«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы, Алматы облысы бойынша кәсіби даму институты Әдіснама және педагогикалық инновация» кафедрасы ұлы гуманист, кемеңгер ойшыл, қазақ әдебиетінің классигі Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай ,«Шәкәрім Құдайбердіұлының ғылыми мұрасы: зерттеу,тәжірибе» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Конференцияға қатысушы шәкәрімтанушы ғалымдар, озық тәжірибелі педагогтер қазақ ақыны, жазушы, философ Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылық мұрасы-ұрпақтан-ұрпаққа берілетін бүкіл ұлттың рухани байлығы екендігін жан-жақты талдады. Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры А.В.Таңжарықова Шәкәрім шығармаларындағы жалғыздық, кемелділік туралы жан-жақты тоқталды, ұйғыр тілін зерттеуші ғалым Р.Ұ.Арзиев ұйғыр ақыны Алмасбектің Шәкәрім мұрасы туралы жазылған «Шаһкәрим» аудармасын таныстырып, екі халықтың әдеби ынтымақтастығын таныстырды. Өзбекстанның Қоқан институтынан және Қарақалпақстанның Әжінияз университетінен қатысқан ғалым-педагогтер Шәкәрім мұраларының өзбек тіліне аударылуы, өзбекстандық мектептерде оқытылуы, сонымен қатар Шәкәрім еңбектерінің өзбек ақындарының шығармаларымен үндестігі жайлы баяндады. Шәкәрім еңбектері-қазақ халқының рухани тәжірибесі мен даналығын бейнелейтін ұлттық мәдениеттің бірегей бөлігі. Кейінгі ұрпақ, біз Шәкәрімді өз дәуірінде маңызды мәселелерге дұрыс сараптама жүргізіп, оң қорытынды жасай білген ойшыл деп білеміз. Осыған орай, Шәкәрімнің мұраларына қайтадан бет бұру, мәдениетіміз бен руханиятымызды қайта түлету, ұлы ойшылымыздың ар-ождан шығармашылығын зерттеу бүгінгі күнгі педагогикалық және біліктілікті арттыру салаларындағы ғылыми –әдістемелік жұмыстарымыздың қатарынан орын алады. Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығы аясында атқарылатын оқу-тәрбие жұмыстары Шәкәрімтануға, кемеңгер ақынның бай мұрасын насихаттау одан әрі жандандыруға септігін тигізері анық. Шәкәрім өлеңдерінде, аудармаларында ар тазалығы, имандылық, адамгершілік мәселелерін жиі көтереді. Оның шығармаларында «ар-ождан» деген термин көптеп қолданылған.Бұл қазіргі қоғамдағы ұрпақ тәрбиесіне өте қажет ұғымдар. Шәкәрім адам болмысының мәні мен мағынасы мәселелерін тереңінен зерттеді. Адам ар-ождан туралы ілімді қалыптастырмас бұрын өмірдің мәнін түсіну және ондағы адамның рөлі жайлы жан-жақты ойлауы қажеттігін сипаттап берді. Мәселен, Шәкәрімді өмір бойы толғандырған, ақиқатты іздеуге түрткі болған мынадай үш сұрақ:
1. Бұл өмірге қайдан келдім?
2. Осы өмірден кейін қайда барамын?
3. Осы өмірді дұрыс өткізу үшін не істеуім керек?
Бұл сұрақтар оның шығармашылығының негізгі жүйесі болып, философиялық ойлары мен өлеңдерінде жиі көрініс тауып отырды. Ұлтымыздың рухани ұстазы, ұлы Абайдың ізбасары, оның дәстүрін жалғастырушы, қазақ халқының ғұлама ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлы жарты ғасырдан астам өмір сүрген кезеңінде әдебиеттің барлық жанрында қоғамның әр саласында өзінің ой-толғамымен із қалдырған. Бүгінгі рухани жаңғыруды мақсат еткен жасампаз ұрпақ ақын мұрасын жоғары деңгейде қабылдап, өзінің даму кеңістігіне бағыт-бағдар етіп алатынына сеніміміз мол.
Н.У.Кылышбекова
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы, Алматы облысы
бойынша кәсіби даму институтының аға оқытушысы