Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Күрті ауылдық округіне қарасты Ақши ауылы тұрғындарымен кездесіп, аймақтың дамуы туралы есеп берді. Облыс басшысы сапар аясында алдымен Ақшидегі «Дәулет Бекет» зауытының жұмысымен танысты.
Қысқаша айта кетейік, «Дәулет Бекет» шұбат зауыты 2019 жылы құрылған. 150 адам тұрақты жұмыс істейді. Мұндағы қызмет түрі – ашытылған сүт өнімдерін өндіру. Өндірістік қуаты жылына 1080 тоннаға дейін жетеді. Зауыт түйе сүті ұнтағы өнімдерін Қытайға, Ресейге және Өзбекстанға экспорттап отыр.
Облыс басшысы зауыттан кейін Ақши ауылындағы Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Ақши ауылының тұрғындары алдындағы есепті кездесуде басты тақырып Іле ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы болды. Онда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары туралы айтылып, өнеркәсіп, тұрғын үй құрылысы бағытындағы атқарылған жұмыстар тарқатылды.
– Алматы облысының экономикасын дамытуға Іле ауданы үлкен үлес қосуда, онда 350 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді. Облыстың үздік аудандарының қатарында Қарасай ауданынан кейін екінші орында тұр. 350 кәсіпорынның 79 пайызы өңдеу өнеркәсібі бағытында. Бұл – жақсы көрсеткіш. Ауданда «Филип Моррис Қазақстан», «Джей Ти Ай», «Raimbek-Agro», «Galans Bottlers», «Первый пивзавод», «Лукойл» сияқты алты жүйе құраушы кәсіпорындар бар. Олар биыл ауданның өнеркәсіптік өнім көлемінің жартысын, нақтырақ тоқталсақ, 49,1%,325,1 млрд.теңге көлемінде өндіреді және облыстық бюджетке түсетін түсімдердің 45% қамтамасыз етеді. Инвесторларды тарту үшін құрылып жатқан Байсерке ауылдық округіндегі «Береке» индустриялық аймағының артықшылығы зор. Мұнда бүгінде «Fruit Art» сублимация зауытын салу бойынша бір жоба жүзеге асырылып, 42,8 млрд.теңге инвестиция тартылып, 247 жұмыс орны ашылды. Алайда ұзақ уақыт пайдаланылмай, жарамсыз болып қалған инженерлік желілерді қалпына келтіру қажет, – деді халықпен кездесуде облыс басшысы.
Облыс әкімі жауапты мамандарға кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы мен аудан әкіміне бәсекеге қабілетті өндіріске бағдарланған жаңа кәсіпорындар ашу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту есебінен өндірістерді одан әрі ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауды, «Береке» индустриялық аймағын инженерлік желілермен қамтамасыз етуді және онда жаңа өндіріс ошақтарын салуды тапсырды.
Өнеркәсібі дамыған Іле ауданы ауыл шарушылығы саласында да жалпы өнім шығару бойынша аудан көшбасшылардың бірі болып саналады. Ауданның облыстағы үлесі 15% немесе 109,1 млрд.теңгені құрады. Іле ауданы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы бойынша 72,9 мың гектарды құрады, оның ішінде көкөніс – 5 мың гектар, жүгері – 7,2 мың гектар, майлы дақылдар – 10,2 мың гектар, жемшөп дақылдары – 33,3 мың гектар. Аудан өнімдерді сақтау қоймалары жағынан ақсап тұр. 9 жылыжайдың үшеуі ғана істеп тұр. Облыс басшысы осы олқылықтың да алдын алу жөнінде аудан басшысына тапсырды.
Облыс бойынша ауыл шаруашылығын қолдауға жыл сайын 30 млрд. теңгеден астам субсидия бөлінеді. Мысалы, өткен жылы Іле ауданына 467 шаруашылығына 7,5 млрд.теңге берілді. Оның ішінде 50 шаруаға 178 тонна минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға 51,3 млн. теңге төленді, 9 шаруашылыққа 6 млн. теңгеге 2,4 мың литр пестицидтер субсидияланған. Ал, тұқым шаруашылығын дамытуға 67 шаруашылық шамамен 44 млн. теңге алған. Ағымдағы жылы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 500 тонна дизель отыны бөлінген. Ауданда облыстың 11 құс фабрикасының 6-уы орналасқан. Олар «Алель Агро», «Алатау Құс», «Qaz Ak Kus», «Сарыбұлақ», «НАУРЫЗ АГРО LTD», жақында ғана ашылған «Наурыз Агро KZ» құс фабрикалары бар. Өткен жылы облыстың құс фабрикалары 112 мың тоннадан астам құс еті мен 470 млн. данадан астам жұмыртқа өндірілген.
Есеп беру кездесуінде облыс әкімі: «Іле ауданында жайылымдық жермен қамтамасыз ету жұмысы төмен, жайылымдардың болмауы ауыл тұрғындарының наразылығын тудыратын мәселе болып қала береді», – деді. «Ауданда пайдаланбайтын жерлердің есептік тізімі бар. Біз қанша тырысқанымызбен пайдаланбайтын жерлерді қайтару процесі әлі төмен», – деген Марат Елеусізұлы облыс әкімінің орынбасары Р.Рақымбековке, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқармаларына аудан әкімімен бірлесіп, ауданның әлеуетін ескере отырып, жаңа қайта өңдеу өндірістерін ашу үшін инвесторларды тарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізуге, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару және жерді ұтымды пайдалану жөніндегі жұмысты жалғастыруға, жердің нысаналы мақсатындағы негізсіз өзгерістерге жол бермеуге тапсырма берді.
Инвестиция тарту бойынша Іле ауданы облыс бойынша бірінші орында тұр. Бүгінде ауданда 2,4 мың жұмыс орнын құрумен 14 инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде 10 жоба ағымдағы жылы іске асырылатын болады. Олардың ішінде ең ірілері «Шин Лайн» балмұздақ және кеспе шығаратын фабриканың құрылысы, «Автодром Сокол» спорттық-техникалық кешені, «Oasis Logistics» алкогольсіз сусындар шығаратын және логистикалық орталық зауыттары бар.
«Ауданның әлеуеті орасан зор, қолайлы географиялық орында және бизнес жүргізу үшін қолайлы ортаға ие. Сондықтан, аудан әкіміне инвесторлар үшін барлық жағдай жасауды және инвестиция ағынын арттыруды тапсырамын», – деді облыс әкімі.
Ауданда халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету басты назарда. Тұрғын үй алуға 6 мыңға жуық Іле тұрғыны кезекте тұр. Әлеуметтік осал және көпбалалы санаттағы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша 19 отбасы қамтылған. Биыл 216 пәтерлік 3 несиелік тұрғын үй тапсырылады. Сонымен қатар, барлығы 293 пәтерге арналған 1-ші кезең «Қоянқұс» және «Гранит» тұрғын үй кешендерінің 5 коммерциялық тұрғын үйі тапсырылады. Сондай-ақ облыс әкімі «7-20-25», «Бақытты отбасы» бағдарламалары аясында мұқтаж жандарды барынша тұрғын үймен қамтамасыз етуді тапсырды.
Аудан тұрғындарын толғандыратын келесі үш өзекті мәселе – бұл халықты сапалы ауызсумен, газбен және жолдармен қамтамасыз ету. Әкіммен кездесуде су, газ, жол мәселесінен бөлек, білім беру, медициналық пункттер ашу, мәдениет, құқық тақырыптары да кеңінен қозғалды.
Облыс әкімі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша полиция департаментіне бейнебақылау камераларын орнату мәселесін шешуді және құқықбұзушылықтар бойынша профилактикалық жұмысты күшейтуді тапсырды.
Есеп беру кезінде Ақши ауылының тұрғындары да ойларын ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Олар ауыл орталығындағы саябақты жөндеуге қол ұшын беруді сұрады. Одан кейіңгі сұрақтардан байқалғандай, жайылым жерлерді ұлғайту ауыл тұрғындарының ең өзекті мәселелерінің біріне айналған. Облыс басшысы Марат Елеусізұлы жайылымдық жер туралы күрделі жағдаймен жете таныс екенін айтып, жауапты мамандарға аталған мәселені тездетіп шешуді тапсырды. Шара соңында ілеліктер облыс басшысының атқарып жатқан жұмысына оң бағасын беріп, өңірдің дамуы үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.
Бағдат ЧОЙБАСОВ
Іле ауданы