Қазақ тарихында «тар жол, тайғақ кешумен» сипатталатын тақсыретті кезеңдердің аз болмағаны ақиқат. Тоталитаризмнің зұлым саясаты мен зұлмат әрекеті ешбір елді, ұлысты таңдаған жоқ. ХХ ғасырдың 30 жылдары саяси қуғын-сүргінге Өзбекстанда 10164, Қырғызстанда 30634, Қазақстанда 90867 адам ұшыраған. 1920- 1950 жылдары қазақ жеріне кәріс, фин, неміс, поляк, күрд, қарашай, месхеттік түріктер, кавказдықтар, тағы басқа ұлыстардан 1,5 млн адам жер аударылды, күшпен көшіріліп әкелінді.
Қуғын-сүргін Ресейдегі Азамат соғысы кесірінен шаруашылықтың шатынауы мен орын алған жұттан басталып, ауыл халқының ашаршылық шығыны 2 млн 200 мың адамнан асып, 30 пайызға азайған.
1 9 2 5 жылдан елді басқарған Ф.Голощекиннің «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясаты салдарынан қуғын-сүргінге Алаш қозғалысының қайраткерлері Ә.Бөкейханов, М.Дулатұлы, Ж.Ақбаев, Ж.Аймауытов, қазақ интеллигенциясының қаймақтары А.Байтұрсынов, Х.Досмұхамедов, М.Тынышпаев, М.Жұмабаев, Ә.Ермеков, Ж.Күдерин, С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин сынды 150 азамат ұшырады. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деп айып тағылып қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен басталған науқан 40 млн-нан астам мал басының қырылуына әкеліп соқты. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. 1 миллион қазақ шет жерге қоныс аударуға мәжбүр болды. Ашаршылық кезінде елімізде 1,5 миллионға жуық адам қаза тапты.
И.Сталин 29.12.1929 жылы колхоздастыру науқанына кедергі келтірген бай-кулактарды тап ретінде жоюды мақсат етіп қойды. 1930 жылы 23 қаңтарда 20 аудан белгіленіп, 20 мың бай-кулакты тәркілеп, көшіріп, теміржолдан шалғай аудандарға қоныстандыру, ол жерлерге сырттан жер аударылып әкелінетін 30 мыңдай кулак отбасыларын орналастыру көзделді.
Қуғын-сүргін жүргізудің құқықтық базасы жасалды. Қылмыстық кодексте 17 контрреволюциялық қылмыстың 12-не өлім жазасы қарастырылды. Актіні тергеу ісіне 10 күн мерзім белгіленді. Қамауға алынғандарға «физикалық əсер ету шараларын» қолдануға рұқсат берілді. «Үштік», одан кейін «Екілік» деп аталатын соттан тыс орган құрылады. «Үштік» құрамына УНКВД бастығы, мүшелігіне партия комитеті басшысы мен прокурор енді. «Үштікке» Қазақстан бойынша НКВД комиссары Л.Залин, Орталық партия комитетінің бірінші хатшысы Л.Мирзоян, халық комиссариаты төрағасы О.Исаев, екінші хатшы С.Нұрпейісов кірді. Ал Алматы облысында ІІБ-ның бастығы У.Шабанбеков, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Ж.Сәдуақасов болған. «Үштіктер» ату, жер аудару, 8-10 жылға лагерьге, түрмеге қамауға шешім қабылдап отырды.
1930-33 жылы голощекиндік ет, астық, т.б. 16 салық түрі, жартылай көшпелі шаруаны күшпен отырықшыландыру науқаны басталады. Ет, астық дайындау жоспарын орындамағаны үшін 1928 жылдың қаңтарынан 1929 жылдың 15 желтоқсанына дейін 52 300 адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, сотталған. Астықтың бірнеше сабағын әкеткені және басқа да болмашы ағаттығы үшін 1932 жылдың тамызынан бір жылда 33 345 адам істі болған.
Қазақстанда 54625 шаруашылық иелерінің мал-мүліктері тәркіленіп, 1931 жылы 5500 байкулак жер аударылды. 22 мың адам қамауға алынды. Қазақстанның мемлекеттік архивіндегі мәліметтерге сүйенсек, 1928 жылғы қыркүйек пен 1929 жылғы ақпан айы аралығында барлығы 114 мың 474 бас мал тартылып алынған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті тізімінде «үштік» шешімімен 90867 адам жазаланып, 25 мыңы атылған немесе жер аударылған. Алматы қаласы бойынша 22597 адам, Шығыс Қазақстан облысында 12366, Қарағандыда 7189, Ақтөбеде 6153, Шымкентте 6766, Солтүстік Қазақстанда 5043, Батыс Қазақстанда 5078, Ақмолада 4350, Қостанайда 4107, Жамбыл, Қызылорда, Павлодар облыстарында 3600-3700, Атырауда 1863, Маңғыстауда 386 адам жазаланған. Бір-бірінің сыртынан арыз жазса болды, тіпті нақты дəлелі жоқ домалақ арыз да негізгі құжат ретінде қарастырылды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивіндегі құжаттарда Алматы облысынан 27 ұлт өкілінен 3846 адам ату жазасына, немесе 3, 5, 8, 10, 25 жылға дейін жер аударуға кесілген. 231 қазақ, 106 орыс, 71 ұйғыр, 40 неміс, 37 кәріс, 11 татар, 6 поляк, 5 дүнген, 3 түрік, 1 өзбек ату жазасына кесілсе, 22 адам 25 жылға сотталған.
1928 жылы қыркүйекте Шелектен Шеру Бейімбетов, Ахмет Дәулетбеков, Дәулетхан Дәркенбаев, Дәулетбек Дәркембаевтың заттары тәркіленіп, жер аударылған. Сондай-ақ, Шелектен 1929 жылы 26 маусымда 58-бап бойынша Арсентий Беспалов, Павел Бортников, Дмитрий Буханцов, Егор Вихрев, Павел Воронов, Иван Гвоздев, Глеб Лапшин, Василий және Терентий Локтевтер, Нефедий Пожидаев, Георгий Ромохов, Андрей Четверкин, Дмитрий Черняков сотталған. Қаражотадан Абай Босымбеков 10 жыл Қарлагта жаза өтеген. 1945 жылы 24 желтоқсанда Іргебай Абайбековты далалық әскери округтың әскери трибуналы 58-баппен 10 жылға соттаған. 1937 жылы жазда Сарытау ауылында 3 баукеспе ұры көрші қырғыз елінен жылқы ұрлап айдап келу үшін колхоздың жұмыс аттарын баққан Бегалы Жангелдіден бір түнге 3 ат бере тұруын сұрайды. Ақысына бір жылқы беретінін айтқан. Бақташы келіспейді. Ерегіскен ұрылар колхоздың егістігіне өрт қойып, Бегалы жаламен өлім жазасына кесіледі.
Жалған жала жауып, халық алдында қаралау саясатын жүргізу барысында газеттер де қолшоқпар ретінде пайдаланылып, ерекше қарқынмен негізсіз жазылған мақалалар қатары көбейеді. Оны «Халық дауысы» айдарымен жариялап, кез келген сын-пікір соңы қуғын-сүргінмен аяқталды. 1937 жылы 22 қыркүйекте «Казахстанская правда» газетінде К.Пуховтың «На поводу у буржуазных националистов» мақаласынан кейін репрессияға ғалым, жазушы, ақын, мəдениет жəне өнер, білім қызметкерлері де ілігеді. 1938 жылы наурыз айының 10-ы күні Қазақстан әскери алқасы арқылы Халық комиссарлары кеңесі төрағасынан бастап, оның орынбасарлары, облыс, қала, аудандық партия комитеттерінің хатшылары, барлығы 650 адам атылады. Шешімдерді жүзеге асырып, режимді нығайту үшін ГУЛАГ, 23 жалпы жəне 11 ішкі түрмеде 2 млн адам орналастырылған.
«Халық жаулары» деп танылған Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов, С.Асфендияров сынды зиялы қауым өкілдерінің жарлары, барлығы 5 мың әйел «Алжир» Ақмола лагеріне 5-8 жыл мерзімге қамалады. Ал, балалары еңбекпен түзету лагерлері мен түрмелерге, балалар үйлеріне жіберіледі. 1938 жылы 15 мамырда И.Сталиннің: «Жұмысты Скворцовқа тапсырып, жаңа қызметке тағайындалу үшін Кремльге келіңіз» деген жеделхаты бойынша қуғын-сүргінді ұйымдастырған республика басшысы Л.Мирзоян Мəскеуге бара жатқан жолда Колоннада 23 мамырда қамауға алынып, 1939 жылы 26 ақпанда Лефортов түрмесінде атылады.
Бүгінде өңі сарғайған құжаттар Қазақстанның «алпауыт əлеуметтік эксперимент» полигоны болғанына дәлел. Тоталитарлық жүйеде адам құқығы аяққа тапталып, қуғын-сүргіннен есін жинай алмай жатқанына қарамастан қазақ халқы тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлысты бауырына басты. Бүгінде жазықсыз жапа шеккендердің есімдерін еске алып, құрмет тұту – парызымыз. Бұл тарихтан тағылым алып, биік мақсатқа бет алған халықтың ұлағатты ісі.
Нұрлан ЕРДӘУЛЕТҰЛЫ,
өлкетанушы Еңбекшіқазақ ауданы