Қазақстан Жазушылар одағының кезекті құрылтайы күн өткен сайын жақындап келеді. Осы орайда көкейде жүрген ой-пікірлерімді ортаға салуды жөн көрдім. Біз Жазушылар одағына ғашық болып өстік. Осы қара шаңыраққа имене кіріп, атағы аспандаған ақын-жазушыларды көріп, сәлем бергенімізді мақтан етіп, рухтанып, қуаттанып жүретінбіз.
Жұбан Молдағалиев, Әнуар Әлімжанов, Олжас Сүлейменов, Қалдарбек Найманбаев, Нұрлан Оразалин басқарған кездегі барлық құрылтайға қатыстым. Совет дәуіріндегі жазушылар съездеріне Дінмұхамед Қонаев бастаған Бюро мүшелері түгел келіп, қатысып отыратын. Ертеректе Одақ басшылары болған Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафиндер жастардың том-том шығармаларын өздері оқып, пікір жазып, кітап етіп шығарып беретіндерін бүгінгілер аңыз етіп айтып жүр. Партизан-жазушы Әди Шәріпов одақтың материалдық жағдайын жақсартуға көп еңбек сіңірді. Олжас Сүлейменов бір әңгімесінде былай деген еді:
– Одақтың қаржысы өте көп болды. «Жазушы» баспасы орысша кітаптардың тиражын жарты миллионға дейін, ал қазақша жинақтарды жүз мың данамен шығарып, сатылымға шығаратын және ол өте тез өтіп кететін. Біз көпқабатты үйлер салдық, қаншама ақын-жазушыларға пәтер кілтін бердік. Әдеби қорда да қаржы мол еді, қаламгерлер оның да көп пайдасын көрді, – дейді Одақты 7 жыл басқарған кезеңін есіне алып.
Қалдарбек Найманбаев пен Нұрлан Оразалиндер Одаққа ең қиын-қыстау, ауыр кезеңдерінде басшылыққа келді. Олардың қажыр-қайратының арқасында Жазушылар одағы тарап кетпеді, ғимаратты сақтап қалды. Ұлы Жамбылдың 150 жылдығы қарсаңында облыс әкіміне кіріп жүріп «Тұлпар» және «Жас тұлпар» атты сыйлықтар тағайындаттым. «Тұлпар» сыйлығын Мұхаметжан Етекбаев, ал «Жас тұлпар» сыйлығы айтыскер ақын Оразалы Досбосыновқа берілді. Бұдан бөлек Сейітхан, Жамлиха атты қандас жазушыларға стипендия бергізіп тұрдым. Біраз қаламгер халықаралық Жамбыл сыйлығына ие болды. Қазақстан Жазушылар одағының Алматы облыстық филиалының төрағасы болған кезімде осы өңірде тұратын ақын-жазушыларға облыс әкімінің стипендиясын тағайындаттым.
Облыс басшысы жылына 2-3 мәрте бүкіл қаламгерлерді бір ауданға жинап, әңгіме өткізіп, дастарқан жайып, стипендиясын беріп тұрды. Облыс басшысының қолдауымен қаламгерлердің барлық кітаптары жарық көрді, тіпті кейбірінің 3-4 жинағы шықты. Түрлі сан-салалы әдеби-мәдени шараларымызға Жазушылар одағы қолдау көрсетіп отырды.
Кейбіреулер «Жазушылар одағы керек пе?» – деп сыңарезулеп дүркін-дүркін шу шығарып қояды. Қара шаңырағымызды ойрандап, ортаға түсіргісі келетін олардың көздегені не? Қаламгерлер қауымы сонда қайда бар мақ, кімді паналамақ? Мұндай қиғаш, қисық ойды мүлде доғару керек.
Міне, кезекті құрылтай да жақындап қалды. Жаңадан құрылған Ғылым Академиясы сияқты, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Жазушылар одағын да өз қамқорлығына алса ғой деген үмітіміз бар. Одақты ұстауға көп қаржы да кетпейді, аппаратты ұстауға және 3 басылымды шығаруға қаржы бөлсе қандай ғанибет болар еді. Өйткені, ақын-жазушылар елдің үні, халықтың қамын ойлап, қалам тербеген қаһармандар ғой. Жылдағы Президент стипендиясы көбінесе дым жазбайтын, тоқырап қалған сақал мен нахалдарға беріліп жүргені көпшілікті қынжылтады. Соңғы кездері Жазушылар одағына кім көрінген өтетін болып алды. Кемінде 3 көркем кітап шығарған, 3 жазушы кепілдік берген қаламгер ғана бұл атаққа лайық болуы тиіс. Одаққа өтетіндер әлгі отбасылық немесе жеке өмірбаяндық кітапқа емес, нағыз көркем проза, өлең жазған дарын иесі болуы шарт.
Ежелден келе жатқан қоғамдық ұйымдарға арналған заң, ереже бар. Мәселен, Жазушылар одағының 800 мүшесінен 90 басқарма мүшесі (пленум мүшесі) сайланады. Ал, сол басқарма мүшелері төрағаны және 9 адамнан тұратын секретариатты сайлап алады. Екі құрылтай аралығында бірнеше пленум өткізіп, онда басқарма мүшелері көкейкесті мәселелерді талқылап отыруы керек. Бұл ереже дәл қазір ойдағыдай дей алмаймыз. Одақта соңғы жылдары жасы келген егде ақын-жазушыларды кеудеден итеріп, ысырып тастау керек деген пиғыл пайда болды. Уақыт өткеннен кейін «жас», «кәрі» деп қарамайды, шығармашылығына ғана баға беріледі. Сұлтанмахмұт Торайғыров, Лермонтовтарды жас ақын деуіміз әбестік қой. Талант, дарынына қарап бағалағанымыз дұрыс. Одақтың жаңа басшылығы бүгінгі жаңа Қазақстанға орай жұмысын жаңаша құруы керек. Көптен қордаланған ой-пікірлер ортаға салынатын құрылтайдан күтетініміз көп.
Нағашыбек ҚАПАЛБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, жазушы