Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жұмыс сапары аясында Талғар және Іле аудандарында болып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылу барысын бағамдады. 2,8 мыңнан астам жаңа оқушы орнын құруға және қолданыстағы мектептер жүктемесін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретін үш білім беру нысанын аралап көрді.
Аймақ басшысы алдымен 900 орынды мектеп салынып жатқан Талғар ауданындағы Жаңалық ауылына келді. Мектеп құрылысы 2023-2025 жылдар аралығында бас мердігер – «AK Construction Company» ЖШС тарапынан жүзеге асырылып жатыр. Нысанның жобалаушы ұйымы – «Капремпроект» ЖШС, техникалық қадағалаушы ұйым – «Стройинтеграция». Жобаның жалпы құны 6,29 млрд теңгені құрайды.
Бұл мектептің құрылысы Жаңалық ауылы үшін өте маңызды. Себебі, осы І.Жансүгіров атындағы №37 орта мектепте 2017-2018 оқу жылынан бастап балалар үшауысымда оқиды. Биылғы оқу жылында жалпы мектепалды даярлық сыныбымен қосқанда мұндағы оқушы саны 2211 баланы құрады. Бұл қатардағы 960 оқушы І ауысымда, 756 оқушы – ІІ ауысымда, 495 оқушы ІІІ ауысымда оқиды. Оның үстіне ауылда «Айсұлу», «Айгерім», «Оңтүстік», «Шығыс», «Нұрай», «Али» жаңа ықшам аудандары бой көтеріп, халық саны артып отыр. Қазіргі уақытта осы ықшам аудандардан 884 оқушы тасымалданып оқытылады. Мектепте орын тапшылығы 1127 баланы құрайды.
Бүгінгі күнге мектеп құрылысы 90% аяқталып, материалдық-техникалық базамен жабдықтау 50%-ға орындалған. Яғни, парта, орындық, тақта, шкаф, асханаға жиһаздары әкелініп, техникалық құралдар орнатылған. Сонымен қатар мектеп айналасын абаттандыру ісі жалғасып жатыр. Оларды екі апта ішінде аяқтау жоспарланып отыр.
Марат Сұлтанғазиев ат басын бұрған екінші нысан – Іле ауданының Нұрғиса Тілендиев ауылында салынып жатқан 900 орынды мектеп болды. Бұл жерде құрылыс жұмысы жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Атап айтар болсақ, жер қазу ісі аяқталған, ғимараттың қаңқасы мен қабырғалары тұрғызылып, шатыр және қасбеті жасалып, инженерлік желілер тартылуда. 2023 жылы басталған жоба 2025 жылға дейін іске асырылып, республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, мердігер – «Exclusive Construction» ЖШС. Құрылыстың жалпы құны 5,01 млрд теңгені құрайды.
Сапар соңында облыс әкімі Талғар ауданының Талдыбұлақ ауылында салынып жатқан 600 орынды мектептің құрылысымен танысты. Бұл нысандағы негізгі жұмыстардың 65%-ы аяқталған. Қазіргі уақытта ішкі әрлеу, инженерлік желілерді монтаждау және аумақты абаттандыру жұмыстары жасалып жатыр. Жобаның жалпы құны – 5,22 млрд теңге. Мердігер компания – «Диал строй» ЖШС.
Бұл Қ.Әбдіғұлов атындағы №34 орта мектеп-гимназияда 2017-2018 оқу жылынан бастап балалар үшауысымда оқиды. Қазіргі кезде мектептегі 70 сынып топтамасында 1407 оқушы, мектепалды даярлық сыныбында 91 бала білім алуда. Жалпы оқушы саны 1498 баланы құрайды. Олардың 629-ы І ауысымда, 253-і – ІІ ауысымда, 616-сы ІІІ ауысымда оқиды. Орын тапшылығы 867-ні құрайды.
Марат Елесізұлы сапар қорытындысында нысандардың жоғары дайындық деңгейін атап өтіп, заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруда кешенді жантасу тәсілінің маңызды екенін ерекше ескертті.
– Мектеп – жай ғана ғимарат емес. Ол – балалар өздерін жайлы, қауіпсіз және сенімді сезінуі тиіс кеңістік. Аудан әкімдерінен іргелес аумақтарды абаттандыруға, әсіресе көгалдандыру және ағаш отырғызу мәселесінде барынша көмек көрсетулерін сұраймын. Біз өз балаларымыз үшін мектептер салып жатырмыз және ол соған лайықты болуы тиіс, – деп атап өтті облыс әкімі.
Бұл мектептерді ел игілігіне тапсыру – 2467 оқушыны заманауи білім берумен қамтамасыз етіп, аудандардың әлеуметтік тұрғыда дамуына қуатты серпін беретіні анық. Жалпы, Алматы облысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жоспарға сай жүзеге асырылып келеді.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы