сала.
— Ел экономикасының тұрақты дамуы үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау айрықша маңызды. Шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсету, олардың бастамаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беру – экономикалық өсімнің негізгі тетіктерінің бірі. Әрбір өңірдің өзіндік мүмкіндігі мен әлеуеті бар. Сол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жергілікті кәсіпкерлердің жұмысын жандандыру қажет. Кәсіпкерлік дамыған жерде жаңа жұмыс орындары ашылып, тұрғындардың табыс көзі көбейеді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік мәселелердің шешілуіне де оң ықпал етеді. Сондықтан мемлекет тарапынан ұсынылып отырған қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып, азаматтарды өз ісін бастауға, кәсібін кеңейтуге ынталандыру маңызды. Әсіресе ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берген жөн. Өйткені ауыл экономикасының нығаюы – тұтас өңірдің дамуына жол ашады, – деді Мейраш Шынасылова. Кездесуде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Тұяқбаев әлеуметтік төлемдер жүйесі, халықты әлеуметтік қорғау шаралары, еңбек нарығындағы өзгерістер және ең төменгі жалақы мөлшеріне қатысты мәселелерді кеңінен тарқатты. Ол әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсарту, көмекке мұқтаж азаматтарды қолдау және еңбек адамының табысын арттыру екенін атап өтті. Вице-министр өз сөзінде әлеуметтік төлемдердің тағайындалу тәртібі, мемлекеттік қолдау шараларының бағыттары мен еңбек қатынастарындағы өзгерістерге тоқталып, ең төменгі жалақы мөлшерінің азаматтардың тұрмыс деңгейіне тікелей ықпал ететінін жеткізді. Ол өз сөзінде:
— Әлеуметтік қолдау – мемлекеттің азаматтар алдындағы маңызды міндеттерінің бірі. Бұл бағытта көрсетілетін көмектің атаулы әрі тиімді болуы ерекше мәнге ие. Әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар азаматтардың өміріндегі белгілі бір кезеңдерде, әсіресе қиын жағдайға тап болған кезде маңызды қолдау көрсетеді. Сондықтан әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдірумен қатар, оның қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Сонымен бірге еңбек адамының табысын арттыру, еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру және ең төменгі жалақы мөлшерін қайта қарау мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Ең төменгі жалақы – жұмыс істейтін азаматтардың табысын бағалаудағы маңызды көрсеткіштердің бірі. Оның мөлшеріне қатысты қабылданатын шешімдер халықтың әлеуметтік жағдайына, еңбек нарығына және жұмыс берушілердің мүмкіндіктеріне де әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Біздің міндетіміз – әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмектесу ғана емес, сонымен қатар еңбек етуге қабілетті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылып, өз еңбегі арқылы табысын арттыруына мүмкіндік жасау, – деді Ербол Тұяқбаев.
Жиын барысында сала мамандары әлеуметтік төлемдер, жалақы мөлшері, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуына қатысты сауалдарын қойды. Ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері қойылған сұрақтар мен көтерілген мәселелер бойынша да толымды жауап берді.


Құралбек СӘБИТОВ
Іле ауданы

↑