Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласының қызметкерлері марапатталды

Алматы облысында цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласының қызметкерлері марапатталды

79 қаралым

Облыстық әкімдікте цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласының қызметкерлері марапатталды. Оларға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және өзге де марапаттар табысталды. Шараға аймақ басшысы Шыңғыс Әрінов қатысып, мамандарды кәсіби мерекесімен құттықтады.

Алматы облысы әкімі бүгінде цифрлық технологиялар өндірістен бастап мемлекеттік басқаруға дейінгі барлық саланың жұмыс тәсілін түбегейлі өзгертіп, жаңаша даму мүмкіндіктеріне жол ашып отырғанын атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев бізге елімізді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндетін жүктеген болатын. Осы бағытта облысымыздағы шалғай елдімекендерді ғаламтор жүйесімен қамту, «Қолжетімді интернет» жобасы аясында байланыс желілерін тартып, IT-инфрақұрылым сапасын одан әрі жақсарту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Ең бастысы, енгізіліп жатқан сандық технологиялар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, жол-көлік оқиғасын азайтып, адам өмірін сақтауға нақты септігін тигізіп отыр», – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Жандос Ақыл цифрландыру саласынының мақсат-міндеті жылдан-жылға кеңейіп, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып отырғанын тілге тиек етті. Осыған орай сала мамандарына артылатын жауапкершілік арта беретінін, сондықтан алда сапалы әрі жүйелі жұмыс күтіп тұрғанын жеткізді.

Бүгінде облыста ақпараттық технологиялар саласында 246 компания жұмыс істейді. Жыл басынан бері байланыс қызметтерінің жалпы құны 15,5 миллиард теңгені құрап, өсім көрсеткіші 110,9 пайызға жетті. Әсіресе тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында цифрлық технологиялар тиімді пайдаланылуда. Мәселен, қоғамдық орындар мен жол бойына қойылған 9500-ге жуық камераның арқасында өлім-жітім көрсеткіші 31 пайызға төмендеді. Ереже бұзғандарға айыппұл салынып, бюджетке 11,5 миллиард теңге қаржы түсті. Тұрғындармен кері байланыс орнатуға арналған «109» қызметі арқылы облыс бойынша 73 мыңнан астам азаматтың өтініші орындалды. Цифрлық қадағалау технологиясы арқылы 188 жобаға мониторинг жүргізілуде. Соның нәтижесінде облыста іске асырылған жобалар жергілікті мемлекеттік органдар арасындағы рейтингте тұрақты түрде бірінші және екінші орындарды иеленіп келеді.

Цифрландыру саласына жастарды кеңінен тарту мақсатында да облыста бірқатар игі жоба қолға алынды. Мысалы, Қонаевтағы Alatau Hub орталығында биыл 90-нан астам іс-шара өтіп, оған 1400-ден астам адам қатысты. «Digital Keruen» жобасы арқылы өңірдің түкпір-түкпіріндегі азаматтар ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект туралы білімін жетілдіру мүмкіндігіне ие болды. Хакатондар, Google Cloud шеберханасы және Startup Orda бағдарламалары да жастарды цифрлық салаға баулып келеді.

Қазіргі таңда Алматы облысындағы 376 елдімекеннің 365-і мобильді байланыспен және интернетпен қамтылып, көрсеткіш 97 пайыздан асып отыр. Келесі жылы  тағы сегіз ауыл сапалы интернетке қол жеткізеді. Одан бөлек қолданыстағы желілер 4G стандартына сай жаңғыртылады.

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында Алматы облысындағы 85 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылып, биыл 29 елдімекендегі әкімдіктер, мектептер мен фельдшерлік пункттер интернетке қосылды. Сондай-ақ аталған желі толық іске қосылғанша 23 ауылға уақытша Starlink стансасы орнатылып жатыр. Республикалық жолдардың бойындағы байланыс сапасын арттыру үшін жыл соңына дейін 17 антенна-діңгек салынып, пайдалануға беріледі. Ал Көлсай мен Шарын туристік аймағында мобильді желілер және Freedom Telecom компаниясының Wi-Fi  желісі тегін жұмыс істейді.

Аталған жұмыстың барлығы – цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлерінің табанды еңбегінің жемісі. Осы салада аянбай тер төккен жанның бірі – «Sunqar Tech»  ЖШС-ның бас директоры Арман Әлмереков.

«Еңбегім ескеріліп, облыс әкімінің Алғыс хатына ие болғаныма өте қуаныштымын. Кәсіби мереке қарсаңында көңіліміз бір марқайып қалды. Біз цифрлық технологияның көмегімен облыстағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге  үлесімізді қосып келеміз. Тұрғындарды жылдамдықты асырмай, ережелерді сақтауға шақырамыз. Алдағы уақытта жұмысымызды жетілдіріп, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қызметімізді жалғастыруға ниеттіміз», – деді марапат иесі.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Қонаев қаласы

↑