12 сәуір – Қазақстанда Ғылым қызметкерінің күні. Дәл осы күннің ғылым қызметкерлерінің күні деп таңдалуында да мән бар. Өйткені дәл осы күні Ғылым академиясының тұңғыш президенті, көрнекті ғалым-геолог Қаныш Сәтпаев дүниеге келген. Осы атаулы күнге орай зерттеуші, астроизик, Назарбаев университеті Энергетикалық Ғарыш Зертханасында ғылыми қызметкері Тоқтархан Көмешпен елімізде ғылыммен айналысу, ғылыми тәжірибесі туралы аз-кем сұхбат алдық.
– Қазір шетелде іссапармен жүр екенсің, қауырт жұмысыңа қарамастан аз-кем сұхбатқа уақыт бөлгеніңе рахмет. Шетелдерде білім алып, тағылымдамадан өткен, сырт елде ғылым саласында жұмыс істеген жас ғалым ретінде салыстыратын дүние көп болар. Десек те өзің ғылымға алғаш аяқ басқан жылдармен салыстырғанда қазір қандай өзгерістер байқалады?
Бұрынғы кезбен салыстырғанда қазір Қазақстан ғылымында жаңа буын жастар бар және олар өз саласы бойынша халықаралық бәсекеге қабілетті. Бірақ әлі де болса көптеген жас ғалымдар шетелде қалып қойып жатыр.
– Мұның себебі неде деп ойлайсың? Қазақстанда университет қабырғасында жүріп ғылыммен айналысудың қандай ерекшеліктері бар?
Қазақстанда университеттеерде жүріп ғылыммен айналысу қиынырақ. Себебі университеттерде тікелей міндетіңнен тыс іс-шара көп болады, бір-бір жарым ставкамен жүріп сабақ беруің керек, оның жүктемесі көбірек, ғылыммен айналысатын уақыт азырақ болады. Сосын әрине, айлық төмендеу, осы сияқты себептерден ғылыммен алаңсыз айналысуға жағдай аздау болып тұр. Әрине, кейінгі жылдары ғылыми қызметкердің жалақысын көбейту, университет оқытушыларының жүктемесін азайту шаралары жасалып жатыр. Бұл осымен тоқтап қалмауы керек деп ойлаймын.
– Қазақстанда соңғы жылдары ғылымды дамытуға бөлінетін жалпы қаржы көлемі ұлғайып келеді. Нақты айтсақ, 2021-2023 жылдары республикалық бюджеттен ғылымды қаржыландыру екі есеге жуық өсті (2020 ж.– 89,0 млрд.теңге, 2021 ж. – 109 млрд. теңге). 2023-2025 жылдарға ғылым бюджеті 3,5 есеге ұлғайтылды. Бұл тұрғыда Қазақстандағы өзің шұғылданып жүрген астрофизика бұл қолдаудың игілігі тиіп жатыр ма?
Былтыр сол кездегі Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранттық қаржыландыру бойынша 2022-2024 жылдарға жас ғалымдарға арналған бағдарламасы болды. Ол бойынша мен радиоастрономиядан жұлдыз түзуші аймақты астрономиялық бақылау деген жобамды бергенмін. Ол жобам жоғары ұпай алып, гранттық қаржыландыруға өтті. Одан кейін былтыр жазда тағы бір гранттық қаржыландыруға өтініш бергенмін. Ол жас ғалымдарға емес, жалпыға ортақ. Ол да ғылым комитетінің 2022-2024 жылдарға арналған бағдарламасы аясында. Ол бағдарламаға қазақстандық құрылғыларды пайдалана отырып гамма сәулелі жарылысын зерттеу деген жоба ұсынып, оған да грант алдым. Ол гранттар негізінде қазір топ құрып, студент шәкірттерді баулып дегендей жұмыс істеп жатырмыз. Алматыға жақын Ассы-Түрген Астрофизикалық обсерваториясына өзіміздің телескопымызды салғанбыз. Ол телескоп толықтай автоматтандырылған және өте жылдам қозғалатын гамма-сәулелі жарылыстардың ең ерте кезеңін бақылауға арналған.
– Соңғы дерек бойынша, елімізде ғалымдардың саны артып келеді, оның ішінде 40 жасқа дейінгі ғалымдар барлық ғалымның 46 пайызын құрайды екен. «Жас ғалым» жобасы бойынша жыл сайын 1000 грант бөлініп, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында жыл сайын 500 ғалымның тағылымдамадан өту іске асырылып жатыр. Ғылымға бет бұрған жастарға қандай кеңес айтар едің?
Қазір ғылыммен айналысқысы келетін жастар бірінші кезекте сөзсіз ағылшын тілін меңгеруі тиіс. Онсыз болмайды. Нағыз ғылыммен айналысамын деген адам компьютерлік бағдарламаны жақсы білу шарт. Мысалы қазіргі кезде ең көп қолданылатын компьютерлік Python бағдарламалау тілін білу керек. Үшіншіден, ғылымға көп уақыт арнау керек. Шетелде тағылымдамадан өту де өте маңызды. Әйтпесе, белгілі бір деңгейге жеткен соң адам келесі кезеңге өту үшін ғылымның бір саласы бойынша халықаралық бәсекеге қабылетті болуы үшін сөзсіз шетелдегі бәсі жоғары ғылыми институттардың профессорларымен жұмыс істеп, өзінің біліктілігін арттыруы шарт. Сол секілді көп нәрсе айтуға болады. Ал соның барлығын жоғары деңгейде меңгеріп, қайтадан Қазақстанға оралса, белгілі бір тақырыпқа байланып, терең зерттеп, ол бойынша елімізде ғылымға бөлініп жатқан гранттық қаржыландыру бағдарламаларына жобасын ұсынса құба-құп. Зерттеу жобасының мақсаты, қолданатын әдістері, күтілетін нәтижелерін нақты көрсетіп, қаржыландыруға өтініш берсе, оның қолдау табатынына сенімдімін. Себебі қазір бұрынғымен салыстырғанда ғылым саласында ондай жобаларды өте әділ саралайды. Бірінші кезекте өтінімдерді шетелдік мамандарға, сарапшыларға жібереді. Олардың берген бағасын отандық мамандар бағалайды. Осылайша ғылымның дамуына да үлес қоса аласыз, оған бөлінген қаржының да мақсатты игерілуіне септесесіз.
– Сұхбат бергеніңе рахмет!
Айбек Мұқан