1938 жылы 21 наурызда түнгі уақытта Алматыда 19 адам атылды. Бұл ақпарат келесі күні «Социалды Алматы» газетіне шықты. Ол кезде Алматы облыстық партия комитеті мен қалалық комитетін Шақпақ Артықбаев деген кісі басқарған. Артықбаев таңертең шығатын газетке 21 наурызда кешке қол қойған. Сол газетте «Ұзақбай Құлымбетов бастаған национал-фашистерге халықтың әділ үкімі — ату жазасы орындалды» деп жазылған. 19 адамның тізімі де берілген. Арасында Құлымбетовтен бөлек, Темірбек Жүргенов, Нығмет Сырғабеков, Жанайдар Сәдуақасов және тағы басқалары болған.
Сталиндік террордың құрбаны болып атылып кеткен 25 мыңнан астам тұлғаның арасында 19 халық комиссарының (1946 жылға дейін министрлерді халық комиссары атаған) атылғаны туралы ғана газет беттеріне жазылған. Солардың арасында Алаш қозғалысына қатысушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы облыстық партия комитеті мен қалалық комитетін басқарған Жанайдар Сәдуақасов та болған. Жанайдар Садуақасов компартия мүшесі болса да кеңестік идеологияға емес, халқына қызмет еткен тұлға. Оған қазақ ұлты үшін атқарып кеткен еңбектері дәлел. Ол – қазақ тілінің шын мағынадағы жанашыры, оған мемлекеттік статус беруші. 1923 жылы іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу туралы қаулысын қабылдағанда, сол қаулыға қол қойған азаматтардың бірі Жанайдар Сәдуақасов болатын. 1930 жылдардағы ашаршылық уақытында халықты аман сақтап қалу үшін азық-түлік көмегін ұйымдастырған тұлғалардың бірі де осы Жанайдар Садуақасов болған. Өз елі үшін жасаған еңбектері үшін Совет үкіметі жалған айыптар тағып, Алматы облысы мен қаласын басқарып отырған уақытында – 1937 жылдың қыркүйек айында тұтқындалған. 1938 жылдың ақпан айына дейін тергеп, айыпты мойнына алдыру үшін әр түрлі жазалау әрекеттерін пайдаланған, соңында тағылған айыптардың жалған екеніне қарамастан ату жазасына кесіп, небәрі 39 жасында кеңестік саясаттың құрбаны болып кетті.
Биыл елі, жері, тілі үшін қүрескен ұлт қайраткері Жанайдар Садуақасовтың 125 жылдығы. Осыған орай Алматы облысы, Талғар ауданына қарасты Жаңалық ауылындағы «Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінде «Жанайдар Садуақасов – тұлға тауқіметі» тақырыбында көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Жанайдар Садуақасовтың өмір жолын көрсетер фото құжаттар мен іс қағаздары қойылды. Көрменің ашылуына Жанайдар Садуақасовтың немересі тарих ғылымдарының кандитаты Перизат Құрманқызы қатысып, музей қонақтарына атасына байланысты өзінде бар деректерін бөлісті.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан «Ел басқару білімнен емес. мінезден» деген. Партия мүшесі болса да жүрегі қазақ деп соққан, қазақтың мүддесі үшін күрескен тұлғалар еш ұмытылмау керек.
Мейіржан Мұсабаев
«Саяси қуғын-сүргін құрбандары» музейінің меңгерушісі