Қазақтың ұрпақтан-ұрпаққа мұра болған қара домбырасын дәріптеу жолында еңбек етіп келе жатқан азаматтарымыз аз емес. Солардың бірі – домбыра жасаушы шебер Азат Үзенбаев. Ол бала кезден қолөнерге бейім болып, түрлі бұйымдар жасап машықтанды. Соның ішінде ат әбзелдерін, ер тоқым, жүген, құйысқан, қамшы, тартпа жасаумен айналысты.
Қолөнердің арқасында үйге керекті заттар – есік терезе, шкаф, қолжуғыш, үстел, орындық, тағы басқа да бұйымдар жасаудың шебері болды. Ол жасаған заттардың арасында домбыра аспабы ерекше орын алады.
– Біздің қазақ екенімізді көрсетіп тұратын бірден-бір аспап ол – домбыра. Сол себепті оны әрлегенде де ұлттық нақышқа ерекше мән беремін. Ойлап тапқан домбыра құрастыру қалыптарым да өте күрделі. Қазіргі тілмен айтқанда механикаландырылған, – деген Азат Жапсарбайұлы домбыра жасау жолдарымен де бөлісті.
– Біздегі домбыралар өзімізде өсетін ағаштан дайындалады. Көкшетау, Павлодар жақтың қайыңы, шығыстың қарағайы, Тянь-Шань тауының шыршасы қолданылады. Тянь-Шань шыршасы өте бағалы. Сол себепті шетелдіктер де аспап жасау үшін Тянь-Шань тауының ағашына сұраныс береді. Өйткені, аталмыш шыршаның музыка аспабына дыбыс беру қасиеті өте жоғары. Тянь-Шанның ең биік нүктесі Мұзтауда өскен ағаш өте тығыз болады. Бірақ, баяу өседі. Мұндай шыршада сары шайыр өте аз болады. Ал шайыр әдетте бірде ыстық, бірде суық жерлерде өскен өсімдікте кездеседі. Домбыра сыры тек шеберге аян, – деп, домбыра жасаудағы өз шеберлігі мен құпиялары жайлы ой толғады.
Азат Жапсарбайұлы1992 жылы домбыра жасау шеберлігін шыңдау үшін Алматы қаласына келген. 1996 жылы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдық торқалы тойына орай домбыра жасау сайысының жүлдегері болған. 1998 жылы Еңбекшіқазақ ауданынан шеберхана ашып, бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп келеді. Еселі еңбегінің арқасында Алматы қаласында өткен «Үкілі домбыра» байқауының екі мәрте жеңімпазы болып, былтыр Қазақстан Республикалық телерадиокорпорациясы Нұрсұлтан қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырған байқауда «Үздік шебер – 2022» номинациясын жеңіп алды.
«Өнерлінің қолы алтын, өлеңшінің сөзі алтын» дейді дана халқымыз. Шебер домбырамен қатар астау, керсен, тостаған сынды халқымыздың ұлттық ыдыстарын, қазақы сандықтарды ағаштан әрлеп жасайды. Қолына тиген доғал ағашты әп-сәтте әдемі бұйымға айналдырып жіберетін ұста домбыраның құлағында ойнамаса да, төл өнерге деген жанашырлығы мен құрметі зор. Шебердің жасаған қоңыр үнді домбыралары талай танымал күйші-термешілердің қолында күмбірлеп жүр. Көненің көзі саналатын киелі қара домбыраның әлеуетін асырып жүрген шеберге еңбегі жемісті болып, кәсібінің қанаты кеңейе берсін демекпіз.
Айнұр Нұржақып