Облысымыздың әкімі Марат Сұлтанғазиев бейсені күні Райымбек ауданына өңір тұрғындарымен есептік кездесу өткізу үшін жұмыс бабындағы сапарымен келді. Баққожа Мұқай атындағы мәдениет үйінде ауданның басты саласы – ауылшаруашылығы бойынша алда тұрған жоспарлы істерімен танысты. Өңірдің негізгі салалары бойынша өнімдері қойылған көрмені аралады. Бұл көрмеде аудандағы қол өнер шеберлерінің бұйымдары, салт-дәстүрімізге қатысты жауһарлар қойылған.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңір тұрғындарына бүгінгі кездесуінің мәні мен мағынасына тоқтала келіп, кешегі Кеген ауданының әкімі, бүгінгі облыстық мәслихаттың төрағасы Талғат Байеділовке үлкен сенім артылып отырғанын жеткізді. Бұдан кейін кездесу тізгінін қолына алған облыстық мәслихаттың төрағасы Т. Байеділов Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаевқа сөз кезегін берді.
Аудан әкімі Райымбек ауданы бойынша өткен жылы атқарылған істерге тоқталды. Облыс әкімінің өткен жылы өңір тұрғындарымен кездесуінде көтерілген 9 мәселенің бесеуі орындалғанын, 3 мәселенің орындалып жатқанын жеткізді. Баяндамада айтылғандай, өткен жылы өнеркәсіп өнідірісінің көлемі 61,2 пайызға ғана орындалған. Осы мерзімде ауданда 2 530 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген немесе 38,5 пайызға орындалған. Аудан бойынша 582 адам тұрғын үйдің кезегінде тұр. Оның ішінде 398 адам әлеуметтік қолдауды қажет етеді. Тұрғын үй кезегін азайту мақсатында несиеге берілетін 30 үйдің және 4 пәтерлі 10 үйдің жобалау сметалық құжаттарын дайындауға қаржы бөлінген. Өткен жылы ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру 11 пайызға, құрылыс жұмыстары 2,6 пайызға ұлғайған. Ауданда картоптың көлемі 5500 гектарға жеткізіліп, одан берекелі өнім алуға қол жеткізіліп келеді. Осы мақсатта құрылған 4 сервистік дайындау орталықтары жұмыс істейді. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жеңілдетілген бағамен былтыр 50 тонна жанармай бөлінсе, биыл 800 тонна жанармай бөлінді. Өткен жылы ауданда қой-ешкінің саны 323 мың басқа, жылқы 43 мың басқа, іріқара 71 мың басқа жетті. Қарасаз ауылынан сүт өңдеумен айналысатын «ҚарасазФуд» кәсіпорны іске қосылды. Өңірде жайылымдық жердің тапшылығы жөнінде түйінді мәселелер бар. Бұл бағытта жүргізіліп жатқан істерді айта кетуге болады. Тұрғындардың мұқтажын қанағаттандыру үшін 11 ауылдық округке 29 мың гектар жер бекітіліп берілді. Аудан аумағынан жалпы көлемі 17 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған. Ауданда «Ауыл аманаты» пилоттық бағдарламасы қолға алынған. Аталған бағдарлама бойынша 580 адам өтініш берсе, 215-і бағалауға жіберілді.
Есеп беру кездесуінде МаратСұлтанғазиев облыс бойынша әлеуметтік және экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды. Облыс орталығы Қонаев қаласының бас жоспары жасалғанын, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының алдағы 5 жылға арналған кешенді жоспары жасалып, ұсыныстың қолдау тауып, оны әзірлеу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын сөз етті. «G4 City» аумағында ірі шетелдік инвесторларды тарту үшін 30 мың гектар аумақта арнайы экономикалық аймақ құру жоспарлануда. Облыс экономикасын әрі қарай тұрақты дамыту үшін 2030 жылға дейінгі стратегия қабылданып, нақты жұмыстар жүзеге асырыла бастаған. Президент тапсырмасына сәйкес биылғы және алдағы жылдар ауылдық аумақтарды дамытумен ерекшеленбек. Жаңадан қабылданған ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы соның нақты дәлелі болып табылады. Облыс әкімі Райымбек ауданы, Нарынқол өңірі – ел ішінде «картоптың өлкесі» деген атауға ие екенін, картоптың басым бөлігі осы жерде өсіріліп, өндірілетінін айта келіп, өткен жылы картоп егісінің көлемі 550 гектарға, жалпы түсімі 10 мың тоннаға азайғанын айтты. Соның өзінде аудан өткен жылы алдыңғы орыннан көрінді. Әр гектардан 219 центнерден ңартоп алынып, жалпы түсімі 120 мың тоннаны немесе облыс көлемінің 24 пайызын құрады. Сондай-ақ, аудан диқандары жалпы бидай жинауда облыс бойынша 3 орын алды немесе 8,5 мың тонна алтын дән жинап, облыс көлемінің 13 пайызына қол жеткізді. Ауданда сыйымдылығы 5,5 мың тонна болатын 3 көкөніс қоймасы бар. Бұл жиналған өнімнің тек 4,6 пайызын ғана сақтауды қамтамасыз ете алады. Ауданда 700 басқа арналған бордақылау алаңдары болғанымен онда тұрған мал жоқ. Райымбек ауданы облыстағы бірден-бір негізгі картоп өндіруші өңір болғанымен, шикізат өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Мұның бәрі аудан басшысының назарында болуы керек. Биыылғы жылы мемлекет басшысының бастамасымен республикамызда «Ауыл аманаты» атты жоба бойынша жұмыстар басталды. Оның басты мақсаты – ауылдық жерде тұратын халықтың табыс көзін арттыру болып табылады. Аталған жобаны іске асыруға республикалық бюджетен 8,3 миллиард теңге қарастырылса, соның ішінде Райымбек ауданы бойынша 3,6 миллиард теңгеге 580 өтінім қанағаттандырылатын болады. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Р.Т. Рақымбековке, ауылшаруашылығы, жер қатынастары басқармаларына аудан әкімімен бірлесе отырып, ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндіріс орындарын ашуды, заманауи технологиямен жабдықталған көкөніс қоймаларын салу және кеңейту, пайдаланылмай жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару және жерді ұтымды пайдалану жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі бойынша Райымбек ауданы облыс бойынша соңғы 10 орында немесе жалпы облыстық көлемнің 0,1 пайызын алады. Ауданда жұмыс істейтін 14 өнеркәсіптік кәсіпорын шағын кәсіпкерлік субьектілері есебінде. Оның ішінде негізгілерінің бірі көмір өндірумен айналысатын «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясы. Алтын өндірумен айналасып келген «Нарын Голд» компаниясы өз жұмысын тоқтатқан. Ал, инвестициялр тарту бойынша аудан 1,4 пайыз үлесімен облысты 8 орында тұр. Облыс бойынша 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын 104 жобаның тоғызы Райымбек ауданына тиесілі. Оның ішінде қуаты жылына 750 тонна іріқара малының етін және 250 тонна ұсақ мал етін өндіретін бордақылау кешенінің құрылысы, қуаты жылына 1080 тонна сүт, 50 тонна ет өндіретін асыл тұқымды іріқара фермасын құру, 2000 тонна картоп өсіру үшін сервистік дайындау орталығын құру жобалары бар. 2 жобаны іске асыру жұмысы тоқтап тұр. Осы мәселеге орай облыс әкімінің орынбасары А. М. Дәндібаев, кәсіпкерлік басқармасы аудан әкімімен бірлесе отырып, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, аудан экономикасына инвестицияны арттыруды және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды кеңейту арқылы өндірісті ұлғайтуды тапсырды. Облыс әкімі өңірде 116,6 мың шағын және орта кәсіпкерлік субьектілері жұмыс істеп тұрса, оның ішінде Райымбек ауданының үлесі 3,2 мың немесе облыстың 2,8 пайызын ғана құрап, облыс бойынша 8 орында тұғанын айтты. Өткен жылдың 9 айының қортындысы бойынша шығарған өнім, көрсеткен қызмет көлемі 11,6 миллиард теңгені құрап, 47,7 пайызға төмендеген. Бұл мәселеге де аудан әкімі назарын аударуы керек. Ауданда кәсіпкерлікті қолдауға арналған Ұлттық жоба аясында 2 жобаға мемлекеттік қолдау көрсету жоспарлануда. Небәрі 51,1 миллион теңгеге 37 адам грант алады, бұл өте аз. Бұл облыс бойынша 686 адамға тиесілі. Аудан әкімі халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді түрде жүргізіп, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға өз ісін ашуға шағын несиелер мен гранттар беруді қамтамасыз етуі қажет. Райымбек ауданында тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етудің жайы 95 пайызға жеткен. 19 елдімекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Тегістік және Көкбел ауылдарының сумен жабдықтау жүйелерінің құрылыс жұмыстарына 803,2 миллион теңге бөлінді. Тұзкөл ауылының сумен жабдықтау жүйелерін қайта жаңғырту бойынша жоба-сметалық құжаттары әзірленді. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен өтінім берілді. Осы жобалардың жүзеге асырылуын пайдалануға берілгенше қатаң қадағалау қажет. Алдағы уақытта өңір тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізуі үшін ұзындығы 229 шақырымды құрайтын «Шелек-Кеген-Нарынқол» магистральдық газ құбырын салуға жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Нәтижесінде 47,4 мың тұрғыны бар 23 елдімекенге көгілдір отын жеткізіледі.
Облыс әкімі есеп беру кездесуінде тағы бір өзекті мәселені алға тартты. Атап айтқанда, «Кеген-Нарынқол» автомобиль жолының жағдайын сөз етті. Биыл аталған жолдың 74-89 шақырым аралығын орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда Ұлттық сапа орталығының мақұлдауын алды. Енді конкурстық процедура бойынша мердігер мекемені анықтау жұмыстары қолға алынған. Қазіргі таңда «Қазавтожол» ЖШС-нің күшімен жолды күтіп ұстау жұмыстары жасалып жатыр. Сәуір айының 10 жұлдызынан бастап ағымдағы жөндеу жұмыстары және жол жамылғысын таңбалау жұмыстары жүргізілетінін алға тартты. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Н. Құдайбергеновке, энергетика және тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автожол басқармалары аудан әкімімен бірлесіп, халықты таза ауыз сумен, газбен қамтамасыз ету мәселелерін ерекше бақылауға алуды, көпбалалы отбасыларын және халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты жалғастыруды, белгіленген мерзімде автокөлік жолдарын, оның ішінде ауылішілік жолдарды жөндеуді аяқтауды тапсырды. Биылғы жылы аудандағы Көмірші, Көкбел және С. Сауранбаев атындағы орта мектептердің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Қарасаз өнер мектебін салуға жергілікті бюджеттен 570 миллион теңге бөлінді. Оның сыртында Жаңа Текес ауылында медициналық пункт, Қаратоған, Талас ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункттер салынып, іске қосылды. Нарынқол ауылынан бір ауысымда 250 адам қабылдайтын 4 қабатты емхана және Көмірші ауылында медициналық пункт салуға 1,1 миллиард теңге бөлініп отыр. Мұның бәрі аудандағы денсаулық саласын одан дамытуға оңды әсерін тигізетін болады. Биыл аудан аумағындағы Жамбыл, Сүмбе ауылдарынан салынған мәдениет үйлерінің құрылыс жұмыстары аяқталады. Мұның бәрі өз алдына қайта қалпына келгеніне 5 жыл толған Райымбек ауданының өсіп-өркендеуіне облыс тарапынан жасалынып жатқан қолдаудың жемісі екені даусыз.
Жиналыста Шәлкөде ауылдық дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Қасымжан Рақымбеков сөз алып, ауылдағы дәрігерлік шаңырақ ғимаратының өте ескі екенін, көп жылдардан бері жөндеу көрмеген, жылыту жүйелері жақсы болғанымен жылу ұстамайтынын айтып, аталған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге көмектесуді сұрады. Оның сыртында ауылдағы апатты жағдайда, пайдалануға болмайды деп танылған мәдениет үйінің орнына жаңадан мәдениет үйі салынса жақсы болар еді деген тілегін білдірді. Бұл мәселе аудан, облыс назарында болатын болды. Шәлкөде ауылында тұратын Мақсат Ілиясұлы ауданда омарташылар бірлестігі құрылғанын, алайда игілікті шаруаны жүргізуге, одан әрі дамытуға қажетті қаражат мәселесінің шешілмей тығырыққа тіреліп жүргендерін алға тартты. Облыс әкімі бұл мәселенің оңды шешілу жолдарын қарастырып көретінін айтты. Аудандық аналар кеңесінің төрайымы Балжан Омарова келесі жылы қазақ балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туылғанына 100 жыл толатынын, жазушының ғасырлық тойы облыс қана емес, республика көлемінде аталып өтілсе жақсы болар еді деген пікір айтты. Түрлі игі шаралар қолға алынса, музей ашылса нұр үстіне нұр болмақ деді. Облыс әкімі қалың оқырманының жүрегінен орын тапқан Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына лайықты қолдау көрсететінін жеткізді. Артына ұмытылмастай қымбат қазына қалдырған жазушыға қандай құрмет көрсетілсе де жарасады. Райымбек аудандық білім саласындағы «Қамқор-2» кәсіподақ филиалының төрағасы Ұлықпан Әбек бірқатар орынды мәселені де көтерді. Аудандағы халық көп шоғырланған, республикалық маңызы бар Алматы–Нарынқол тас жолының бойына орналасқан, 5 мың халқы бар Сарыжаз ауылындағы шаруашылықтар тұсында ұжымшардың күшімен салынған мүлде ескі, пайдалануға жарамсыз, апатты жағдайда деп танылған мәдениет үйінің орнына жаңадан мәдениет үйі салынса, осы округ аумағындағы Ақбейіт ауылындағы ескі ғимаратты пайдаланып келе жатқан бастауыш мектеп үшін де жаңа ғимарат салынса дұрыс болар еді деген ұсынысын ортаға салды. Бұл мәселелер де назарға алынатын болды. Ұлықпан Әбек қайта қалпына келген ауданға облыс тарапынан жасалынып жатқан қолдау үшін облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтың атына аудан тұрғындары атынан жүрекжарды алғысын жеткізді. Ал облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қасиетті Рамазан айының өңір тұрғындарына тигізер шапағаты мол болсын, көктемгі егіс жұмыстары сәтімен аяқталсын, батыр бабамыздың атындағы ауданда жақсылықтар мол болсын деген жылы лебізін айтты.
Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы