Алматы облысының орталығы Қонаев қаласына жұмыс сапарымен келген Нидерланд корольдігінің делегациясын облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қабылдады. Облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетімен танысып, алдағы уақытта екі жақты ынтымақтастықта жұмыс жасауды көздеп келген Нидерланды Корольдігінің өкілдері алдымен облыс орталығының бас жоспарымен танысты.
Бұдан соң, Марат Елеусізұлы облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталды.
«Алматы облысының жер көлемі 105 мың шаршы шақырым, 1,5 млн. адам тұрады. Біздің өлке аграрлы аймақ, мұнда 30 мың ауыл шаруашылығы қожалығы бар», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Облыс әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы жерінің көлемі 4,1 млн. гектар, оның ішінде 466 мың гектары егістікке арналса, 3,5 млн га жайылым жер.
«Облыста 74 жылыжай кешені істеп тұр. 22-сі өндіріске бағытталған. Сондай-ақ, аймақ картоп өсіру бойынша республикада екінші орында. Ал, ел бойынша құс еті өндірісінің 30%-ы облыс еншісінде», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Сондай-ақ, аймақ басшысы 55 сүт-тауарлы ферма жұмыс істеп тұрғанын, жылына 625 мың тонна сүт өндірілетінін және құрғақ түйе сүті экспортқа шығарылатынын тілге тиек етті.
«Бізде өткен жылы 47 тонна құрғақ түйе сүті Қытайға экспортталды. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 95 тоннаға дейін жеткізу көзделген», – деді Марат Елеусізұлы.
Өз кезегінде, Уестланд муниципалитетінің мэрі Бауке Арендс облыстың даму жоспары ерекше ұнағанын білдірді.
«Сіздердің аймаққа алғаш рет келіп тұрмыз. Елдің қонақжайлығы бізді тәнті етті. Жаңа ғана таныстырған өңірдің даму жоспары да таңдай қақтырды. Өйткені, қала салу мың жылда бір рет болатын жайт», – деді Бауке Арендс.
Сондай-ақ, Уестланд муниципалитетінің мэрі, өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісуге және ауыл шаруашылығы саласында бірлесе жұмыс істеуге әзір екендерін айтты.
Кездесуден кейін қонақтар, облыс аумағында орналасқан жылыжай кешеніне және «Fruit Art» зауыты мен «Байсерке- Агро» АӨК-не барып, тыныс-тіршілігімен танысты.
Алма ЕСЕНБАЙ,
Қонаев қаласы