Өңірлік коммуникациялар алаңында облыстық мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Ләззат Бейсеқұлова 2023 жылдың I тоқсанын қорытындылаған брифинг өткізді. Ең алдымен мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында атқарылып жатқан шаралар туралы айтылды.
– Еліміздің әр облысында Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының филиалы бар. Мемлекеттік қызметкерлер осы академияға келіп, әр 3 жыл сайын өз біліктілігін арттыруы тиіс. Егер бірінші рет мемлекеттік қызметке жұмысқа кірген азаматтар болса, оларды 3 апталық курстан өткізеді. Азаматтардың барлық шығыны Үкімет тарапынан қамтамасыз етіледі. Биылғы жылы оқуға баратын 1805 қызметкердің 107-сі, яғни 6 пайызы оқудан өтті. Алдағы уақытта қайта даярлау бойынша 168, біліктілігін арттыру бойынша 1637 азамат оқудан өтуі керек деп жоспарланып отыр. Филиалдың базасында өткізіліп жатқан оқуға Алматы облысынан әр сала бойынша келіп жатқан мамандарға басқарма тарапынан немесе департамент тарапынан практикалық жүйеде түсіндіру жұмыстарын өткізуге тырысамыз, – деді Ләззат Бейсеқұлова.
Баяндамашының айтуынша, мемлекеттік қызметке алғаш рет жұмысқа қабылданған жас қызметкерлер түрлі себептермен жұмыстан шығып жатқан жағдайлар бар. Осындай көрсеткішті азайту мақсатында департамент жанынан «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» құрылған. Бұндай мектеп Алматы облысындағы С. Демирел атындағы университеттің базасында бар. Алдағы уақытта «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебін» Қонаев қаласынан ашу жоспарланған.
Брифингте Мемлекеттік қызмет туралы Заңға енгізілген өзгерістер туралы да сөз болды. Біріншіден, Президент жанындағы академияны тәмамдаған магистранттар мен докторанттар бір жыл ішінде облыстағы барлық мемлекеттік лауазымдарға конкурстық іріктеуден өтпей, тікелей тағайындала алады. Бұл жерде қойылып отырған басты шарт оқу деңгейі (GPA) 3,3 балдан төмен болмауы тиіс. Сондай-ақ, жоғарғы оқу орнын грантпен аяқтаған, оқу деңгейі 3,3 балдан жоғары студенттер ауылдық, аудандық деңгейдегі ең төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеуден өтпей-ақ, тікелей тағайындалуға құқылы. Облыстағы департамент басшылары және облыстық басқарма басшылары да ешқандай конкурссыз біліктілік талаптары сәйкес келген жағдайда жұмысқа тікелей қабылдана алады. Бұл жердегі басты талап тағайындалайын деп отырған азамат сырттан, жеке сектордан келіп отырған болса, міндетті түрде тестілеуден өтуі тиіс.
Келесі өзгеріс саяси қызметшіні сенім жоғалтуына орай жұмыстан босатуға қатысты толықтыру енгізілді. Саяси қызметшіні босату туралы шешімді енді тек Мемлекет басшысы ғана қабылдай алады. Енгізілген өзгерістердің бірі егер мемлекеттік қызметкер екі тоқсан бойы өзінің функционалдық қызметтерін дұрыс атқармаған жағдайда, атқарып отырған қызметінен төмендетілуі тиіс немесе жұмыстан шығарылады. Ал өз жұмысын жақсы атқарған қызметкерге, жылдың соңында сыйақы беріледі.
Мемлекеттік қызмет туралы Заңға енгізілген өзгерістердің бірі ротацияға қатысты. Ротацияға жататын меклекеттік қызметкерлерді бір ауданнан басқа ауданға немесе бір облыстан басқа облысқа жіберген жағдайда мемлекет оларға міндетті түрде ротациялық үй берілуі тиіс. Бірақ көп облыстарда немесе аудандарда үй болмағандықтан бұл талап орындалмай жатады немесе тиісті деңгейде жүзенге аспайды. Осыған байланысты, егер үкімет қызметкерді үймен қамтамамыз ете алмаған жағдайда, ротациялық төлемақы берілетін болады.
Тағы бір жағымды жаңалық, енді мемлекеттік қызметкерлер қашықтықтан жұмыс істей алады және ыңғайлы жұмыс кестесін енгізе алады. Ләззат Бейсеқұлованың айтуынша, мемлекеттік қызметшілер күніне орай және қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайту мақсатында департамент облыс әкімдігімен бірлесіп, бірқатар іс-шаралар ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Алдағы уақытта, «Тәлімгерлер кеңесі», «Еріктілер кеңесі» консультативтік-кеңесші органдарын құру, «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жұмысын ұйымдастыру, жыл сайынғы «Дәстүрден тағылым», «Отбасым – үйім, Отбасым – тірегім», «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі», «Үздік әдеп жөніндегі уәкіл», «Үздік сапалы қызмет көрсетуші», «Үздік ауыл әкімі» конкурстарын өткізу, ұлттық спорт түрлері бойынша спорттық ісшараларды өткізу жоспарланған.
Гүлзат БАЙҚОНЫСОВА,
Қонаев қаласы