Еліміздің аграрлық саласында Алматы облысының өзіндік орны бар. Аграрлық саладағы мәселелердің бірі – егіс алқаптарына түрлі зиянкестерден төнетін қауіп және оның алдын алу. Осы және басқа да түйткілді сұрақтарға жауап алу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Алматы облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Еркебұлан Бекжановпен сұхбат құрдық.
– Еркебұлан Маратұлы, «шегірткеден қорыққан егін екпес» десек те, осы бір зиянкестің ауыл шаруашылығына келтіретін зиянын бәріміз жақсы білеміз. Жолындағысының бәрін тып-типыл ететін бұл зиянкес жәндіктің жалпы қандай түрлері бар және оның қайсысы қауіпті?
– Шегіртке үйірлі және саяқ болып екіге бөлінеді. Сіз айтқандай, жолындағы өсімдік атаулының бәрін тып-типыл етіп кететіні негізінен үйірлі шегірткелер. Сондықтан олармен күрес әрдайым республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Ал төндіретін қаупі одан азырақ, саяқ шегірткемен күрес жергілікті әкімшілік тарапынан қаржыландырылып келе жатыр. Сондай-ақ, үйірлі шегірткенің өзі үшке – марокколық, италиялық және азиялық болып бөлінеді. Алматы облысында марокколық үйірлі шегіртке жоқ. Ол біздің елімізде тек Түркістан және Жамбыл облыстарында ғана бар. Олар ерте шығатын болғандықтан мұнда сәуір айының басында химиялық өңдеу жұмыстары басталып кетеді. Азиялық шегіртке қамысты жерлерде кездеседі. Атап айтқанда, Балқаш ауданында Балқаш көлінің жағасында, Іле өзенінің бойында бар. Биыл біздің облыста шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізетін 48 795 гектардың 19 760 гектары соған бағытталған. Ал италиялық үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеулер Іле, Қарасай, Жамбыл, Ұйғыр, Кеген, Талғар аудандарында жүргізіледі.
– Химиялық өңдеу жұмыстары Алматы облысында қашан басталады және олардың аумағын кім белгілейді?
– Зиянкестер ошағы мен оның аумағын «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ анықтайды. Олардың мониторингтік зерттеуі негізінде республика көлемінде ақпарат жинақталып, ол орталық аппаратқа тапсырылады. Сол себепті атқарылған шаралар үнемі республика деңгейінде бақылауда болады. Шегіртке зиянкестері Алматы облысында негізінен +10-нан жоғары уақытта, тиімді ауа температурасының жиынтығы +120 градустан асқан кезде күбіршіктерінен дернәсілдері шыға бастайды. Ал оларға қарсы химиялық іс-шаралар, шегіртке тектес зиянкестерінің дернәсілдері 2 жас фазасына өткен кезде басталады. Бұл Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қатаң бақылауда. Өйткені, шегіртке егінге, жайылымдық жерлерге өте қауіпті зиянкес болып табылады. Химиялық өңдеу жұмыстары үйірлі шегіртке саны 1 шаршы метрде үш данадан асқан жағдайда, ал саяқ шегірткеде 1 шаршы метрде 8 данадан асқан жағдайда жүргізіледі. Осы жерде бір ескерте кететін жайт, қанша химиялық өңдеу жұмысы жүргізілгенмен оны 100 пайыз жою мүмкін емес. Ол – табиғи процесс. Шегірткелердің табиғи жаулары болады. Шегіртке зиянкестерінің өзіндік циклы бар. 12-13 жылда көбейіп, азайып тұрады. Жоспарлауымызша, 2025-26 жылдары оның қайтадан көтерілу процесі болуы мүмкін. Олар облыс аумағында ғана өсіп-өніп қоймай, басқа облыстардан да бізге ұшып келуге мүмкіндігі бар. Бұл да табиғаттың бір заңдылығы. Кейбір облыстарда, мысалы, қарап отырсаңыз, 2000 және 2012 жылдары көп болған. Мен бұған дейін 2017-2022 жылдары Қызылорда облысында жұмыс атқардым. Онда 2017 жылы химиялық өңдеу жасалатын жер көлемі 153 мың гектар болған. Биыл 53 мың гектарға дейін азайды. Сол сияқты Алматы облысын да қазір зерттеп жатырмыз.
– Химиялық өңдеуді кім жүргізеді?
– Мердігер мекемелер анықтайтын конкурстарды Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті өткізеді. Алматы облыстық аумақтық инспекция өз құзыреті шегінде облыс көлеміндегі фитосанитарлық іс-шараларды ұйымдастыру барысында пестицидтерді сақтау, тасымалдау, қолдану жөніндегі жұмыстарды бақылайды. Мысалы, Алматы облысы бойынша үйірлі шегірткелерге 2023 жылы 48 795 га жерге химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның ішінде италиялық прусқа қарсы өңдеу 29 035 га жерге жүргізіледі. Оның 16 240 гектарында өңдеу жұмыстары ұшақтар арқылы, 12 795 гектарына жерүсті техникалармен жасалады. Ал азиялық шегірткеге қарсы өңдеу жоспарланған 19 760 гектар жердің бәрі ұшақ көмегімен жүргізіледі. Сондықтан шегіртке зиянкестеріне қарсы фитосанитариялық күрес жұмыстарына 6 арнайы жер агрегаттары, 2 жеңіл және 1 ұшақ қарастырылуда. Бүгінгі күні аса қауіпті шегіртке зиянкестеріне қарсы жұмыс жасайтын мердігерлер комитет тарапынан анықталып, келісімшартқа отырды. Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы облыстық, аудандық филиалы тарапынан зиянды және ерекше қауіпті зиянды организмдерге қарсы мониторинг жұмыстарын жүргізуге 42 маман, 21 зерттеуші және 9 тұрақты, 21 жалдамалы автокөлік қарастырылады. 2023 жылы саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 28 080 гектар жерге жоспарланып отыр. «Өсімдіктерді қорғау туралы» Заңның 9-бабының 4-1 тармағына сәйкес саны зиян тигізудің экономикалық шегінен жоғары саяқ көкқасқа шегірткелерге қарсы күрес жөніндегі фитосанитариялық іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу облыстардың (республикалық маңызы бар қалалардың, астананың) жергiлiктi атқарушы органдарының өсiмдiктердi қорғау саласындағы құзыретiне кіреді.
– «Биыл Түркістан облысындағы химиялық өңдеу жұмыстарынан кейін омарта шаруашылығы қызметкерлері үлкен шығынға баттық», – деген мәлімдеме таратқан еді. Мұндай жағдайдың Алматы облысында қайталанбауы үшін не шара жасадыңыздар?
– Ара – өте нәзік жәндік. Оған удан бөлек, иіс те қатты әсер етеді. Бізде қазіргі таңда барлық аумақтық инспекцияларға тапсырма берілді. Ауылдық округ әкімдері ара ұстайтындарды біледі ғой. Соларға алдын ала хат, хабарлама беріп қоямыз. Сосын химиялық өңдеу жұмыстарының алдында сол жердің кординациясына сәйкес ара өсірушілерге: «Мына жерде ертең химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан сіз араңызды 1-2 аптаға басқа жерге алып кетуіңізді сұраймыз» деген ескерту айтамыз. Жалпы бал арасына қатысты химиялық өңдеу жұмыстары барысында төмендегі көрсеткіштер қатаң сақталуы керек: бал арасына химиялық өңдеудің әсерін қауіптілігі жоғары, орташа және төмен деп 3 топқа бөлуге болады. Біріншісінде, шекаралыққорғаныс аумағы бал аралары үшін 4-5 км, авиаөңдеуде кемінде 5-6 км болу керек. Бұл аймаққа 4-6 күнге дейін бал арасын жібермеу керек. Екіншісінің шекаралық-қорғаныс аумағы бал аралары үшін 3-4 км, авиаөңдеуде кемінде 4-5 км болу керек. Оған 2-3 күнге дейін бал арасын жібермеу керек. Үшіншісінің шекаралық-қорғаныс аумағы бал аралары үшін 2-3 км, авиаөңдеуде кемінде 3-4 км болады және бал арасын 20-24 сағатқа дейін жібермеу керек.
– Алматы облысында зиянкестердің таралған жері бұрынғы жылдармен салыстырғанда қаншалықты азайған?
– Былтырмен салыстырғанда биыл 5 мың гектарға көбейіп отыр. Бұл негізінен Іле мен Қарасай аудандарында байқалып отыр. Еңбекшіқазақ ауданында былтыр азиялық шегірткеге химиялық өңдеуді 2,5 мың гектарға жасағанбыз. Биыл ол жоқ. Балқаш ауданында ғана қалды. Ұйғыр (1175 га), Кеген (2600 га), Райымбек (800 га) аудандарында бірқалыпты.
– Зиянкестерге тек шегірткелер ғана кіре ме?
– Ауыл шаруашылығы дақылдарына зиян келтіретін зиянды организмдер негізгі 3 топқа бөлінеді. Оларды атап айтсақ: 1. Аса қауіпті зиянды организмдер (үйірлі шегірткелер, тышқантектестер, саршұнақтар, өрмекші кенелер, тат-септориоз, және басқалар); 2. Зиянды (маманданған) зиянкестер (саяқ шегіртке, бидай трипсі, мүр көбелегі, тағы басқалар); 3. Карантинді объектілер (шығыстың жеміс жемірі, бактериалды күйік, сары шырмауық, тағы басқалар)
– «Бактериялық күйік таралып бара жатыр» деген қаншалықты шындық? Бізде сиверс алмасынан айрылып қалу қаупі бар ма?
– Бактериялық күйік – өте күрделі мәселе. Былтыр өңірдегі 535 гектар жерде бактериялық күйік болған. Оның 156 гектарына республика көмегімен химиялық өңдеу жүргізген. Негізінен республика көмегімен 1 рет химиялық өңдеу жүргізілсе, аурулардың пайда болуына байланысты шаруа қожалықтары өз күштерімен химиялық өңдеу жұмыстарын қосымша жүргізеді. Биыл оның анықталғаны 583 гектар болып отыр.
– Аграрлық саладағы өзекті мәселенің бірі болып табылатын фитосанитариялық қауіпсіздіктің маңызын екінің бірі түсіне бермейді. Бұл бағыттағы жұмыста қандай өзгерістер бар?
– Аумақтық инспекцияның негізгі жұмысы – тиісті аумақта өсімдіктердің, өсімдік шаруашылығынан алынатын өнімнің қолайлы фитосанитарлық ахуалын қамтамасыз етілуін бақылау және қадағалау болып табылады. Ауыл шаруашылығы инспекциясының барлық атқарылатын жұмыстары Қазақстаның өсімдіктерді қорғау және карантині заңнамасы мен Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес негізделеді. Сондықтан, олардағы өзгерістеріне сәйкес, фитосанитарлық қауіпсіздік талаптары да күшейтіліп отырады. Біз өз құзыретіміз шегінде облыс көлеміндегі фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, агроөнеркәсіптік кешен саласындағы бақылау-қадағалау функцияларын, оның ішінде өсімдіктерді қорғау және өсімдіктер карантині саласында бақылау қадағалау функцияларын жүзеге асырамыз. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген өнімдердің экспортын ұлғайтуға, әсіресе, елімізге жаңа нарықтың ашылуы бұл инспекция тарапынан фитосанитариялық қауіпсіздік саласын одан әрі нығайтуды қажет етеді. Бізге осындай маңызы зор мемлекеттік қызмет жүктелген. Біз ішкі және сыртқы нарықтағы бүкіл халықтың тұтынуына жіберілетін сырттан келетін және экспортқа шығарылатын бүкіл өсімдік тектес өнімнің карантиндік нысанның тазалығына және қауіпсіздігіне жауап береміз.
– Азық-түлік қауіпсіздігін сақтауда өсімдіктерді қорғаудың маңызы зор екені кімге де болса түсінікті нәрсе. Сырттан келетін карантиндік өнімдерді анықтау, зерттеу, жою жұмыстары қалай жүргізіледі?
– Кедендік аймақта карантиндік фитосанитарлық бақылау-қадағалау карантинге жатқызылған өнім баратын жеріндегі мемлекеттік фитосанитариялық талаптарына сәйкестілігін тексеру мақсатында жүзеге асырылады. Жүзеге асыру процедурасы мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес келесі бақылау шараларын қарастыра алады: құжаттарын тексеру; карантинге жатқызылған өнімді қарау; карантинге жатқызылған өнімді қарап тексеру. Құжаттамалық тексеру жүргізу мақсатында мемлекеттік инспектор: 1) карантинге жатқызылған өнімнің әкелінетін партиясына арналған коммерциялық және көліктік құжаттарды; 2) карантинге жатқызылған өнімнің әкелінетін партиясына қағаз жеткізгіште рәсімделген фитосанитариялық сертификатты сұрайды. Өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор фитосанитариялық бақылау бекеттерінде әкелінетін, әкетілетін және транзиттік карантинге жатқызылған өнімге, көлік құралдарына және тасымалдауға арналған бейімдемелерге (оның ішінде көлік құралдарының кабиналарына, салондарына, багаж және жүк бөлімшелеріне, контейнерлерге), жеке тұлғалардың қол жүгі мен багажына бастапқы карантиндік фитосанитариялық бақылауды және қадағалауды, қажет болған кезде үлгілерді іріктей отырып, оған карантиндік фитосанитариялық сараптама және (немесе) зертханалық сараптама жүргізеді, карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау актісін жасайды, ілеспе тауар-көлік құжаттарына мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылаудан және қадағалаудан өткені туралы белгіленген үлгідегі тиісті мөртабан басады.
– Зертханалық тексеру қалай жүрзіледі?
– Негізінен 2 зертхана бар. Екеуі де Алматыда. Біз соларға келіп жатқан заттардан үлгі алып жібереміз. Карантиндік объектіден таза ма, жоқ па, қараймыз. Егер ол кісілер бізге «таза» деп қорытынды беретін болса, біз оны сатуға, басқа жаққа жөнелтуге рұқсат береміз. Карантиндік объекті анықталса, 1 апта не 10 күн деген сияқты нұсқама беріп, ол шаруашылықтың өз қаржысымен тазаланғаннан кейін де қайтадан үлгі алып, зертханаға жібереміз. Таза болса рұқсат етеміз. Құрттар сияқты кейбір зиянкестер тазаланбауы мүмкін. Оны біз жоюға жібереміз. Одан бөлек, айыппұл салынады. Жою кәсіпкердің есебінен болады.
– Қазір елімізге шет мемлекеттерден келетін ерте пісетін жеміс-жидек пен көкөністер көбеюде. Олар химияның көмегімен өскен, сапалы емес деген сөз қаншалықты рас?
– Жіберетін елдердің де карантиндік қызметтері бар. Олардан карантиндік объектімен келетін болса, біз оларды шекарадан кері қайтарамыз. Арнайы зертханалар бар. Одан бөлек, әр облыс өзіне келген мұндай өнімді тағы да қайтадан зертханалық тексеруге жібереді. Мәселен, қазір бізге жалпы 40-50 елден өнім келеді. Олардың бәрі міндетті тексеруден өтеді.
– Облыста және елімізде соңғы кезде ғана анықталған қандай карантиндік нысандар бар?
– Талғар ауданында жеке үйдің ауласындағы 24 сотық жерден қоңыр мәрмәр қандаласы анықталды.
– «Мына елден мынандай өсімдік тектес өнімдерді әкелуге болмайды», – деген тізім бар ма? Жалпы мұндай шектеу қандай жағдайда жасалады?
– Кедендік аймақта карантиндік фитосанитарлық бақылау (қадағалау) карантинге жатқызылған өнім баратын жеріндегі мемлекеттік фитосанитариялық талаптарына сәйкестілігін тексеру мақсатында жүзеге асырылады. Кедендік аймақта карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалуды) жүзеге асыру процедурасы мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес келесі бақылау шараларын қарастыра алады: 1) құжаттарын тексеру; 2) карантинге жатқызылған өнімді қарау; 3) карантинге жатқызылған өнімді қарап тексеру. Көлік құралдарын тексеру кезінде өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор ыдысты және қаптаманы ашпай және өнім үлгілерін іріктемей тасымалдауға арналған көлік құралдары мен құрылғыларын көзбен шолып тексеруді жүзеге асырады. Көлік құралдарын тексеру мақсатында көлік құралдарының фитосанитариялық сертификатта көрсетілген мәліметтерге сәйкестігін анықтайды. Карантинге жатқызылған өнімді өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор карантинге жатқызылған өнім партиясының кез келген бөлігін тексеру үшін қолжетімділігі және карантинге жатқызылған өнім партиясының әртүрлі бөліктерінен үлгілерді іріктеу және көлік құралына орналастырылған карантинге жатқызылған өнім партиясын көзбен шолу арқылы бақылайды. Карантинге жатқызылған өнімді бақылау барысында күдікті, карантиндік нысандарға ұқсас нысандар табылған жағдайда зертханаға жіберіледі. Зертхана қорытындысы бойынша карантиндік фитосанитариялық акт толтырылады. Карантинге жатқызылған өнімді тексеру немесе карантинге жатқызылған өнімді карантиндік объектілермен залалданғаны байқалған жағдайда, карантинге жатқызылған өнім партиясын әкелуге тыйым салынады немесе оны зарарсыздандырады.
– Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, журналист