Күй адам жанын тебірентеді, бар ықыласымен тыңдаған жанды керемет сезімге бөлейді. Көшпелілер заманында да солай болған, бүгін де солай. Домбыра бағзы дәуірден бері қазақ халқымен бірге жасап келеді. Адамдар оны қайғыда да, қуанышта да қолынан түсірмейді. Сыңғырлаған домбыраның қоңыр үні халқымыздың тарихын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келеді. «Қазақтың ұяты күйінде ғана қалды» деген Мұхтар Əуезовтің дана тағылымы күй өнерінің қаншалықты қадір мен қасиетке ие екендігін ойға салса керек.
Еңбекшіқазақ ауданы Шелек ауылындағы Балалар өнер мектебінің 3-сынып оқушысы Амангелді Қожабек жақында өткен – «International borovoe grand royal festival – 2023» атты Германия және Ресей елі ұйымдастырған халықаралық байқаудың Гран-При иегері атанды. Қасиетті қара домбыраны жастайынан жанына серік еткен өнерлі жас бұған дейін де бірнеше байқаулардың жеңімпазы атанып үлгеріпті. Соның ішінде айта кетсек, Халықаралық «Шабыт» көпжанрлы өнер байқауының Бас жүлде иегері, халықаралық «Жарық жұлдыз» балалар өнер байқауының, халықаралық «Mega konkurs» көпжанрлы балалар өнер байқауының, «Жас жұлдыз» атты республикалық балалар мен жасөспірімдер арасындағы өнер байқауының, «Көктем шуағы» атты республикалық өнер байқауының 1-орын иегері атанған. «Өнер әкенің қанымен, ананың сүтімен дариды» демекші, қаршадай балаға қара домбыраны бебеулететін қасиет нағашы атасынан дарыпты. Атасы домбырамен әуелете ән салып, күмбірлетіп күй шерткен. Ал Амангелді құндақтағы сәби шағынан сол бір ғажап өнерге құмартып өссе керек.
– Алғашқы ұстазы – Думан Иманбаев Амангелдіге домбыраның қыр-сырын білдіріп, 3 жылда көптеген күйлер үйретті. Балама қасиетті қара домбыраның әліппесін оқытқан Думан Жұматайұлына шексіз алғыс айтамын! Ұлым қазіргі таңда жаңа ұстазы Айдар Айтжановтың шәкірті. Осы жетекшілерінің арқасында бірнеше халықаралық және республикалық байқаулардың биігінен көрінді. Амангелдінің алдыға қойған мақсаты Құрманғазы атасына ұқсаған керемет домбырашы болу. Сонымен қоса, өзі де келешекте жетекші болып, балаларға қазақтың қара домбыраның құлағында ойнатуды армандайды, – дейді Амангелдінің анасы Кәмшат Тілеубаева.
Амангелді Қожабектің алғашқы ұстазы Думан Иманбаев жас жеткіншектің күйге аса ден қоятындығын айтады. Ұстазының сөзінше, бала домбырашы күйдің терең иіріміне бойлап, сиқырлы саздың құдіретін бойына сіңіруге күш салады екен. Амангелді Қожабек көбінде Құрманғазы Сағырбайұлы мен Нұрғиса Тілендиев сынды дәулескер күйшілердің шығармасын шертеді. Күй десе ірке алмайсың бұл қазақты: оқылмай намаз қапты, дұға қапты. Кәрілер күй естілген үйге толып, Жабықтан келін-кепшік сығалапты, – деп Жұмекен ақын жырлағандай, саф өнеріміздің сара жолын жалғап келе жатқан жас дарынның болашағы жарқын болғай.
Ерзат Асыл,
Еңбекшіқазақ ауданы