Алматыда Жазушылар одағының XVI құрылтайы өтіп, жазушы Мереке Құлкенов Жазушылар одағының басқарма төрағасы болып сайланды. Оның орынбасарлары қызметіне Нұржан Қуантай, Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибек, Бейбіт Сарыбай тағайындалды.
Мереке Құлкенов 1951 жылы 8 қарашада Атырау облысы Қызылқоға ауданы Қарабау ауылында туған. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Алматы қалалық мәслихатының депутаты. Қазақстан Республикасы Президенті сыйлығының лауреаты, «Құрмет» ордені, «Алтын жұлдыз» ұлттық журналистік сыйлығының иегері.
С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) журналистика факультетін бітірген.
Бірнеше кітаптың авторы. Әр жылдары «Жалын» республикалық қоғамдық-әдеби журналының, «Ана тілі» республикалық газетінің, «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы, «Өлке» баспасының бас директоры болып қызмет еткен.