Бұл жайында қала тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев мәлім етті. Оның сөзінше, Жалпы қалада кәріз тазарту жүйесінің 80 пайызы тозған.
«Биыл кәріз-сорғы стансаларын қайта жаңартудың құрылыс-монтаждау жұмыстарына 10 млрд. теңге бөлінді», – деді аймақ басшысы.
Сондай-ақ ол қалада су құбыры желілерінің 41 пайызы тозғанын, бес елдімекенде сумен жабдықтау жүйелерін жөндеу қажет екенін айтты.
«Қазіргі уақытта «Қарлығаш», «Гүлдер» шағын аудандарының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал «Восточный», «Әсем Тас», 8-ші, 10-шы шағын аудандарының, Шеңгелді, Кербұлақ, Сарыбұлақ, Арна, Заречный ауылдарының су құбырларын жөндеу үшін жоба-сметалық құжаты әзірленіп жатыр», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұдан бөлек, облыс әкімі қала әкіміне қаладағы жаңбыр суы ағатын кәріз жүйелерін тазарту және қалпына келтіру мәселесін пысықтауды тапсырды. Себебі, қаланың орталық бөлігіндегі жаңбыр суына арналған кәріз жүйесі нөсер жаңбар жауса тез толып, қала көшелерін су басып кететін болған.