Бүгін VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы өтті. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бір жыл ішінде елде болған негізгі саяси өзгерістерге жекелей тоқталды. Мемлекет басшысы халықтың көкейінде түйінделіп, көптен шоғырланып, шешуін күтіп жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, нақтылы міндеттер жүктеді.
Президент мәдени даму саласында жан-жақты ойластырылған саясатты жүзеге асыруды маңызды мәселе деп атап, осы бағытта дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын тілге тиек етті. Бұл құжат мәдениет саласын жан-жақты дамытуға, елдің мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға, ұлттық бірегейлікті нығайтуға бағытталуы тиіс екенін де айтып өтті. Оның ішінде, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын, биыл қазан айында – Республика күнінде осы атаққа лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталатынын жеткізді.
Мен мәдениет саласының өкілі ретінде Президентіміздің бұл шешімі өте дұрыс деп санаймын. Өйткені, бұл құжат еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқарады. Шығармашыл зиялы қауым көпшіліктің көңілінен шығатын, мемлекеттің мүддесіне сай келетін туындылар ұсынады деп үміттенемін.
Жалпы, Қазақстанның халық әртiсі атағы – музыка мен хореография, театр мен кино, эстрада мен цирк өнерін дамытуға айрықша үлес қосқан адамдарға беріледі. 1920 жылдары белгіленген «Халық әртісі» атағы алғаш А.Затаевич пен Н.Анненкова-Бернарға, 1931 жылы Е.Өмірзақов пен Ж.Шанинге берілді. 1999 жылдың шілде айынан бастап бұл атақты беру тоқтатылды. Соңғы рет бұл атақ 1999 жылы қазақтың танымал әншілері Нағима Есқалиева мен Қапаш Құлышеваға берілген еді.
Болат ӘШІРБАЕВ,
Қаскелең мәдениет колледжі директорының орынбасары,
ҚР Мәдениет қайраткері