Парламент Мәжілісі бүгін “Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы” заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасы туралы баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров заң жобасының мақсаты онлайн-платформа және онлайн-жарнама мәселелерін құқықтық реттеу екенін айтты.
«Заңның міндеті – әлеуметтік желіде болып жататын буллинг, азаматтарды қорлау тәрізді келеңсіз фактілерден, қаржы пирамидаларынан Қазақстан азаматтарын қорғай отырып, елімізде саяси сепаратизм мен экстремизмнің алдын алу. Аталған заң жобасының басты ерекшелігі – онлайн платформаларды реттеудің халықаралық стандарттарына сәйкес келеді. Заңды қабылдау жұмыс тобына Мәжіліс депутаттарымен қатар мүдделі мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, сарапшылар қауымдастығы өкілдері, әлеуметтік желіні қолданушылар енді», – деді депутат.
Мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда 7 маусымда мақұлдаған. Құжат осымен Парламент Сенатының қарауына жіберілді.