Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қонаев қаласында “Синергия” Мәскеу қаржы-өнеркәсіп университетінің өкілдерімен кездесті.
Жиында аймақ үшін стратегиялық маңызды салаларда білім беру бағдарламаларын дамыту мен IT-технологиялар және туризм саласындағы инвестициялық жобалар талқыланды.
«Корпорация құрамына әртүрлі бейіндегі ұйымдар кіреді, бірақ негізгі бағыты – білім беру. Құрылым орталығы – «Синергия» университеті. Оқу ошағында 1000-нан астам бағдарлама бар. Білім ордасы өзінің технологиялық ресурстары, маркетинг, сату және білім беру процесін басқару саласындағы әзірлемелер негізінде үздіксіз білім беру моделін жүзеге асырады», – деді университеттің Даму жөніндегі вице-президенті Анастасия Полякова.
Университеттің өңірлік директоры Жорж Геворгянның айтуынша, Орталық Азияда, оның ішінде Қазақстанда аталған университеттің филиалын ашу көзделіп отыр. Қазір мұнда 92 елден 20 мың студент білім алып жатыр. Шетелдік студенттер арасында Қазақстаннан келген жастар көш бастап тұр.
Университет туралы жалпы ақпарат берген мамандар облыс әкімінен жоғары оқу орнының филиалын ашқан жағдайда ғимарат жайы қалай болатынын сұрады.
«Алматы облысында бір жоғары оқу орны және 22 колледж бар. Олардың ғимараты жаңа білім ордасы үшін қолайлы болады деп айта алмаймын. Алайда, түрлі амалдарын қарастыруға болады. Кейбір ғимараттарды алып, университет үшін қайта жөндеуден өткізіп, реттеуге мүмкіндік бар. Бастысы сіздер біздің өңірге қажетті сала мамандарын кәсіби түрде даярлап шығарсаңыздар жеткілікті», – деді облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Кездесу соңында Алматы облысының әкімдігі мен «Синергия» Мәскеу қаржы-өнеркәсіп университеті арасында әріптестік қарым-қатынас орнату және Алматы облысының аумағында жобаларды іске асыру үшін қажетті іс-шараларды айқындау мақсатында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылында «Синергия» университетінде бакалавриат және магистратура бойынша 60 мыңнан астам студент білім алып жатыр. 2021 жылы Университет «Интерфакс» кәсіпкерлік бағдарламалар рейтингінде бірінші орынды иеленеді. Сондай-ақ жоғары білім беру бағдарламалары бойынша студенттер 29 бағытта оқытылады.
Alatau News