Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Заречный ауылына жұмыс сапары барысында “Магнетик” ЖШС-ге барып, серіктестіктің мәселелерімен танысты.
Серіктестік басшылығының айтуынша, зауыттың негізі 2000 жылдары қаланған. Қазіргі таңда зауытта 4 цех жұмыс істеп тұр. Қосымша 3 цехтың құрылысы жүріп жатыр.
«Біз теміржолға қажетті шпалдарды, оны ұстап тұрушы жабдықтарды, көпірге қажетті бетон материалдарды, метро тұрғызуға арналған шеңбер бетондарды да өндіреміз. Енді қосымша ашылатын цехта үйді жылы ұстап тұруға арналған материал өндірілмек. Яғни, біз ақырындап көпқабатты үй тұрғызуға қажетті құрылыс материалдарын өндіретін боламыз. Оның ішіне қабырғалар, баспалдақтар тағы басқа кіреді», – деді мамандар.
Серіктестік өкілдері зауыт өндірісін кеңейту үшін 12000 мВт электр энергиясы қажет екенін айтып, облыс әкімінен мемлекеттен қандай қолдау көрсетілетінін сұрады.
Сондай-ақ зауыт басшылығы жұмысшыларға арнап үй тұрғызуға ниетті екендерін де айтты. Ол үшін Заречный аумағынан жер қажет.
«Қызметкерлер тапшылығының зардабын көріп отырмыз. Өйткені, темірбетон шығару оңай емес. Жұмыс өте ауыр, жастар шыдамайды. Оның үстіне мамандар келейін десе, көбіне үй мәселесіне қарайды да келісім бермейді. Сол себепті үй салмақпыз. Ол үшін әкімдік тарапынан мемлекеттік-жеке меншік әріптестік бойынша жер берілсе, сосын сол жерге инфрақұрылымдық желі тартылса деген өтінішіміз бар», – деді зауыт өкілі.
Өз кезегінде аталған мәселелерді тыңдаған облыс әкімі инфрақұрылымдық желі мемлекет тарапынан тартылатынын айтты.
«Заречныйда 2 қосалқы электр стансалары қойылғанда ең алдымен зауыттарды сол токқа жалғаймыз. Ауылда бұл зауыттан бөлек басқа да өнеркәсіп орындары кеңейтілмек. Сондықтан, энергия тапшылығы бар екенінен хабардармыз. Мемлекеттік қолдау да міндетті түрде көрсетіледі. Мысалы, жұмыс істеп тұрған зауыттар үшін өнеркәсіпті қолдау қоры қызмет етеді немесе қолданыстағы бағдарлама аясында көмек береміз. Тұрғын үйлер үшін инфрақұрылым тартып беруге әзірміз», – деді Марат Сұлтанғазиев.
Alatau News