Дәл осындай атпен Ұйғыр ауданында тіл фестивалі өтті. Аудандық Мәдениет үйінің алдына тіл жанашырларының, тіл мамандарының кітап көрмесі жасақталды. Қазақтың ақшаңқан киіз үйі мен ұйғырдың бараңы да осы жерден орын алды. Ұлттық киімдерін киген сан этностың өкілі де шоғырланыпты. Аудандық Мәдениет үйі жанындағы «Жазерке» және «Арзу» ансамблінің мүшелері тақырып аясында арнайы шығармаларын орындап, жиналған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Бұдан кейін шараның негізгі бөлімі басталды. Ауданға арнайы атбасын бұрған қонақтар таныстырылды. Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Данияр Ахметов, аталмыш басқарманың бөлім басшысы Нұрмаман Оқас және облыстық «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының басшысы Қуаныш Амантай фестивальге өз бағаларын беру үшін әділқазылар алқасының мүшелері болды.
Тіл фестивалінің алғашқы құттықтау сөзін аудан әкімінің орынбасары Ерасыл Толымбекұлы алды. Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл – ұлттық құжатымыз, тіл – кісілік келбетіміз. Саяси тұрақтылықтың да негізгі кілті тілде жатыр. Себебі, тіл – қай ұлттың болмасын тарихы мен тағдыры, тәлімі мен тәрбиесінің негізі, ең құнды байлығы екендігі сөзсіз. Қазақ тілі –ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған баға жетпес асыл мұрамыз. Ол талай тарих сынынан өтті. Ғасырдан ғасырға сүрінбей жетті. Дүние жүзіндегі ең бай, бейнелі, таза, өткір, терең, күшті кең тіл ретінде саналатындығын деректермен жеткізіп, облыстық тіл фестивалінің ашылуы біздің ауданнан бастау алғандығын жақсылыққа балап, жабылуы да біздің өңірде өтетіндігіне мақтаныш сезімін жеткізді. Фестиваль қонақтарын шынайы пейілімен құттықтады.
Фестиваль аясында тіл жанашырлары сый-сияпатқа, марапатқа ие болды. Атап айтсақ, «Үздік бейне ролик – 2025» номинациясымен Ұйғыр ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Рысбек Алпаров, «Тіл майталманы – 2025» номинациясымен аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Сәдіұлы, «Тілге жанашыр кәсіпкер – 2025» номинациясымен «Laffa» кафесінің басқарушысы Салтанат Берікжанқызы, «Тіл шебері – 2025» номинациясымен аудандық «Қарадала тынысы – Қарадала нәпәси» газетінің бас редакторы Анар Дүйсенбайқызы арнайы ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Сахна төріне Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқарма басшысы Данияр Ахметов шығып, тіл фестивалін өткізудегі мақсат, мүддені түсіндіріп, қазақ тілінің көркемдігін әдемі сөздерімен жеткізді. Аудандық «Ұрпақ парызы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнет Сәдіұлы қазақ тілінің ең бай тіл екендігін, оның шұбарлануына жол берілмейтіндігін, ұрпақтан ұрпаққа ана тілімізді саф таза күйінде қалдырайық деген ойын ортаға салып, өзінің жүрек түкпірінен шыққан өлеңін көпшілікке арнады. Илья-Бахтия (Молотов) атындағы №3 орта мектебінің оқушысы Интизар Мунаждинқызы қазақ тіліне деген құрметін жеткізді.
«Қарадала» халық театрының «Тіл тағдыры – ел тағдыры» атты сахналық қойылымы көрерменді толқытты. Міржақып, Ахмет, Әлихандардың бейнесін сомдаған театр әртістері жан дүниелерін ақтарды. Алаш арыстарының осы тіл үшін, ел үшін бастарын бәйгеге тігіп, қазақтың қамы үшін атылып, асылып кеткенін бүгінгі ұрпақ ұмытпауы керек. Олар салған сүрлеу жол – дара болуы тиіс. Олар жаққан шырақ сөнбеуі қажет. Олар ұлықтап, аманаттап кеткен ана тіліміз тұғырынан таймауы қажет. Бұл шарадан біз осыны ұғындық. Аудандық Мәдениет үйіне жиналған 300-ден астам көрермен де көкейіне осыны түйгеніне сенімдіміз. Демек, фестиваль өзі діттеген мақсатқа жетті. Тіліміз тағынан түспесін деп тілеп, тарқастық.
А.Қаби
Ұйғыр ауданы