Бас прокуратурада автомобиль жолдары саласындағы тексерулердің нәтижелеріне арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті. Бас прокурор Берік Асылов төрағалық еткен алқа жұмысына бірінші вице-премьер Роман Скляр, Президент әкімшілігінің, Үкіметтің, орталық, жергілікті және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Бас прокуратура баспасөз қызметінің хабарлауынша, Берік Асылов орасан зор бюджет қаражатының бөлінетініне қарамастан, автожолдардың сапасына азаматтардың көңілі толмайтынын айтты. Осыған байланысты президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша прокурорлар автожолдардың жай-күйін жұмыстарды жоспарлаудан қабылдауға дейін кешенді түрде тексерді.
Тексеру нәтижелері көптеген заң бұзушылықты, соның ішінде тапсырыс берушілердің орындалмаған жұмысқа ақы төлеуі, сметалық құнды асыру, жобалардан ауытқу, құрылыс нормаларын сақтамау деректерін анықтаған.
Бүгінгі таңда тексеру материалдары бойынша қылмыстық істер қозғалды, кінәлілер қылмыстық жауапкершілікке тартылып, залалды өтеу шаралары қабылданып жатыр. Мәселен, құқық қорғау органдары «Қалбатау-Майқапшағай» және «Қарағанды-Балқаш» автожолдарын салу кезінде жұмыстарды орындамау және қаражат жымқыру фактілерін тексеріп жатыр. Ұзындығы 800 км-ден асатын бұл жол учаскелерін шетелдің қатысы бар консорциумдар сырттан қарыз алып салып жатыр, оның шеңберінде «ҚазГерСтрой БК» ЖШС (Қ.Сатыбалдыұлы құрылымдарымен байланысты) жұмыстарды бірлесіп орындаушы ретінде тартылған.
Бас прокуратураның мәліметінше, тек «Қалбатау-Майқапшағай» жобасы бойынша «ҚазГерСтрой БК» ЖШС 21,4 млрд теңге аванстың едәуір бөлігін автожолға байланысты емес басқа мақсаттарға, оның ішінде несие ақысын төлеуге жұмсаған. Ол үшін мердігер күдікті капиталды шығару схемаларын қолданған.
Қылмыстық істен тыс прокурорлардың актілері бойынша 35 млрд теңге мемлекетке қайтарылып, тәртіптік және әкімшілік жазаға 600-ден астам адам тартылған.
Мәселен, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарында прокурорлар жергілікті биліктің аудандық және облыстық маңызы бар, жақсартуды қажет етпейтін жол учаскелерін жөндеу туралы шешімін заңсыз деп танып, бюджеттен шамамен 1 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуының алдын алған. Анықталған жүйелі бұзушылықтар бойынша Бас прокуратура Үкіметке ұсыныс енгізді.
Жол саласын жақсарту шаралары туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің, Автомобиль жолдары комитеті төрағасының және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басшысының баяндамалары тыңдалды.
Бас прокурордың сөзінше, жағдай тек жазалау шараларымен өзгермейді, бүкіл саланы түбегейлі қайта құру қажет.
Осыған байланысты жоғары қадағалау органы Үкіметпен бірлесіп жол-көлік инфрақұрылымын реформалаудың бірқатар келесі бастамаларын көтерді.
Бірінші. Жол жобаларын қаржыландыру тапшылығы проблемасын шешу үшін нысаналы қор құру ұсынылды, оған көлік салықтары, жанармайға акциздер, ақылы жолдардан алынатын алымдар, айыппұлдар, автожол саласындағы өтелген залал сомалары және басқа да түсімдер шоғырланады.
Екінші. Құрылыс материалдарының (оның ішінде битумның) тапшылығын еңсеру және жолды пайдалану мерзімін ұзарту мақсатында жергілікті және көше жолдары үшін асфальтты сақтай отырып, республикалық желі үшін бетон жабыны бар автожолдарға көшу ұсынылды.
Үшінші. Мемлекеттік сараптамамен толық қамту және жол-құрылыс жұмыстарына тәуелсіз қоғамдық мониторинг енгізу арқылы көлік жолдарының сапасын бақылауды күшейту.
Төртінші. Жол құрылысын техникалық қадағалаудың қазіргі моделінің тиімсіздігін ескере отырып, пилоттық жоба ретінде оны Жол активтерінің сапа орталығына беру ұсынылады.
Бесінші. Автожол саласы ғылымын қаржыландыруды ұлғайту, бұл жол салудың озық технологияларын кеңінен енгізуге мүмкіндік береді.
Іс-шара соңында қатысушылар ұсынылған бастамалар автожол саласын дамытуға жаңа серпін беретінін атап өтті.
Белгіленген ұсыныстарды іске асыру үшін Берік Асылов және Роман Скляр жауапты лауазымды тұлғалары бекітілген 2023-2024 жылдарға арналған Жол картасына қол қойды.